Сол бір балалық кездер-ай!
Таң сәріден көзіңді тырнап ашып, ойынға ынтызарың ауып тұрады. Сол сәтте алдыңа асты әзірлеп әкелген анаң тәттілерді аузыңа тықпалайды. Бірін жеп, екіншісіне түріңді тыржитып, ауқаттанып алып, есіктен сыртқа ытқи жөнелесің. Артыңда анаң алаңдаулы, ал баланың бар ойы – ойын қуу. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы болса керек.
Бұл кезде көшеде бір топ бала күнделікті әдетпен ойын қуып жүреді. Асыр салып жүгіріп келіп, орталарына топ ете қаласың. Содан түс болғанша балалармен көшенің мына басынан бір шығасың, ана басынан бір шығасың. Таңертең ғана киген киімнің алба-жұлбасы шығып, күн қақшырайып төбеден түскенде ананың шақырған дауысы естіледі. Ойын қызығымен отырғанда ананың шақырғанын кейде естімей қаласың. Сол кезде артыңнан іздеуші – ағаң немесе әпкең келеді. Жары жолда айқайлап тұрып шақырғанда қолды бір сілкіп, орныңнан еріксіз қозғаласың. «Бір рет шақырғанда неге келмейсің? Қазір анамыздан таяқ жейсің» дегенде үйге қарай жүрексіне қадам жасайсың. Ал сол кездегі түріңді көргенде анаң иықтан жұлқылап үйге кіргізіп, жуындырады, таза киім кигізеді.
Түскі ас ішкеннен кейін «Төргі бөлмеге барып ұйықта» дейді. Ол кезеңдерде бала үшін ұйықтау арман емес, міндет саналады. Ұйқың келмесе де амалсыздан төргі бөлмеге барып, терезеге бір қарап, аунап-қунап жатасың. Жаздыгүнгі ыстықта түскі астан кейін үйдегілер де бір ауық мызғып алады. Сол сәтті төргі бөлмеде жатып, ұзақ күтесің. Көздері ілінді-ау дегенде төргі бөлменің есігінен сығалап, аяқтың ұшымен сыртқа қарай бет аласың. Екі көзің әке мен ана жақта болады. Әуелгіде ақырын қадам жасасаң, сыртқы есік жақындай бастағанда алды-артыңа қарамай жылдамдатып, шығып кетесің. Тысқа шыққанда бір «уһ» деп алып, «Менің атым – Қожа» фильміндегі Қожа секілді ытқи жөнелесің. Бұл уақытта көрші досың да үйінен саған қарай жүгіріп келе жатады. Таңертеңгілік жиналған топ түс ауа да жиналып, күннің аптап ыстығына қарамай, ойын әрі қарай қызады. Сол жүргеннен кеш батқанша ауылды айналып, ойын қуасың. Уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қаласың. Содан күн ұясына батқан уақытта үйге қарай аялдайсың. Әдеттегідей, алба-жұлба киім, өзің кір-қожалақ. Ананың бір ашуының ызғарын көріп, үйге енесің. Кешкі асты ішсең іштің, ішпесең күні бойы тас шауып, барлық тіршілікті істеген адамдай сілелеп құлайсың. Жатқан жеріңде ұйқыға кетесің. Әкең, я болмаса ағаң көтеріп, орныңа апарып жатқызады. Ал таңертең кешегі күні дым болмағандай сыртқы есіктен тысқа қайта атып шығасың. Осылай қызыққа толы балалық балдәуренді өткізесің.
Ол кезеңдер тез ұмытылуы мүмкін. Балалық шақ алыс көкжиекке сіңіп, шындықтан алыстай түсіп, есейдік. Ал асыр салып ойнап жүрген балғындарды көргенде немесе әркім балалы-шағалы болғанда сол бір қимас сәттер көз алдыңа келеді. Бүлдіршіндерге қарап өзіңнен-өзің мәз болып, бұрынғы балғын шақты еске алып, еріксіз күлесің. Артынша, «әй, сол бір балалық кездер-ай» деп сағынасың.
Е.БЕРКІНБАЕВ