Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс шеруіне қатысқан

Жеңіс шеруіне қатысқан

Осыдан бір ғасыр бұрын өмір есігін ашқан жан­дардың ғұмыры тауқы­метке толы болды. Енді ес жиып бозбала болғанда қазақ даласын ашаршылық дендеді. Одан әупірімдеп өткеннен кейін жігіттік жас­та Ұлы Отан соғысы бас­талып, ер жігіттер ел қор­ғауға аттанды. Олардың қатарында Ибадулла Байдәулетов те бар.

Қан майдан басталған тұста жас жігіт 19 жаста болған. Ал жиырма жасында, яғни 1942 жылдың мамыр айында сол сұм соғыстың ортасында жаумен кескілескен шайқастарға қатысқан. Алдымен сапқа тұрған сарбаз Фрунзе (қазіргі Бішкек) қа­ласында әскери даярлықтан, оның ішін­де командирлер даярлайтын курстан өтеді. Ұрыс даласында қолға қару алып, беталды оқ жаудыра берудің пайдасы шамалы. Сондықтан қатардағы сарбаздарға ұрыс тәсілдерін меңгерген командирлер керек-ақ. Міне, сондай даярлықтан өткен И.Байдәулетов Батыс майданына барып соғысқа кірген. Мұнда ол 33 ар­мияның 90 дивизия құрамындағы 22 атқыштар полкінде болған. Ал кейіннен 69 атқыштар дивизиясының 742 полкінде взвод командирі болып, қаруластарын ұрыс­қа бастаған.

1943 жылдың 5 шілдесі мен 23 тамыз аралығында Курск маңында кескі­лескен шайқас болды. Сонда взвод коман­дирі жауынгерлерімен ерлік көрсет­кен. Сол жылы Батыс майданының сол қанатын­дағы 69 атқыштар дивизия­сының құра­мындағы Ибадулла Байдәу­летовтің взводы жауды жайратып салған. Бұл туралы кезінде журналистерге берген сұхбатында соғыс ардагері өзі айтып, еске алған екен.

«1943 жылдың қақаған қысында Смоленск маңындағы Моностыршине деген қыстақта болдық. Жау бекінісі мен біздің арамызда Днепр өзеніне құятын арна бар. Қанша суық болса да суы қатпаған, ағысы қатты екен. Шабуылға шықсақ болды жау оқты қардай боратып, өзеннен бізді өткізбей, біраз әбігерге түстік. Бір күні рота командирінен өз взводымды тікелей шабуылға шығаруға рұқсат алдым. Бұл кезде взвод жауынгерлерінің де зығырданы қайнап, жауға қарсы шабуылға құлшынып тұрды. Взводты бастап ша­буыл­ға шықтым. Әлгі ағысы қатты арнадан өтіп, жау бекінісіне жеттік. Сол жерде қиян-кескі ұрыс болды. Біздің жігіттер сол ұрыста ерлік көрсетіп, жауды жайпап салды. Тірі қалғанын тұтқынға алдық» депті өз естелігінде сырдариялық майдангер.

Лейтенант шенді командир басқарған взвод көптеген шайқастарға қатысып ерлік көрсеткен. Сол аралықта взвод командирі жарақат та алған. Десе де госпитальда емделіп, ұрысқа қайта қосылып, Жеңіс кү­нінің жақындауына елеулі үлес қосқан.

Майдангер Жеңіс күнін Мәскеу төрінде­гі Қызыл алаңда тойлады. 1945 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңіс күніне арналған ең алғашқы шеруге қатысқандардың арасында И.Байдәулетов болды. Взвод командирі соғыс жылдарындағы ерлігі үшін ІІ дә­режелі «Отан соғысы» орденімен, «Мәс­кеуді қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Гер­манияны жеңгені үшін» медальдарымен ма­рапатталған.

Соғыстан кейінгі жылдары майдангер ауданға келіп, ұстаздық қызмет ат­қарды. Қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атын­дағы мектеп-лицейдің тарихында музыка пәнінен сабақ берген Ибадулла Бай­дәу­летовтің есімі құрметпен аталады. Осында 33 жыл оқушыларды тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанған.

Мектеп қабырғасында өнерге біртабан жақын оқушылар үшін көркемөнерпаздар үйірмесінің негізін қалады. Оларға әуезді әуеннің қыр-сырын меңгертіп, шабыттарын шыңдады. Өнерлі өрендер майдангер ұстаздан үйренгендерін көпшілік алдында паш етіп, көрермендер көзайымына айналған. Шәкірттері көптеген байқау­лар­да жетістіктерге жете білген.

Майдангер есімін атағанда ауданда ең алғаш үрмелі аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі екені бірден ойға оралады. Аудан төңірегінде ұйымдастырылған іс-шараларда үрлемелі аспап оркестрі мін­детті түрде өнер көрсететін болған. Оның басы-қасында майдангер ұстаз өзі жүреді екен.

Соғыстан кейінгі үзақ жылғы ұстаздық еткен саласында да И.Байдәулетов же­тіс­тіктерге жетті. Атап айтқанда, білім са­ласына қалдырған қолтаңбасы үшін ау­дандық, облыстық білім басқармасының Құр­мет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған.

Қан майданнан келгеннен кейін И.Байдәулетов шаңырақ көтерген. Жары Күміс Байдәулетовамен 2 ұл тәрбиеледі. Бүгінде ұлдары ел ағаларына айналған. Әке жолын Серік Байдәулетов қуып, бү­гінде аудандағы білікті музыкант ұстаз­дардың бірі.

Мақаланың басында айтқандай, осыдан бір ғасыр бұрын туған жандардың тағдыры тауқыметті. Майданда ерлік көр­сеткен, бейбіт өмірде ұстаздық еткен Ибадулла Байдәулетовтің туғанына да ғасыр толып отыр. Демек, сол кезеңдерді бастан өткеріп, оған мойымаған май­дангердің есі­мі еш ұмытылмақ емес. Ер де, ерлік те ешқашан ұмы­тыл­майды.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
11 мамыр 2023 ж. 122 0