Ерсі іске еліктейміз...
Қазақ қоғамы жаһанданумен қанша күрессе де, салт-дәстүр, әдет-ғұрып кеңінен насихатталса да, жастар шетелге еліктеуді қояр емес. Әсіресе еліктеудің соңына ерген жоғары сынып оқушылары мен студенттер халқымыздың болмыс-бітіміне, салт-санасына кері қылықтар жасап, кейде шеттен шығып, есіріп кетеді. Тіпті «еліктейміз» деп ұятты ысырып қойдық. Мысалы, қазір сағат тілі 00.00-ді көрсеткенде туған күнмен құттықтау іс-шарасы ұйымдастырылып жүр.
Өмірдің соқпағы мен тоқпағын, қиыншылығы мен қызығын қатар көрген, арнайы жоғары оқу орнын бітірмесе де тәлім-тәрбиесі жағынан ғалымдар мен профессорларды он орап алатын біздің текті ата-бабаларымыз туған күнді тойлады деген ақпаратты тарихи кітаптардан оқығанымыз жоқ. Керісінше, жасына жас қосқан сайын ақылы мен парасатын, сөзі мен ісін бағамдап, кейінгіге өнеге көрсете білген. Соның дәлелі болса керек, ақындар:
«Игілік көрінбесе ісіңнен дым,
Түсінігіңді ұғады түсіңнен кім?!
Туған күн мейрам емес, нағыз мейрам –
Не үшін туғаныңды түсінген күн» деп жырға қосқан.
Ал қазір ше? Қазір қоғам да, адам да өзгерді. Жақында жасы жетпіске таяған әке-шешесінің бөлмесіне түнгі сағат 00.00-де кіріп, шырт ұйқыда жатқан қарияларға шар мен торт тарту етіп, оны видеоға түсіріп, желіге жүктеген ұрпақтарды көріп таңғалдық. «Ата-анамызды қуантайық» деген ұл-қыздарының бұл іс-әрекеті сырт көзге ерсі көрінді. Ерсі емей немене, ұйықтайтын уақытта киетін киіммен жатқан, тіпті бөтен адам есікті ұрмай кіруге болмайтын бөлмеге түнгі сағат 00.00-де ұлдары келіндерімен, қыздары күйеубалаларымен кіріп барса... Парадокс! Әлгі видеодан әкелерінің жарыққа көзі шағылысқаны, аналарының сырт киімін іздеп, ыңғайсыз жағдайға қалғаны да аңғарылады. Сонда бұл «құрмет» не үшін керек, кім үшін қажет? Құрмет деген сөзді әдейі тырнақшаға алып отырмын. Сірә, кейбіріміз үлкен кісілерді «құрметтейміз» деп ұятқа қалдырып жатқанымызды ойламаймыз-ау.
Ол, ол ма, жақында жасы екіге толған ұлын түнгі сағат 00.00-де отшашумен, тәтті тортпен қуантамыз деген тереңөзектік ата-ана балаларын шошытып алыпты. Түнде бір топ адам ентелей келіп, ұйқысы бұзылған періште шошымағанда қайтсін?! Енді ата-анасы аят оқытып, дем салдырып, психолог кеңесіне жүгініп жүр екен. Нәтижесі болса жақсы, ал сол шошынып қалғаны өсе келе қояншық ауруына ұласса, қиын емес пе?! Мені «Неге осындай жағдайларды кейбір ата-аналар ойламайды?» деген сұрақ мазалайды. Мазалаған соң қолға қалам алып, ойымызды ақ қағаз бетіне түсіруді, сол арқылы еліктеудің жетегінде жүрген жандарға ой салуды жөн көрдік. Оқырман керегін алар, керек емес десе оны өзі білер.
Жасыратын несі бар, жастар көбіне әншілерге, шоумендерге еліктейді. Сол әншілер мен ойын-сауық кештерінің жұлдыздары кейде адам шошырлық іс-әрекет жасайды. Мысалы, бірнеше топтың продюсерін туған күнінде қарамағындағы әншілер «тосынсый жасаймыз» деп қорқытып алғанын айтпай өту мүмкін емес. Әншілердің бірі жылап тұрған күйінде продюсерге хабарласып, сыртқа шығуын өтінген-ді. Анасындай болып кеткен продюсерін қатты қажетсініп тұрғанын айтқан ол егер дәл қазір сыртқа шықпаған жағдайда тамырын кесетінін айтып қорқытады. Зәресі ұшқан продюсер жылдам далаға жүгіріп шығады. Сол сәтте бір топ солистер ән шырқап, оны туған күнімен құттықтайды. Түнгі тыныштықты бұзып, көршілерінің ренішін тудырған әншілердің бұл әрекетіне шағымданғандар да болыпты. Істің соңы құқық қорғау органдарының беймезгіл уақытта жұрттың тыныштығын бұзған азаматтарға хаттама толтыруымен, айыппұл салуымен аяқталған...
Жалпы, туған күн тойлағанды жақтырмайтын жандар көп. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та туған күнін атап өтпейді екен. Бұл туралы БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар көбейген соң Президенттің баспасөз хатшысы арнайы мәлімдеме жасады. «Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне туған күнмен құттықтамау, естелік сыйлықтар тарту етпеу туралы ескерту жасалды. Президент бұл күнді тойлағанды ұнатпайды. Өйткені ол кісінің отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды екен. Ондай дәстүр қалыптаспаған» делінген еді сол мәлімдемеде. Мұны қоғам жылы қабылдады. Расында да қазір даңғаза мен даңқойлыққа иек артатын заман емес. Тойдан гөрі ойға, сөзден гөрі іске көшуге қалыптасуымыз қажет.
Кім не десе де түнгі сағат 00.00-де туған күнмен құттықтау қазақ қоғамы үшін ерсі. Әр істің мұсылмандық жолда орны мен орындалуы бар. Мысалы, кеш батқан соң көше кезу жақсы емес. Ұйқының да ақысын беру қажет. Сондықтан 00.00-де шар үрлеп, отшашу атып, торт тарту еткеннен гөрі сый-құрметті күндіз жасаған дұрыс секілді. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ