Мақсатың қандай, мектеп бітіруші?

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – БОЛАШАҚТЫ ТАҢДАУ
«Мамандықтың жаманы жоқ». Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін өмірлік философия. Өйткені кез келген мемлекеттің дамуы бір ғана мамандыққа байланысты емес. Елдің өсіп-өркендеуіне дәрігер, мұғалім, құқық қорғаушы, заңгер, мұнайшы, спортшы, журналист т.б барлығы өз үлестерін қосады. Алайда, олар өз мамандықтарын жүректерімен қалап таңдамаған болса, ел дамуын тежеуі мүмкін. Оған дәлел ретінде күнделікті өмірден мысал келтіруге болады.
Мәселен, спортшы болуды қалаған азамат ата-анасының ықпалымен немесе отбасылық жағдайға байланысты дәрігер болды делік. Ол өз мамандығын меңгеру жолында ізденіс танытпай оқуын бітіреді. Кейін жұмысқа орналасады. Бірақ, тапсырылған жұмысқа салғырт қарап, бос уақытын спорт залдарында өткізуді қалайды. Бұдан нені ұғуға болады?! Әрине, адам өмірінің маңызды кезеңдері босқа өткенін, уақыттың зая кеткенін, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің жоқ екенін. Сол себепті, психологтар мамандық таңдау барысында адамның икемділігі мен ішкі жан дүниесінің қалауына ерік берген жөн дегенді алға тартады. Өйткені, мамандық таңдау – болашақты таңдау.
Осы ретте, «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзін басшылыққа алсақ болады. Бұл орнықты ой мамандықты қатесіз таңдау адамның тұлғалық қалыптасуына, өмірден өз орнын табуына маңызды рөл атқаратынын білдіреді.
ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР ҺӘМ ЖАҺАНДАНУ ПРОЦЕССІ
Жасыратыны жоқ, осыдан он жыл бұрынғы ең таңдаулы мамандықтарға қазіргі таңда сұраныс жоқтың қасы. Бұл технология мен техниканың сандық жүйеге көшуінің тым жылдам жүріп жатқанын білдірсе керек. Оның үстіне жаһандану процесі мен ғылымның күн санап қарыштап дамуынан бұрын-соңды болмаған жаңа мамандықтар пайда болуда.
Мәселен, біздің бала кезімізде робот жасауды меңгеру елес, ертегі, орындалмайтын арман секілді көрінетін. Ал қазір мектеп қабырғасында жүріп-ақ кішігірім роботтарды құрастырып, ғылыми жобаларда бақ сынап жүрген оқушылар көп. Десе де баяғы сарынмен мұғалім, дәрігер, құқық қорғаушы болуды мақсат тұтқандардың саны да аз емес. Бұл ретте, аталған мамандық иелерінің қоғамдағы орнына нұқсан келтіру ойда жоқ. Тек Мемлекет басшысының алға қойып отырған мақсат-міндеттерін орындау үшін бізге бұл үш мамандықтан да басқа жүздеген мамандық иелері ауадай қажет екенін түсінуіміз керек.
Атап айтқанда, алдағы он жылдықта Үшінші жаңғыруда айқындалған жоспарларды орындау үшін қоғамға молекулалық диетолог, киберпротездер жасаушы, интеллектуалды меншіктерді бағалаушы, электронды киім-кешек рецептілерін жобалаушы, энергия жүйелерінің дизайнері, интеллектуалды энергия желілерінің инженері, «ақылды жолдар» салушылар, ғарыштық туризм менеджері, ғарыш жолдарының инженері, роботтарды басқаратын нейроинтерфейстерді жобалаушы секілді мамандық майталмандарының еңбегі керек. Бәлкім, жаңа заман талаптарына сай бұл мамандықтарға да уақыт өте келе қажеттілік азаяр. Бір анығы, замана көшінен қалмау, әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу білім мен біліктілікке келіп тіреледі. Оның үстіне, зерттеушілердің мәліметі бойынша, бүгінде маңызды болып саналатын құзыреттіліктердің 35 пайызы енді бес жылдан кейін толықтай өзгеріске ұшырайтын көрінеді. Айталық, бірқатар мамандықтардың мазмұны мен сапасы трансформацияға ұшыраса, кейбір мамандықтар толықтай жойылып кетпек. Сөйтіп, олардың орнына мүлде жаңа мамандықтар пайда болмақшы.
АТА-АНА ЫҚПАЛЫ, ТҮЛЕК ТАҢДАУЫ
Кез келген ата-ана баласының өмірден өз орнын тауып, жемісті еңбек етіп абыройға кенелгенін қалайды. Сол себепті мамандық таңдауына баса мән береді. Осы ретте, «Баланың мамандық таңдауына араласу дұрыс па?» деген сұрақ туындайды. Аталған сұрақты мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарына жолдағанымызда пікірлер тоғысы екіге жарылды. Бір топ ата-ана балаға еркіндік берген жөн дегенді алға тартса, екінші топ «ол мамандықты меңгеріп, қазір жұмыссыз жүргендер көп...» деп баласын райынан қайтарғандарын жасырмады. Сонда қайсысы дұрыс?
Біздің бұл тақырыпқа тоқталуымызға мектеп бітіруші түлектер мен 9-сынып оқушылары арасында республика бойынша жүргізілген сауалнама түрткі болды. «Қай мамандықты таңдайсың?» деген сұрақ негізінде жүргізілген сауалнамаға қатысушылардың 63%-ы «Ата-анам біледі» десе, 9%-ы таңдаған мамандықтарын жазған. Сәйкесінше, қалған 28%-ы «Тұрмыс жағдайыма байланысты әлі нақты шешім қабылдамадым» деп жауап берген. Демек, бүгінгі таңда баланың мамандық таңдауына, қазіргі тілмен айтсақ «өмір жолына түсуіне» ата-ананың ықпалы жоғары екенін аңғарамыз...
Зерттеушілердің айтуынша, бұл үрдіс дұрыс емес. Өйткені бала өзі қалаған оқуды оқымаса ол сапалы, білікті және өзі еңбек ететін сала бойынша тиімділігі мол реформа жасайтын сұранысқа ие маман бола алмайды. Сондықтан әлемнің алдыңғы қатарлы Жапония, Қытай, Малайзия, Швейцария секілді елдеріндегі білім беру жүйесі балаға еркіндік беруге негізделген. Түптеп келгенде, жұмыссыздықтың белең алуы да мамандықты дұрыс таңдамауға тікелей байланысты.
Бұл ретте, түлектерге мамандық таңдау тұрғысында кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары білім ордаларында жүргізіліп келеді. Мәселен, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Жанна Сәркееваның айтуынша, аталған білім ошағында «Мамандық таңдау – табысты өмірдің кілті», «Әр түлек өмірден өз орнын табуға тиіс», «Мамандықтың бәрі жақсы, таңдай біл!», «Мамандығым – мақтанышым» тақырыптарында кездесулер, дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар және пікірталастар ұйымдастырылған. Іс-шаралар барысында жаһандану кезеңінде сұранысқа ие мамандықтар туралы мағлұматтар беріліп, түлектерді алдағы ҰБТ сынағына психологиялық тұрғыда дайындау жұмыстары жүргізілген. Мектеп қабырғасындағы осы тектес тағылымы мол іс-шаралардың нәтижесінде мектеп түлектері жыл сайын жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсіп, кейін кедергісіз жұмысқа орналасып, бүгінде ұстаздар сенімін, ата-ана үмітін ақтап, ел дамуының әр алуан саласында еңбек етуде. Бұл педагогикалық ұжым қызметкерлерінің жемісті еңбегінің бір көрінісі және қоғам үшін пайдасы зор іс-шаралардың нәтижесі.
МЕН СӘУЛЕТШІ БОЛАМЫН...
Сұлушаш Әлтаева Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінің 11-сыныбында оқиды. География пәнін таңдаған ол болашақта сәулетші болуды мақсат тұтқан. Мектеп бітіруші түлек жыл сайын зәулім ғимараттар салынып, сәулеті мен дәулеті артқан еліміздің құрылыс индустриясы саласына өз қолтаңбасын қалдырғысы келеді.
– Париж дегенде көз алдымызға Эйфель мұнарасы елестейді. Сол секілді Қазақстан десе, жұртшылық Астана қаласындағы Бәйтеректі еске алады. Әрине, елімізде Бәйтеректен басқа керемет нысандар бар. Бірақ көп емес. Ал Ел Президентінің туризмді дамыту бағдарламаларында әлем жұртшылығын кескін-келбетімен тартатын, заманауи кешендердің алар орны ерекше. Сондықтан құрылыс нысандарының жобасын әзірлейтін, аудан, қалалардың бас жоспарын нақтылайтын сәулетші болғым келеді, – дейді Сұлушаш Дүйсенбекқызы.
Мектеп оқушысы бізбен әңгімесінде ата-анасының дәрігер немесе мұғалім болуға үгіттегенін жасырмады. Бірақ ол қоғамның даму бағытын ой елегінен өткізіп, таңдауды өзіне қалдырыпты. Оған бала күнгі қызығушылық пен жүрек қалауы әсер еткен. Жас түлек отандық сәулет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыруды армандайды.
Аудан мектептерінің басым бөлігіне хабарласып, түлектер таңдауы туралы мәліметтерге қанықтық. Ұстаздардың айтуынша, оқушылардың арасында дәрігер, мұғалім, заңгер, тарихшы, құқық қорғаушы және журналист болуға ұмтылғандардың саны басым. Ал құрылысшы, механизатор, инженер мамандығын меңгеруге жастар әлі де болса жүрексінетін көрінеді. Бірақ ынталары бар. Осы ретте, ұстаздар қауымы мен үйдегі ата-ана бірлесіп жұмыс жасап, оқушының қоғамдағы сұранысы жоғары мамандықты таңдауына ықпал етуі қажет... Қалғаны уақыттың еншісіндегі іс.
Түйін
Екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген досым бар. Бірақ, жұмыссыз. Кезінде ата-анасының ақшасына қоғамдағы «ең таңдаулы» деген заңгер мамандығы бойынша колледжді де, университетті де бітірген. Бірақ, қазіргі таңда оған сұраныс жоқтың қасы. Сұраныс әрине бар, бірақ талап екі есе қатаң. Әрі заңдар мен ережелер, қаулы-қарарлар жиі өзгереді. Сол досым кейде күріш даласында жемісті еңбек етіп, көлік мініп, үй салып, бала-шағасын оқытып жатқан азаматтарды көріп, «Неге ауылшаруашылық саласына қажетті мамандықты меңгермедім. Енді бәрі кеш» деп күйінеді. Себебі, ол өмірінің ең қымбат кезеңі – жастық шағында мамандық таңдаудан қателескен. Ендеше, құрметті жас түлек, мамандық таңдауға мән беріңіздер. Сіздерде уақыт бар. Бастысы, қоғамға қажетті мамандықты меңгеруге ұмтылыс жасау керек.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден