Жұмысбастылық жауапкершіліктен босатпайды
Адам өмірге келгеннен кейін артынан өшпестей із қалдыра білгені құба-құп. Көпшіліктің көкейінде сана мен түйсікке, адами болмысқа байланысты сан түрлі тұжырым қалыптасатыны белгілі. Шын мәнінде, кез келген кісінің қоғамдағы тіршілік ағымына қатысты көзқарасы жан-жақты өзгеріп отырады. Қазіргі уақытта тұлға болып қалыптасу жолында жекелеген құндылық өлшемі ар мен ұят таразысына түскені абзал. Бұл ретте, кісі бойындағы ұнамды және оғаш қасиетті зерделеу мақсатында Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері Анар Ізбасаровамен «Пруст сауалнамасын» жүргізген болатынбыз.
– Анар апай, адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Әуел бастан адам 12 мүшесі сау болып дүниеге келгені үшін шүкіршілік ете білгені дұрыс деп есептеймін. Кісі қашанда адамгершілігінен айнымаса, айналасына сыйлы болатыны рас. Көпшілік арасында бір-біріне сыйластық таныту жоғалып бара жатыр. Кіші үлкенді сыйлауды ұмытпаса екен деген аналық тілегім бар. Жағымпаздық пен жемқорлықтан арылып, бес күн өмірде адамгершілікті жоғары қойып, өзіміздің күнделікті үйренген тіршілігімізбен айналысқан жақсы.
– Әйел затының ең нәзік қасиеті қандай?
– Әйел затының ең нәзік қасиеті – мейірімділігі. Ең алдымен, әрбір қыз-келіншек отбасына, жарына, балаларына қамқорлығын барынша көрсету керек. Бала тәрбиесін мықтап қолға алған аналар қауымы мүмкін болған барлық қасиетке ие деп білемін. Айтпайын десең, сөзің өледі. Осы күні үйдегі отанасы еріне жеткілікті деңгейде сыйластық көрсете алмай жүр. Себебі әкесіне баласын қарсы қоятын жандар көп. Әкені сыйламауды үйренген бала небір озбырлыққа баратыны сөзсіз. Негізінен, көпті көрген, кезінде қатал ата-ененің тәлімін алған үлкен буынның сарқыты біздер жастарға дұрыс әрекет жасай алу керектігі жөнінде мұқият түсіндіруіміз керек секілді.
– Бүгінгі қоғамдағы әйелдердің рөлі қандай?
– Бұрын ел анасы үй шаруасымен айналысып, қызметке араласа бермейтін. Заман ағымына сай, барлығы өзгерді. Бүгінде нәзік жандылар ер азаматпен қатар, қоғамдағы сан алуан қызметке араласа бастады. Шындығында, әйелдің қызметке араласқаны дұрыс шығар. Дегенмен отбасындағы ахуалды ұстап тұруға көңіл бөлгені абзал. Жұмысқа беріліп, отбасындағы жасалуға тиісті басты қағиданы назардан шығарып алмауы керек. Ондай жағдайда баланың тәрбиесі, жардың бабы жайына қалады. Сондықтан әйел қызметке араласа бастаған күннен бастап, отбасы мен жұмысты тепе-теңдік ортада ұстағаны ұтымдырақ болады.
– Сіздің ойыңызша ана перзенті үшін не істеу керек?
– Әрбір ана перзентті дүниеге әкелген күннен бастап, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінгені жақсы. Өмірге әкелу бір бөлек, баланы жеткізу – мүлдем бөлек мәселе. Баланы тәрбиелеу барысында адалдыққа, өтірік айтпауға, кісінің ала жібін аттамауға үйрете білу – құптарлық жағдай. Сонымен бірге кез келген ана баланың тарапынан қойылған сұраққа нақты, дұрыс жауап бере алғаны тәрбиеге тікелей әсер етеді. Жұмысбастылықтан арыла алмай жүрген ата-ана балаға көңіл бөлуге тиісті жауапкершіліктен қаша алмайды. Ұрпағының қолына ұялы телефонды беріп, тағдырына балта шаппау қажет.
– Сүйікті қаламгеріңіз кім?
– Мен поэзия оқығанды жақсы көремін. Өзім Мұқағали Мақатаев пен Мұхтар Шахановтың өлеңдерін көп оқимын. Мұзбалақ ақынның лирикалық өлеңдері жаныма қуат берсе, Мұхтар Шахановтың шығармасы ерекше рух сыйлайды.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Мамандығым ұстаз болғандықтан бос уақытымда немеремнің сабағына көңіл бөлемін. Кітап оқып, рухани құндылықпен сусындаймын. Сонымен бірге елде болып жатқан сан түрлі жаңалыққа құлақ түріп отырамын. Әркез елімізде тыныштық орнаса деген тілектен айнымаймын.
– Өзіңіздің ең басты кемшілігіңіз қандай деп ойлайсыз?
– Кісіге сенгіштігім – негізгі кемшілігім. Талай уақыт бойы сеніп келген жандар шынайы бет-бейнесін көрсеткенде қапаланып қаламын. Өзгені аяп, жәрдемдескен кезімде қайтарымын басқаша алып жатамын. Болысқан адамыма реніш білдірмеймін. Тек адами қасиеттен алыстамаса деген тілек ойымнан шықпайды. Алауыздықтан, алдампаздықтан, дүние жинаудан ешкім біреуден асып түспейді.
– Неден жиіркенесіз?
– Көрер көзге өтірік сөйлейтін кісіден жиіркенемін. Қолындағы байлығына, қызметіне қызығып, жағымпазданатын адамды жаным сүймейді. Қарапайым кісіге көкірек кермей, тең дәрежеде өмір сүре алудың өзі – шын бақыт.
– Өмірге екінші рет келсеңіз кім болуды қалар едіңіз?
– Мен өмірде екі таңдаудан жаңылысқан емеспін. Жар таңдаудан да, мамандық таңдаудан да. Өмірге екінші рет келген жағдайда ұстаздық қызметті қайта таңдар едім. Халық баласын оқытудан артық мен үшін мамандық жоқ.
– Көпшілікте жиі айтатын қанатты сөзіңіз.
– Балаларыма кісінің алдынан кесе өтпеуге байланысты көптеген ғибратты сөз айтамын. Біреудің қарғысына қалғанша, алғысын алған жақсы. Ұрпағымның барлығы жамандықтан ада болып, жақсылыққа жаны құмар болса деп ойлаймын. Еңбекті сүйіп, Отанға адал қызмет ете білгенді абырой санаймын.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Кейбір басымда қиындық туындаған сәтте шешілу жолдарын ойлап, уайымға салынамын. Уайымға көп салыну осалдығымды байқатып қояды.
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Осы жасқа жеткенше басымнан талай ауыртпалық өтті. Тағдыр басқа салып, есейген үш баламнан айырылып қалдым. Дегенмен қанша қиындыққа тап келіп, мұңайсам да көзімнен жас жиі шықпайды. Іштен тынамын. Бәлкім, қайғырғанымды өзге балаларыма көрсеткім келмеген шығар.
– Ана жүрегіне басты керек дүние не?
– Ананың жүрегі тыныштық табу үшін баласының тәрбиелі, өнегелі, әркез жамандықтан аулақ болып өскені жеткілікті. Ата-анасына қызығын көрсеткен баланы барлық кісі жақсы көреді. Ұнамсыз іс-әрекетімен анасын уайымға салған баладан қандай жақсылық күтеміз?
– Жарқын болашақ иелері жастарға айтар ақылыңыз.
– Қазіргі жастар мен бұрынғы ұрпақтың дүниетанымы мүлдем бөлек. Біздің кезіміздегі жастарда адамгершілік болатын. Ал бүгінгі балаларда дөрекілік басым. Ата-анаға, ұстазға қарсы шығатын жастар көп. Кісінің көңіліне қарамастан, ауыр сөйлейтін өскелең ұрпақты көргенде келешегіне күмәнмен қараймыз. Негізінен, жастар еңбек ете жүріп, жақсы қасиетті үйренген абзал. Мол табыс тапқан дұрыс шығар. Дүние жинап қана қоймай, мінезді де дұрыстаған пайдалы болмақ. «Өзім білемін» деген жастың көпшілігі кемшілік жіберетіндігін көзіміз көріп жүр.
Сұхбатты жүргізген
Балтабай ОРДАБЕКОВ