Кенеден келер қауіп көп
Табиғат пен адам егіз ұғым болғанымен, кейде адамның табиғатқа, табиғаттың адамға зияны тиіп жататын тұстары болады. Осы тұста, жыл сайын күннің жылынуымен қатар кенеден төнер қатер де арта түсетіні анық.
Көктем мезгілі басталған уақыттан әртүрлі жәндіктер қайта түлейді. Солардың ішіндегі кене – адам денсаулығына қауіпті жәндіктердің бірі. Себебі олар аса қауіпті Конго Қырым геморрагиялық қызба ауруын тасымалдаушы болып табылады. Кененің шағуы арқылы берілетін жұқпалы аурулар басым жағдайда жыл мезгілінің көктем-жаз айларында кездеседі. Кейбір кенелердің ағзасында өмір бойы сақталатын қауіпті жұқпалы ауруларды тарататын вирустар болуы мүмкін. Жәндік адамды шаққанда вирустар адам ағзасына еніп, нәтижесінде өте қатерлі Конго Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы дамиды.
Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында жыл сайын облыстық зоопаразитологиялық топ мамандарымен аудан көлемінде орналасқан елді мекендерге толығымен барлау жұмыстары жүргізіледі. Барлау нәтижелері бойынша кенелердің түрлері мен қауіптілігі айқындалады. Аудан көлемінен 2100 дана кене жиналып, сынама дайындалып, зертханалық жолмен тексерілген. Оның ішінде, 16 сынамадан «оң» нәтижелі болып, кенелердің КҚГҚ вирусымен зақымданғандығы анықталған. Яғни, біздің ауданымызда КҚГҚ ауруының қоздырғышын тасымалдаушы кенелер бар деген сөз. Өткен жылы 17 адам кене шағуымен тіркеліп, тиісті іс-шаралар жүргізілген болса, есеп беру жылында кене шағу жағдайымен 37 адам тіркеліп, есепке алынып, қадағалануда. Бұл ақпарат арқылы халықты дүрліктіру мақсатымыз емес. Тек сақтансаң, сақтайтынын естен шығармаған абзыл. Кененің барлық түрінде улы вирустар бола бермейді. Десек те әр кене шағу жағдайын жіті бақылап, қауіптің бар-жоғына дер кезінде көз жеткізу керек.
Зоолог-паразитолог мамандарының болжамына сәйкес, ағымдағы жылы иксодты кенелердің сан көрсеткіштері жоғары болуы мүмкін. Өйткені, кенелердің асыраушысы болып табылатын мал бастарының көбеюі, олардың кеңінен таралуына ықпал етеді. Сонымен қатар елді мекендер төңірегінде үлкен құмтышқан шоғырлары жанданып, кеміргіштердің көптеп қоныстана бастауы да кенелердің өсіп-өнуіне өте қолайлы жағдай туғызуда. Ауа райының жылынуы кенелердің ерте оянуына ықпалын тигізуде.
– Облыс көлемінде соңғы жылдары аса қауіпті Конго Қырым геморрагиялық қызба ауруының нақтыланған түрі жиі тіркелуде. Кене адам денесіне жабысқаннан кейін қадалатын жер іздеп ұзақ уақыт жүреді. Содан соң шапқа, қолтық астына, мойынға, кеудеге жабысуы мүмкін. Бір ерекшелігі, адам кененің шаққанын дәл сол мезетте сезбейді. Себебі, кене қадалған жерін жансыздандыратын сұйықтық бөліп шығарады. Тек 2-3 күн өткеннен кейін ғана кене жабысқан жер қызарып, ауыра бастайды. Вирус адам ағзасына енгеннен соң көпке дейін білінбей өсіп қан тамырларын зақымдайды. Әр адамның ағзасының ерекшелігіне байланысты аурудың жеңіл және ауыр түрде өтуі мүмкін. Сырқат дене қызуының көтерілуімен басталады. Науқастың басы қатты ауырады. Бүкіл денесі әлсіреп, қызарады да, терісінде бөртпе пайда болады. Терісінде ине шаншыған немесе шымшыған жерлерде бірнеше минут ішінде терісінде көгеру пайда болады. Көзінің айналасы қызарады, 3-4 күннен кейін мұрыннан, асқазаннан, ішектен, әйел адамдарда жатырдан қан кетеді. Бұл кезең өте қауіпті, ауру адам өліп кетуі де мүмкін, – деп сипаттайды ауру белгілерін Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшы орынбасары Құралай Омарова.
Аудан бойынша 2023 жылы аса қауіпті Конго Қырым геморрагиялық қызба ауруын жұқтырудың жоғары қауіпі бар, табиғи ошақтар санатына жататын 11 елді мекен белгіленіп отыр. Бұл елді мекендерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары мерзімді кезеңдерде жүргізіліп келеді.
Бұл ретте, тұрғындарға да аса жауапкершілік жүктеледі. Себебі жайылымдар мен суаттарға, мал тоғыту ванналардың жан-жағына, мал қораларға, мал бастарына залалсыздандыру жұмыстарының сапалы, тиімді, нәтижелі болуы мал қораның, аймақтардың таза болуына тікелей байланысты. «Жауапкершілік үй иелеріне жүктелгендіктен мал қораларыңызды таза ұстағандарыңыз абзал» деп ескертеді мамандар. Осы орайда, аталған аурудың алдын алу мақсатында аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма мамандары тарапынан бірлескен бұйрық шығарылып, жұмысшы топ құрылып, аудан тұрғындары арасында насихаттау жұмыстарын жүргізу қолға алынғанын айта кеткеніміз орынды.
Конго Қырым геморрагиялық қызбасы ауруын жұқтырмау үшін бірінші кезекте сақтық шараларын білген жөн. Арнайы мамандар далада, мал қорада жүргенде жеңі ұзын, барынша жабық киім кию, оған қоса киімнің түсі ашық болуына көңіл бөлу керек екенін ескертеді. Себебі ақ түсте кенелер тез көрінеді. Табиғатқа шыққанда арнайы дәріне пайдаланған жөн. Киімге немесе денеге жабысқан кенені анықтау үшін даладан келгенде үсті-басын мұқият тексеру қажет. Сонымен қатар мал сою, қақтау, қырқу, күту кезінде арнайы киімдерді киіп, қолғаппен жұмыс жасау керек.
Егер денеде кененің жабысқанын байқасаңыз, жалаңаш қолмен жұлып алмай, қысқышпен немесе жіп орап алу арқылы алып, орнын йод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандыру керек. Және де аумақтық медициналық көмекке жүгіну міндетті.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ