Ұстаз есімі ұлықталды
Қашанда ұлағатты ұстазға құрмет көрсету – шәкірттің парызы саналады. Халық баласы үшін мұғалімнің еткен қызметі ұшан-теңіз. Оқушысын білім нәрімен сусындатқан аяулы жанның еңбегі елене білсе, құба-құп. Өз кезегінде біз саналы ғұмырын білім саласына арнай білген майталман маманның рухына жасалған зор құрметтің куәсі болған едік.
Апта ағымында Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектепте «Қалдырған ізің мәңгілік...» тақырыбында ардақты ұстаз Шарбан Әсемованың атындағы биология бөлмесінің ашылу салтанаты өткізілді. Тағылымды іс-шараға аудандық қоғамдық даму бөлімінің маманы Ажар Оразымбетова, арнайы шақырылған қонақтар мен сала мамандары, ұстаздың ұрпақтары қатысты.
Тірі табиғатпен үнемі тілдесе білген ардагер ұстаз өткен жылы бақилыққа аттанып, келместің кемесіне мінген болатын. Талай жыл әрбір шәкіртіне биология ілімін меңгертуден жалықпаған ұстазды еске алу іс-шарасын №44 орта мектептің директоры Сламбек Қаюпов ашып берді.
– Бүгін біз өмір жолында талай ауыртпалықты бастан өткеріп, шәкірт тәрбиелей білген ұстаз есімін ұлықтауға жиналып отырмыз. Шарбан апай білімнің қарашаңырағында табан аудармастан 30 жыл уақыт бойы еңбек етті. Қажыр-қайратының арқасында білім сапасын арттырып, білімді шәкіртті шығара білді. Әркез жайдарлы мінезімен баланың тілін тауып, табиғаттың тылсым құбылысын, құстың, жан-жануардың ерекше әлемін оқытуға барын салды. Өзі қалаған мамандықты тереңнен зерттеді. Баршаға үлгі көрсете білді. Артынан ізбасар дайындады. Осылайша, әркез білімнің шаңырағына айналған мектебізде аяулы апайымыздың атынан арнайы сынып ашуды жөн санадық. Ұрпақтарының демеушілігімен осы бөлмені ашып отырмыз, – деді мектеп директоры.
Ұлтымыздың көрнекті ұстазы, ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген болатын. Расында, білімнің қайнар бұлағын бойына сіңірген ұстаздың алғашқы еңбек жолы бұрынғы Шымкент облысына қарасты Бөген ауданындағы Амангелді атындағы орыс-қазақ мектебінде басталады. Мұнда 1 жыл қызмет етіп, туған ауылына оралған Шарбан Молдағалиқызы айналасына өзінің біліктілігін таныта білді. Ауылдағы орта мектепке қызмет істеу үшін алғашқы келген жылдардағы сан алуан естелік жөнінде Тыныштық Қарымсақова көпшілікке айтты.
– Біз Шарбан екеуміз Қызылорда қаласында оқып жүріп, жақын құрбы ретінде араластық. Өзім қаланың қызы болсам да, ауылға жолдамамен келген 11 жас мұғалімнің бірі едім. Осында екі жыл ағылшын тілі пәнінен сабақ бердім. Сонда ешбір жатырқамай мені үйінде тұрғызған Шарбанның шаңырағы болатын. Көпшіліктің айтуынша, біз талабы жоғары, қатал ұстаз ретінде шәкірттердің есінде қалыппыз. Әрине, жас маман бола жүріп, үлкен буыннан үйренеріміз көп болды. Шарбан Әсемова жайында көптеген естелік айтуға болады. Күрделі ғылымды игеріп, дарынды шәкірттертің бағын аша білді. Оның оқушылар үшін жасаған еңбегін жоғары бағалаймын. Қоғалыкөл ауылында екі жыл тұрсам да, бауырмал, еңбеккеш адамдарымен киелі топырақ ыстық көрінеді. Менің өмірімде өзіндік орны ерекше аяулы жанның атынан арнайы бөлме ашып жатқан мектеп ұжымы мен ұрпағына алғысымды білдіремін, – деді 82 жастағы ардагер.
Қай кезде де, Шарбан Молдағалиқызы оқушысын жанына ерте жүріп, ауылдағы күріш алқабында іс-тәжірибе жүргізетін. Мектептің бақшасын жайқалтып, биология пәнінің сан алуан бағытын әрбір оқушыға үйретті. Бір жылдары «Ұстаз мерейі» медалімен марапатталған ғибраты мол ұстаз халық қалаулысы ретінде ел мүддесін жоғары қойды. Елдің атынан атқарушы билікке айқын көзқарасын танытып, келелі мәселе көтерді. Оның ішінде, білім саласы назардан тыс қалған емес. Осыдан 54 жыл бұрын өзінің сыныптасы Балтабай Еламановпен отасқан асыл ана 3 ұл, 3 қызды өмірге әкелді.
– «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті» деген даналық сөз бар. Шәкірті мен перзенті үшін анамыз жарқыраған күннің шуағы екені мәлім. Өмірінің соңына дейін бізге бар мейірімін, жылулығын сыйлап келді. Мектеп пен үйдің екі ортасында жүріп, ердің де, баланың да бабын таба білді. Биология пәні бойынша үнемі білімін жетілдіріп отырды. Біз ата-анамызға қарап бой түзедік. Елге қызмет етуде адалдық, шынайылық, тазалық алдыңғы орында тұратындығын әке-шешеміз айтып отыратын. Білімге құштар жас буынның болашағы үшін бүгінде барлық жағдай жасалған. Анамыздың қолтаңбасы қалған ауыл мектебінің бір сыныбын жасақтауға үлес қоссақ деген ерекше мақсатымыз болды. Басталған істің нәтижесін бүгін көріп отырсыздар, – деді ардақты ұстаздың ұлы Сағидолла Еламанов.
Танымы бөлек, тәлім-тәрбиесі ерек іс-шара барысында мектеп оқушылары би билеп, өлең оқыды. Күй тартылып, ән айтылды. Жиналған қауымға Шарбан Әсемова атындағы бөлмені биология пәнінің мұғалімі Фарида Досмағанбетова таныстырды.
– Биология ғылымы жан-жақты зерттеуді қажет ететін ағартушылық саланың бір түрі. Өзге пәнге қарағанда өзіндік ерекшелігі көп. Шындығында, тірі табиғатпен жұмыс жасау – өте күрделі дүние. Осындай ерекше пәнді меңгерген Шарбан апайымыз атындағы бөлмені жасақтаудың жөні бір бөлек. Зейнет демаласына шығам дегенше, мектебіміздің аты жақсы жағынан көрінуіне атсалысқан ұстазымыздың жетістіктері қойылды. Сонымен бірге биология саласына қатысты мол мағлұмат келтірілген арнайы стенд жасалды. Ескі күндердің естелігі болып қалған сарғайған сурет өткеннің бір белгісіндей көрінеді. Осы сыныпта болашақ сан түрлі саланың маманы білім алатындығына сенім мол, – деді білікті ұстаз.
Салтанатты түрде лентасы қиылған бөлменің ашылуында аналар қауымы шашу шашты. Бөлменің қақ ортасынан табылған аквариумның балығына оқушы мен ұстаз бірлесіп күтім жасайтын болады. Өз кезегінде ұлағатты ұстаздың бірнеше шәкірті Шарбан апайдың оларға жасаған тағылымды еңбегін жеткізді. Ауылдың ардақты ақсақалы Қамар Рүстемов бастаған танымдық іс-шара қонақтары орамды ойларын ортаға салды. Ұлытау облысынан арнайы келген меймандар да игілікті іске тілектестік білдірді. Ел жадында жарқын бейнесімен сақталған Шарбан Әсемованың ұрпақтары іс-шараға қатысушыларға зор құрметін көрсетті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ