Жалаң аяқ жүрудің пайдасы
Ауа райы жылынып, жайма шуақ күндері жалаң аяқ жүрудің пайдасы зор екенін білесіз бе? Денсаулықтың қадірін, ауырмаудың жолын іздеген адам ең алдымен саламатты өмір салтына ден қойып, жаман әдеттен жиренгені жөн. Әлімсақтан қалыптасқан қағида бойынша адамның денсаулығының 60 пайызға жуығы оның өмір сүру салтына байланысты болса, тұқым қуалайтын сырқатқа, яғни тегіне 20 пайызы, ал қалған 5-10 пайызы ғана медицинаның күшінде екен.
Қазір адамдар үлкені де, кішісі де жалаң аяқ жүрмейді. Оған себеп аяққа жайлы, небір жұмсақ аяқ киімдердің бар болуы. Ал ол адамды тым жайлылыққа дағдыландырып, табан арқылы келетін энергияның күшін жояды.
Негізінен дәрігерлердің пікірінше адамның табанында адам ағзасын тітіркендіретін жүйке нүктелері бар. Егер адам өмір бойы жұмсақ аяқ киімді тастамаса, сол нүктелердің қасиеті жойылады. Табандағы жүйке нүктелерін үнемі тітіркендіру үшін жалаң аяқ жүрудің пайдасы көп. Адам бір мезгіл аяқ киімін тастап, жалаң аяқ жүрсе, табандағы нүктелер жерге тиіп, ішкі ағзанын жұмысын жақсартуға септігін тигізеді. Адамға жағымды көңіл күй береді. Ал аяқты зақымдау арқылы микробтарды жұқтыру қаупі болмас үшін аяқты тазалап жуу керек.
Дегенмен табанның әрбір тұсы белгілі ағза мүшесіне оң әсері болады. Мәселен, өкпенің жұмысына башпайға жақын орта тұсы байлынысты. Жүрегіңіздің қалыпты жұмысы табанның орта тұсына тікелей әсері бар. Адамның миы мен жүйкесінің қалыпты жұмыс істеу нүктесі үлкен башпайдың бас жағында орналасқан. Екінші башпайдың басталар тұсында омыртқа мен тірек-қимыл мүшесінің нүктесі бар. Үшінші башпайдың түп жағындағы нүкте жермен жанасса қан айналымы мен бұлшық ет қалыпты жұмыс істейтін болады. Төртінші башпайдың түбінде асқазан мен ұйқы безінің нүктесі, шынашақтағы нүкте бүйрек пен несеп-жыныс мүшесінің жұмысына жауапты. Өт қабыңыз жеткілікті мөлшерде жұмыс істесін десеңіз, табанның сыртқы жағының орта тұсындағы нүкте, ал бауырды сақтаудың жолы табанның ішкі жоғарғы бетінің ортасындағы нүктеге жер арқылы табиғи массаж жасалуы тиіс.
– Бұрын жаз келсе балалар аяғына аяқ киім кимейтін. Күні бойы жалаңаяқ жүгіріп жүріп, үйге кірерде аяқтарын жуып кіретін. Бұл өте дұрыс, құм, топырақ, жердің энергиясын табаны арқылы бойына сіңіруге таптырмас амал. Екінші жағынан адамның бойындағы жағымсыз энергия табаны арқылы жерге сіңеді. Яғни лас энергия топыраққа еніп, адамның сана сезімі де, ойы да тазарады. Байқасаңыз бұрынғының балалары жаз аяқталғанда әжептәуір бойы өсіп, санасы жетіліп қалады. Бұл жаз мезгілінде күннен, жерден алған энергияның арқасы. Тәні саудың – жаны сау деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан жаздың ыстық күндерін босқа өткізбей балаларға, үлкен адамдарға жалаң аяқ жүруге кеңес беремін. Балалар бір мезгіл ұялы телефоннан ажырап, жерден тың күш-қуат алып, қолайлы кезеңді дұрыс пайдалану керек, – дейді аудандық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері А.Қозыбағарова.
Дені сау адам – ұлт байлығы. «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтылмаса керек. Негізінен ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын, жаны мен тәні таза жандардың ұстанымы ғана емес, әрбіріміздің қаперде ұстайтын қағидаға айналуы тиіс.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ