Қолға су құйған кішірейіп қалмайды
Ауылымыздағы Абыз атаны танытмайтын ауыл, аудан жоқ. Тіпті, қаладағы ағайындары да шақыртып жатады. Ол кісінің білімділігіне теңесетін жан жоқ. Ал байлығында есеп жоқ. Оның аты аталған кезде қандай мәселе болса да әп-сәтте шешімі табылады. Абыз атаның ықпалымен көптеген ауылдар ауыз сумен, көгілдір газбен, қара асфальт жолдармен қамтылған. Абыз атамыздың аты естілетін ауылдың бәрінде қос-қостан балабақша, кең орынды мектеп бар. Оның сөзі өтімді, өте сыйлы кісі. Ал атадан тараған ұрпақтары да баршылық.
Абыз ата 6 ұлына да жоғары білім әперіп, жақсы қызметке орналастырған. Балаларының бірі депутат болса, енді бірі ірі кәсіпкер. Ал олардың балалары да бүгінде ержетіп, жоғары қызметке араласып жүргенін естіп жүрміз. Атаның немерелері қалада туып өссе де ауылдың тәліміне қанық, тәрбиесін бойына сіңірген. Келіндері бір тал шашын көрсетпей келістіріп орамал орайды. Ал ұлдары мен немерелері ауылға келіп, ағайындарға арнайы барып сәлем береді. Бұл тектіліктің, көргенділіктің белгісі деп Абыз атаның отбасын бізге үлгі етіп отырады әжем.
— Жылда жеңіс мерекесінің қарсаңында Абыз атаның ұл-қыздары ауылға келіп ас береді. Соғыста шейіт болған марқұмдардың әруағына арнап құран бағышталады. Жиынға айналадағы ауыл-аймақтағы қарияларды арнайы көлікпен алдырады. Қаладан да ықпалды азаматтар келіп, асқа қатысады. Қазан-қазан тамақ пісіріліп, қымыз бен қымыран тартылады. Түрлі ұлттық ойындар ойнатылады. Соңында «Риза болыңыз» атты қайырымдылық қорында жыл бойы жиналған қаржы ауылдағы жағдайы төмен отбасыға беріледі. Мұның бәрін сауап үшін жасайтын Абыз ата мен оның ұлдары елдің алғысына бөленіп, батасын алады.
Міне, биыл да Абыз атаның дәстүрлі жиыны өтті. Өзі біраз қартайып-ақ қалыпты. Атсалысып кірісіп кеткен жоқ. Бір орындыққа жайғасып, сырттай бақылап отыр. Ал ауыл әкімшілігі, мектеп әкімшілігі жиынның абыройлы өтуіне бір кісідей жүгіріп жүр. Ауыл әкімі қонақтарды күтіп алуды әкімшілік қызметкерлеріне, ал тамақ тартуды мұғалімдерге тапсырып жатыр. Ал олар өздеріне жүктелген міндетті өзара бөлісіуге кірісті. Бір кезде әкімшіліктегі жігіттер келіспей қалып, дауыстары қаттырақ шығуда. Себеп есеп бөлімінде жұмыс істейтін Сапар деген жігіт қонақтардың қолына су құюдан бас тартып жатыр екен. Мұны сырттай бақылап отырған Абыз ақсақал орнынан тұрды да құман тұрған жаққа барды. Сөйтіп үлкен ұлын шақырып алып: «Өзіңнен бастап, 7 жасар немереме дейін бір қолдарыңа құманды, бір қолдарыңа легенді ұстаңдар. Бәріңнің иықтарыңда сүлгі болсын!» деп тапсырды. Әкесінің сөзін құп алып, үп-үлкен азаматтар қаз-қатар тізіліп тұра қалды. Бір үйдің балалары мен немерелері келген-кеткеннің қолына су құю ісін қолға алды.
Ал ұяттан өртеніп кетейін деп жүрген ауылдағы үлкен кісілерді жақындатпады.
Тамақ желініп, жиын аяқталар шақта Абыз ата сөз кезегін алып, елді өзіне қаратты.
— Айналайын, шырақтарым! Адамның кішілігі, ізеттілігі, тәрбиесі мен тектілігі, көргенділігі мен өнегесі шырттай киген киіміңмен өлшенбейді. Қызметің де сенің кемшілігіңді ақтап ала алмайды. Сен мейлі шырт түкірген шенеунік бол, мейлі айналаңдағыларды саусақпен жұмсайтын бай бол. Бәрібір бір Алланың алдында құлсың. Сондықтан да өзіңді жаратқан Алланың бар екенін, халықтан ешқашан жоғары емес екендіктеріңді ұғыныңдар. Адам боламын, өсемін, көгеремін десеңдер кісіліктеріңді, тәкаппарлықтарыңды шетке ысырып қойыңдар. Қолға су құюдан кішірейгенді мен көргем жоқ. Ал оның қандай сауап екенін білсең мұндай көргенсіздікке жол бермес едіңдер. Мен саған қолға су құюдың қандай ғибраты бар екенін айтайын. Естір құлақ болса, көкейлеріңе тоқып аларсыңдар деді де әңгімесін былай жалғастырды.
— Ертедегі аңыз бойынша, Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айрылған соң қайғыдан қан жұтады. Ұлық Алла оны жұбату үшін тағы бір ұл сыйлайды. Перзент сыйлардың алдында оған шарт қояды.
«Әй, Дәуіт, ұлық Алла саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ, ол баланың қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба?» дейді. Ол іштей қынжылса да «Жаппар иемнің әміріне не қылса да, ризамын», – деп келіседі.
Көп ұзамай ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды. Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдында қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді.
Бір күні Дәуіт ұлық Аллаға:
– Уа, Алла, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет?, – деп сұрайды.
– Рас айтасың. Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаудырып, батасын берді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз мың ғаламға патша етемін, – дейді. Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмапты деседі, - деген.
Ал сіздер осындай сауаптан құр қалып, қу қарынның қамын ойлап, бір кесе тамақты жеуді місе тұттыңдар. Осындай үлгі боларлық, сауап боларлық істі бұйырғаныма қарсы болмай, абыроймен атқарған өз ұлдарыма рахмет. Сіздер де жақсылықтың жаршысы болыңыздар. Өскелең ұрпақтың санасына осы сынды ғибратты әңгімелерді айтып, санасын ашып отырыңыздар. Бата алып, алғыс арқалаған баланың болашағы кемел, жолы ашық болады, - деп әңгімесін аяқтады Абыз атам.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай қолға су құюдың өзінде қандай тәрбие жатыр десеңізші?! Осыдан кейін-ақ бұл іске бей-жай қарамау керектігін ұқтық.
Ләззат Ахметова,
ERNUR.KZ