Кене қауіп төндіріп тұр
Көктем мезгілі басталған уақытта әр түрлі жәндіктер қайта түлейді. Солардың ішінде, кене – адам денсаулығына қауіпті жәндіктердің бірі. Себебі, олар аса қауіпті Конго Қырым геморрагиялық қызба ауруын тасымалдаушы болып табылады. Табиғат пен адам егіз ұғым болғанымен, кейде адамның табиғатқа, табиғаттың адамға зияны тиіп жататын тұстары болады. Жыл сайын күннің жылынуымен қатар кенеден төнер қатер арта түседі.
Осы ретте ауданда тіркелген жағдай мен қауіптің алдын алу мақсатында аудан әкімі Талғат Нұртазаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында өткен жылдардағы және биылғы есеп нақтыланып, кене шағу оқиғасы бойынша маңызды мәселелер сөз етілді. Мәжіліске облыстық санитарлық эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанкелді Шайымбетов, санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Жанар Жетілгенова, денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Раушан Бақтыберлина, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері онлайн түрде және тиісті мекеме басшылары қатысты.
– Ағымдағы жылы аудан бойынша Конго Қырым геморрагиялық қызба ауруына қолайсыз деп танылған тоғыз елді мекен анықталды. Аталған елді мекендерде тұрақты түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Десек те, қауіптің беті қайтпай тұр. Жергілікті тұрғындар арасында кене шағу жағдайлары орын алуда. Биыл 37 адам дәл осы жағдайға тап болса, оның ішінде екі болжамды жағдай және бір нақтыланған жағдай тіркеліп отыр, – деген аудан әкімінің орынбасары тазалыққа аса мән беру керектігін атап өтті.
Алғашқы сөз облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Мүтәліпқызына берілді. Кененің аса қауіпті жәндік екенін түсіндіріп өткен маман бүгінгі таңда өзекті болып тұрған мәселеге тоқталды.
– Жыл сайын түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, жыл сайын залалсыздандыру жұмыстары да кезектілікпен іске асады. Бірақ неге жыл сайын кене шағу жағдайы тіркеледі? – деп сұрақты ветеринария саласының мамандарына бағыттады. Одан кейін залалсыздандыру жұмыстарының қаншалықты деңгейде жүріп жатқанына назар аударды. Бұл ретте тиісті сала мамандары кей тұрғындардың залалсыздандыру жұмыстарына кедергі келтіріп, рұқсат бермейтінін жеткізді.
– Кене – табиғаттың бір жаратылысы, оны табиғаттан біржолата жойып жіберу мүмкін емес. Бірақ одан қорғануға, қауіптің алдын алып, зиянды жәндікті азайтуға атсалысуға болады. Күні кеше С.Сейфуллин ауылдық округінде аса қауіпті әрі жұқпалы Конго ауруның бір жағдайы тіркеліп отыр. Былайынша айтқанда жай түсіндірме жұмыстары сияқты қабылдауларыңыз мүмкін. Бірақ бұл өте қауіпті нәрсе. Биыл кененің белсенділігі жылдағыға қарағанда жоғары болып тұр. «Ауруын жасырған өледі» деген бар. Егер де кене шағуға ұқсас белгілер байқалса, дер кезінде медициналық көмекке жүгінген жөн. Кене уы ағзаға енді тарап жатқан кезде, мүмкін, пациентке көмектесуге болады. Ал у толық жайылған кезде, жағдай қиындай түседі. Сондықтан дене қызуы, кене жабысу сияқты жағдайлар болса, бірден дәрігерге тексерілген дұрыс. Одан бұрын мал қора мен мал-жайдағы тазалыққа аса мән беру керек. Кененің нағыз көбейетін жері – күл-қоқыстың арасы. Сондай жерде кенелер ұялап, ұзақ уақыт өмір сүреді. Оны болдырмас үшін қораны уақытылы тазалап, одан кейін тиісті мамандарға залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге кедергі келтірмеу керек, – деді Ә.Әбдіқайымова.
Содан кейін облыстан келген сала мамандары мәселеге қатысты ақпарат беріп өтті. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала мамандарына қатаң тапсырма беріп, түсіндірме, қауіпсіздік жұмыстарына баса мән беріп жүргізу қажеттігін қайталап өтті.
Одан кейін облыстан келген арнайы мамандар аудандық аурухана қызметкерлерімен семинар әрі медициналық кеңес өткізді. Қызылорда облысының СЭБ департаменті және денсаулық сақтау басқармасының басқармасының басшы орынбасарлары, бөлім басшылары Сырдария аудандық емхана акт залында медицина қызметкерлері арасында КҚГҚ ауруының алдын алу барысы, аудан бойынша нақтыланған КҚГҚ жағдайына қатысты атқарылған шараларды талқылады.
Айта кетейік, аудан бойынша 2023 жылы аса қауіпті Конго Қырым геморрагиялық қызба ауруын жұқтырудың жоғары қауіпі бар, табиғи ошақтар санатына жататын 9 елді мекен белгіленіп отыр. Сондықтан тұрғындар сақ болғаны абзал.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ