Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкбөрінің серті

Көкбөрінің серті

Әрбір жаратылыстың өз киесі болады. Халық ауыз әдебиетінде Шыңғыс ханның баласы Жошыны мерт қылған да ақсақ құланның киесі.
Саятшылықтан емес, ысырапшылдықтан көзі қарауытқан хан баласының жебесінен төлін қорғаған құлан оны теуіп өлтіреді. Сондағы  ханның даналығы баласының қазасын естірткен Кетбұғаның күйінен жан-жануарлардың киесі барын ұғынып, «құлан шуы» мезгілінде аңшылық жасамауға бұйрық етеді. 

Әрине, халық ауыз әдебиетінде мұн­дай аңыз көп. Алайда осы өмірде болып жатқан кейбір оқиғаларды естіп «О, тоба!» деп жатасың. Міне, сондай таң­ға­жайып тылсым жайтты Жамбыл облысы Шу ауданы Абай ауылының тұрғыны бастан кешірген.

Жайсан ақсақал күндегісін таңсәріден малын төскейге жайып шығады. Бір күні қария үлкен жыңғылдың маңынан апан­да жатқан қасқыр бөлтіріктерін бай­қайды. Дереу малдың басын қайырып, ол маңнан алыстап кетеді. Осыдан кейін кейіпкеріміз қасқыр апаны маңына мал жаймайтын болған. Күнделікті дала тө­сінен көрініп қалатын аналық қасқыр да бұдан кейін қарияның малына тиіспепті. Осылайша, күн артынан күн өтіп, бір күні ақсақал науқастанып қалғанда төрт тү­лікті түзге балалары жайып кетеді. Әкесі ескертуді ұмытып кеткен соң балалар жаңа төлдеген қозыларды дәл апанның аузына апарған екен. Аяғымен келген тұяқты көзі шалған бөлтіріктер алқымнан алып, апанға тартып кетеді. Екі қозыны көкжалдың азу тісінен арашалап алып қала алмаған балалар бұл жайтты ауыл ағайындарына айтып, бөлтіріктерді өлті­руге бекінеді. Алайда мұны естіген Жай­сан қария қасқырларды жөніне қоюға шақырып, ауылдастарына тоқтам айтады. Ақсақалдың бұл сөзіне құлақ аспағандар мылтық асынып, атқа да қонған екен. Бірақ Жайсан қария қасқырдың киесі болатынын ескертіп, егер әлгі бөрілер ауылдың басқа малына тиетін болса, құнын өзі төлеп беруге уәде береді. Осылайша, қария қасқырды төніп тұрған қауіптен аман алып қалады.

– Шынын айту керек, әлгі күннен кейін менің екі қозымнан басқа малға қасқырлар тиген жоқ. Арагідік апанның маңына барып, бөлтіріктердің аманды­ғын байқап жүрдім. Мұны сыртымнан ана­лық қасқыр да бақылап жүргенін сезетінмін. Содан арада бір жетіге жуық уақыт өткенде сіздерге өтірік, маған шын, таңға­жайып оқиға болды. Таңертең малды жа­йы­лымға шығарайын деп қораға бар­сам, шарбақтың маңында екі қозы жатыр. Бастапқыда екі қозыны жетектеп алып кімнің малы екенін сұрап, бүкіл ауылды аралап шықтым. Алайда «менікі» деген бір адам болмады. Содан қозылардың жүнін ашып, мұқият қара­сам, жон желкесінде тістердің орны бай­қалады. Терең емес, бірақ бір жануар тіс­теп алып жүргені анық көрінеді. Бір­ден әлгі бөлтіріктер бір апта бұрын тар­тып кеткен қозыларым еске түсті. Іштей «бұл аналық қасқырдың кешірім сұрап, екі қозымның орнына әкеліп тастаған құны ғой» деп түсініп, таңғалдым. Түс ауа төбе басынан аналық қасқыр да бір-екі мәрте көрініп, «алғыс алдың ба?» деген­дей жорта жөнелді.


Қасқырдың ерекше қасиеті жайлы үлкендерден бұрын көп еститінмін. Енді, міне сондай жайтты өзім де бастан кешіріп, түз тағысының қасиетіне қайран қалдым, – дейді қария.
 Иә, шын мәнінде таңғалатын оқиға. Осы сәтте ел аузында жүрген бір аңыз әңгіме еске оралып отыр. Бірде бір мал­шы бөрібасар итімен жайылымда жүріп, қасқыр апанына кезігіп қалған екен. Қасқырдың қас жауына айналған иті қожайынының бұйрығына қарамастан жас бөлтіріктерді талап тастапты. Бұл жағдайға қатты қаймыққан малшы кешқұрым үйіне келіп, қасқырлардың киесі барын, олардың кекшіл келетінін әбден ой елегінен өткізеді. Осылайша, таң ата көз ілген малшы оянса, қасында жатқан баласы жоқ. Содан далаға жүгіріп шықса, есік алдында ойнап жүрген ұлы­ның дәл қасында аналық қасқыр тұрға­нын көреді. Малшы бұл бөрі кешегі бөл­тіріктердің анасы екенін бірден түсі­ніп, енді перзентім ажалдың тырнағынан құтылмайды деп ойлайды. Сол сәтте мал­шы мен баласына отты жанарымен кезек-кезек қарап тұрған қасқыр кері бұ­рылып, орман ішіне кіріп кеткен екен. Баласын бауырына басып өксіп жылаған әке түз тағысының «баладан артық бұл өмірде ештеңе жоқ екенін және бір жолға кешірім еткенін» ұғындырғанын түйсі­ніп, қас­қырдың осынау қасиетіне тағзым етіпті.
Мұндайда дана қазақ «адамға не ет­сең, алдыңнан сол келеді» дейді. Алайда табиғаттың жазылмаған заңдылығы бойынша көкжалдың кешірім жасағаны таңғалдырады. Тілі болмаса да, тірлігі­мен түсіндіріп, жан-жануарлардың да бойын­да аналық мейірімнің болатынын көр­сеткен екі оқиғада да қасқырдың ерекше қасиетіне қайран қалдырады. 

Бұл – әзірге бүгінгі ғылым түсіндіре алмайтын тылсым күш. Жазылмаған та­биғат заңдылығы.

Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
Елдар ҚАБА (коллаж)
21 мамыр 2023 ж. 78 0