Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолға су құю әдебін жаңғыртсақ

Қолға су құю әдебін жаңғыртсақ

Ұлтымызда ұрпағын тазалыққа, иман­дылыққа тәрбиелейтін керемет дәстүр­лер бар. Соның бірі – қолға су құю дәс­түрі. Бұрындары үйге мейман келсе, алдынан құманын алып қолға су құюға асығатынбыз. Әсіресе, бұл жауапты жұмысты үйдің кенже ер баласы атқаратын. Анамыз құманға жылы су құйып дайындап беретін. Үнемі қолға су құюдың да өз әдебін түсіндіріп, бір қолына құман, екінші қолға леген, мойнына сүлгі іліп, суды үзіп-үзіп құйып, үлкенге қызмет етуге үйрететін.

«Балам, қонақтар отырған бөл­менің оң жағынан бастап шетінен барып қолға су құясың, суды абайлап, сарылдатпай, үзіп-үзіп құю керек, кемінде үш рет осылай құясың, тағы да құя бер десе ғана тағы да суды құясың» деп әбден түсіндіріп, жа­уапты миссияны атқаруға жіберетін. Баласын меймандарға қызмет етуге жіберуін жіберіп, артынан өзі бақы­лап тұратын анамыз баласына берген батаға риза болып «әумин» дей­тін. Міне, бұл үлкен тәрбие мектебі.

«Батаменен ел көгерер» дегендей, батаның ешқандай артық­шы­лығы болмайды, адамның ризашы­лы­ғын алып, мәз болып, көңілі мар­­қайып қалатын бала келесі жолы да үлкендердің қолына су құюға асы­ғып, алдын ала дайындалып тұруды әдетке айналдырады. «Қатарыңның алды бол!», «Көп жаса!», «Үлкен жі­гіт бол!» деп алғысын жаудыратын қариялардың сөзі ер балаға жігер бе­ріп, шабыттандыратыны сөзсіз.

Қолға су құюдың әдебі туралы көз­­көрген қариялардан естіген әң­гі­ме­леріміздің бірі «Неліктен суды үзіп-үзіп құю керек» деген сауалға жауап ре­тінде мына әңгіме есімізде қалыпты.

«Марқұм болған кісіні, мүрдені жуындырғанда қолбақырдағы суды таусылғанша үзбестен құяды екен. Міне, үзбей құюдың сыры осында болса керек, жаман ырымға балап, суды үзіп-үзіп құю керек» дейтін қа­риялар.

– Қазір адамдар қолға су құй­майтын болды. Құдайы аста, тойда күн жылыда сыртта қаз қатар тізіп қоятын қолжуғыштар қолға су құю қызметін атқарады. Ауызда тұрған үй иесі «орыс келінге барыңыздар, қол жууға» деп үлкендерге дейін жол нұсқап тұрады. Сырттан қарағанда еш әбестігі жоқ секілді, дегенмен, салт-дәстүрімізде құманмен қолға су құю дәстүрі бар екенін ұмытпаған жөн. Үлкен кісілерді сыртқа шығарып әуре қылмай отырған жеріне барып қолға су құю – қазақтың ұлттық дәстүрі. Бұл бір жағынан бата алудың бірден бір жолы. Біздің үйде әлі күнге дейін осы дәстүрді ұстанамыз. Қолға су құятын құман, леген дайын тұрады, балаларым бата алып, мәз болады, – дейді ұлағатты ұстаз Жанар Серікбаева.

Негізінен, қолға су құю дәстүрі Сүлеймен пайғамбардан қалған дей­ді аңыздарда. Пайғамбардың әкесі Дәуіттің отыз ұлынан айрылып қан жұтқаны есіңізде болар. Сонда Алла Тағала Дәуіт пайғамбарға тағы бір ұлды болуды нәсіп етеді. Қуанышты хабарды жеткізуге келген Жебірейіл періште:

– Әй, Дәуіт! Алла саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ шарты сол: «Ол балаң­ның қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба?» – дейді. Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да ризамын», – деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды. Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдына қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар: «Ғұмыр жасың ұзақ болсын!», «Құдайдың сүйікті құлы бол!», «Басыңнан бақ, астыңнан тақ кет­­песін!», «Әділ патша бол!», «Екі дү­ниенің сырын біл!», «Дұшпаныңа қатал, досыңа адал бол!», «Ғалым бол!» деп, тоқсан тоғыз түрлі ті­лек айтып, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұға­на­сы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер же­теді. Бір күні Дәуіт Ұлық Аллаға:
– Уа, Аллам, маған ұлыңнын қы­зығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет? – деп сұрайды. Сонда Ұлық Алла:

– Рас айтасың. Сүлейменнің пеше­несіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ, зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаздырды, батасын жаудырады. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұза­рады. Менің бір есімім – Халық. Ендеше, халық тілеген қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бас­тап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз ғаламға патша қыламын, – деді.

Содан бастап Сүлейменге дары­ма­ған керемет қалмапты деседі. Осы­ған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі Сүлеймен» деген сөздер ел арасында таралыпты.

Міне, Сүлеймен пайғамбардан ке­ле жатқан дәстүрді ұмытпай, қайта жаңғыртып, үйіңізге қонақ келсе, жас балаңыздың қолына құман мен сүл­гі беріп: «Үлкен кісілердің батасын ал» деп жөн сілтесеңіз, балаңызға берілген бата қабыл болады. Ата-анамыз бізді осылай тәрбиеледі. Ен­дігі кезекте біздің ұрпағымыз да сол дәстүрді жалғастырып, алғыспен сусындаса, еліміз де, еріміз де арымас деген ойдамыз.
Бұрындары үлкен қарты бар үйге ауылға сырттан келген адамдар арнайы іздеп барып батасын алған. Бұл да дәстүр. Көпті көрген қариялардан бата сұрауды жақсы ырым деп біліп, алыс сапарға шыққанда батасын алып қалуға тырысқан. Соңғы кезде баласы үлкен істің басында тұрғанда немесе мектеп бітіріп, ҰБТ сынағына барарда міндетті түрде киелі орын­дарға зиярат етіп, ата-баба рухына тағзым етеді. Ауыл-аймақтағы жа­сы үлкен кісілерден бата алып, жолға шығады. Дегенмен қиналған сәт­те ғана ата-баба дәстүрін есімізге түсі­ре­тініміз өкінішті.
Жүрегімізге иман үйіріп, үнемі жа­дымызда жақсы ние­­тімізбен осы сал­тымызға берік бол­сақ нұр үстіне нұр­ болар еді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден
23 мамыр 2023 ж. 329 0