Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Лагерьдегі бір күн

Лагерьдегі бір күн

Жадыраған жаздың демалыс маусымы басталысымен кент сыртындағы «Жалын» сауықтыру лагерінің тыныс-тіршілігімен танысу үшін лагерьге аттандық. Біздер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері, болашақ журналистер редакция тапсырмасымен айналасы жасыл желекке оранған лагерь қақпасына кірдік.

Ауасы таза, балалардың шат-шадыман көңілі жүре­гіңе жылы әсер етеді екен. Балалық балдәу­рен шағымыз еске түсіп, осын­дай керемет жерде тыныққанымыз есіміз­ге түсті. Жалпы лагерьдің жағ­­дайы көңіл қуантарлық­тай екені көзге ұрып тұр. Кіреберістен бізді қарсы ал­­ған лагерь гиды ең алды­мен сауықтыру лагерінің та­рихымен таныстырды.­ Лагерьдің негізі өткен ға­сыр­дың 1988 жылы қа­ланған, балалар­дың ден­­саулығы үшін Қалған­дария көлінің жағасында, таби­ғат аясында ор­наласқан. Жобаның қуатты­лығы 130 орын­ға негізделген. Тұрғын үй жайлары қаз-қатар тізілген. Оның 9-ы жатын ғимарат, 1 медициналық бекет. Ғимараттардың көркі, тазалығы көз сүйсінтеді. Барлық үй-жайлар қажетті жиһаздармен, құрал-жабдықтармен, тазалық бөлмесімен жабдықталған. Сонымен қатар еңсесі биік 130 орындық асханада лагерь тынығушылары 5 мезгіл тамақтанады.

Тынығушылар жас тілшілерді көре салысымен құшақ жая қарсы алды. Маусымның басталғанына 5-6 күн өтсе де іштері пыс­пағаны, бір-бірімен достасып, үйренісіп кет­кендері ұйымшылдықтарынан-ақ көрініп тұр. Орталарынан өзінің елгезектігімен көзге түс­кен Томирис Ернатқызы лагерь жөнінде ақ­парат беріп, өзінің тынығу барысындағы әсе­рімен бөлісті.

– Біздің лагерьде 8 топ, оның ішінде 112 бала демалу үстінде. Және де 8 үйірме, сондай-ақ «Шаңырақ» алаңы жұмыс жасауда. Балалардың бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізу мақсатында көптеген іс-ша­ралар, спорттық ойындар өткізіліп, топтық жұмысқа баса назар аударылады. Лагерьдің керемет жерде орналасуы, оның таза ауасы, әрбір тынығушының рухани дамуы үшін ұйымдастырылатын іс-шаралар менің осы лагерьді таңдауыма себеп болды, – дейді «Жасұлан» тобының мүшесі Томирис.

Тағы айта кететін жәйт, жеткіншектердің ынтасын әрі ойлау қабілетін дамыту, қызы­ғушылығын қалыптастыру мақсатында шахмат, қалдық заттардан керек дүние жасау, қыздар игілігіне тоқыма тоқу, бұйым жасау сынды үйірмелер ұйымдастырылған. Бастысы, лагерьде балалардың қауіпсіздігіне аса мән беріледі.

Күні бойы тынығушылармен бірге бол­ған уақытта ойға түйгеніміз, сырда­рия­лық тынығушылар үшін жайлы орта қа­лып­тасқаны әрі лагерь керек-жарақтың барлы­ғымен жабдықталғанына қуандық. Тәр­бие­­шілердің мейірімді әрі жұмысына адал­ды­ғына риза болдық. Алдағы уақытта алты ауысым бойы өз тынығушыларын құша­ғын айқара ашып, қарсы алатын лагерь ұжы­мына сәттілік тілейміз.

Мерей ЖАЛҒАСБЕК,
Мадияр БАҚЫТБЕК,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университеті
журналистика факультетінің
1-курс студенттері

10 маусым 2023 ж. 254 0