Ерекше балалар дараланды
Апта ағымында Нағи Ілиясов ауылында ерекше балаларға арналған аудандық байқаудың куәгері атандық. Ауыл әкімдігінің қолдауымен, ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Мен өмірге құштармын» тақыбырында өткізілген байқауда мүмкіндігі шектеулі жандар бірнеше жанр бойынша бақ сынады.
Аудандық байқаудың шымылдығын үлгілі ауылдағы жас әнші Нұрай Марат «Туған жер» әнімен түрді. Сонымен бірге Нағи Ілиясов ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Мәриямкүл Тәутенова іс-шараның ашылуында сөз сөйлеп, ауданға қарасты ауылдардан келген қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгін біздер жоғары деңгейде ұйымдастырылған аудандық байқауға қатысып отырмыз. Елімізде қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сондықтан баршамыз өмірге құштар мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсету керекпіз. Өнерге жақын, талантты балғындар сахнада өнер көрсетіп, орасан табысқа қол жеткізгені қуаныш сыйлайды. Олардың жүрегіне сенім ұялатып, әрқашан бақытты орта қалыптастыруымыз керек. Ерекше балалар әрқашан қамқорлықты сезінуі тиіс. Осы байқау арқылы талантты жандар өнерге таластары барын көрсетіп жатыр, – деді Мәриямкүл Тәутенова.
Балалардың шығырмашылық әлеуетін саралау мақсатында жүзеге асқан байқау барысында би, ән, көркем сурет, қолөнер, көркем оқу жанры бойынша асқарлық Ақмаржан Туарбек, айдарлылық Айдана Құрымбай, нағилық Айзере Батырбек, Қалжан ахун ауылынан Карима Қуантай, жетікөлдік Жиенбай Мұхаммад, бесарықтық Ұлболсын Сәдірхан, шіркейлілік Нұрайым Камал, шағандық Айару Ақылбекқызы, аманкелділік Гүлсезім Әбиева өз өнерлерін көрсетті. Олар ерекше талантымен дараланып, өнерге деген ынталары зор екенін аңғартты.
Байқау қорытындысында жеңімпаздар анықталды. «Мағжан және К» ЖШС-нің демеушілігімен барлық жүлдегер және жеңімпаз қатысушыларға қаржылай сыйлық табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ