Еңбегіне қарай өнбегі...
Дана халқымыз «Қыстың қамын жаз ойла» дейді. Сол айтқандай, аудан халқы көктем шығысымен-ақ егін егуге қамданды. Ата кәсіп болған Сыр дақылынан бөлек сырдариялықтар бақша дақылдарын егуде биыл белсенді. Себебі, базар бағасында тұрақтылық сақтала бермейді. Сондықтан қыс азығы болатын сәбіз, картоп және басқа да бақшалық дақылдарды егіп, жаздай еңбектенсе, қысқа қамданып алары анық.
Ауданда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев әр ауылға әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін қосымша жер дайындау туралы тапсырма берген болатын. Соған орай ауданға қарасты елді мекендерде аяқ су мәселесі шешіліп, бақшалық жерлер дайындалуда. Ол жерлер бақша дақылдарын егу үшін елді мекен тұрғындарына үлестіріліп берілген.
– Аудан тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында шаруашылық құрылымдары тарапынан ауыл тұрғындары үшін егіс алқаптарынан қосымша жерлер ашылуда. Соған сәйкес, бүгінгі күнге аудан бойынша 200 гектар бақшалық жер дайындалды. Оның 132 гектары 880 отбасыға бөлініп беріліп, бүгінде 67 гектарға картоп, 15 гектарға көкөніс, 50 гектарға бақша дақылдары егілді. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданға қарасты әрбір ауылда жүзеге асырылып жатыр, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков.
Бөлім басшысы айтқандай, елді мекендердегі бақшалық жерлердің ашылуына ауылдардағы кәсіпкерлер мен шаруашылық құрылымдары мұрындық болуда. Көп жылдан бері түрен түспеген жерлер ашылып, оған аяқ су жеткізу үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан арнайы насостар алынып берілген.
Дана Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаса керек. Бақшалық жерлер дайындалғаннан кейін ауыл тұрғындары өздеріне тиесілі жерді бөліп алып, білек сыбана еңбекке кіріскен. Осы уақытқа дейін картоп және басқа да бақша өнімдерін егіп алып, енді оның бап-күтімін жасамақ. Ала жаздай суарып, отағын отап, күзде несібелерін жерден алмақ. Еңбегіне қарай өнбегі... Күз берекелі болсын дейміз!
Е.ЖАППАРБЕК