Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Анамның жетпісінші көктемі

Анамның жетпісінші көктемі

Ананың балаға деген махаббатын сөзбен айтып жеткізу үшін «ақын болып неге тумадым» деп кейде ойланамын. Ақынның жүрегінен шыққан сөздер маржандай төгілетініне тәнті болғанымнан болар, мен үшін ана ұғымы өрнекті өлеңмен, әсем әуенмен, сазды жырмен астасып жатқандай сезіледі. Дегенмен жаныма қалам мен қағазды серік еткеннен кейін жүректегі тебіренісімді қара сөзбен көркемдеп жеткізуді жөн көрдім әрі перзенттік парыз санадым.

Сәбиін құшағына қысып, ананы бақытқа бө­лейтін сәттің керемет екенін өзіміз ана болғанда ғана білдік. Біздер бүгінде ана болсақ та анамыз үшін әлі баламыз. Қанша жасқа келсек те тілеуімізді тілеп, жанымыз жабырқағанда жанымыздан табылатын анамыздың орны ерекше болып қала береді. Ал бізді өмірге әкеліп, ешкімге жаутаңдатпай, бар асылын бізге арнаған анашым Зия­да Тапатқызы – менің және үш бауырымның жән­наты. Анамның жеке куәлігіндегі есімі – не­гізінен Зейнекүл. Бірақ сол баяғы кеңес өкі­метіндегі «паспорт столдағылар» Зияда деген есімді түрпідей көрді ме өз беттерінше Зейнекүл деп қаламсаппен жаза салыпты. Бірақ осынау жылдар ішінде құжатқа мән берген адам жоқ. Біздің анамызды туған да, туысқан да, бауырлары да Зияда деп атайды. Себебі анама әкесі осылай есім берген. Анам – отбасында қос ағасынан кейін өмірге келген қыз бала. Ескіше сауатты болған нағашы атамыз қызына мұсылманша ат қоюды ойласа керек, араб сөзінен аударғанда «Зияда» сөзі артықша, ерекше, тамаша деген мағынаны білдіреді екен. Міне, соңынан ерген інісі барлығы үш ер баланың ортасында­ алыс­тағы Қызылқұмда өскен анам шешесінің қа­сында жүріп қолөнерді жастайынан үйренеді. Бала кезінен әкесі алыстан базарлап әкелген маталардан қиюын қиыстырып анасына, өзіне көйлек-көншек тігеді. Анасы кейін бұл өнері қы­зына өмірлік азығы, несібесі болатынын сезгендей, аудан орталығына мектепке жібергенде де бар киімін өзі тігіп алатын болған.

Қатарынан қалмай мектепте оқып, білім ал­ғанда сары қыз атанған анамның қалың қолаң шашы етегіне дейін жетіп, қос білектей бұрымы ажарына ерекше көрік берді. Қазір де анасының өсиетімен шашын қиған емес. Небәрі он сегіз жасында менің әкеммен қосылып, отау құрады. Ол кезде әкем Таңатардың жасы орда бұзар отыз жасқа таяған. Анамды келін етіп, анасына алып келгенде бұрыннан жақын араласып туысқан болып кеткен әрі әкесінің құрдасы Тапат пен Қаршығаның қызы болғанына қуанып, ақ батасын берген. Міне, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіп, былтыр ата-анамыздың алтын тойы сән-салтанатымен тойланды. Бар туыс пен құда-жегжат тілектерін айтты.

Анамның жасы осы күні жетпіске келсе де енесінің жақсылығын көп көргенін үнемі айтып оты­рады. Әжеміз Зүбайраның ешкімге қатты сөзі жоқ, кішкентай ғана сұлу әйел болғаны ол кезде кішкентай бала болсақ та еміс-еміс есімізде. Әлі күнге әжеміздің келбеті суретіне қараған сайын сана­мызда жаңғырып тұрады.

–  Көпке дейін денсаулығым болмай бала кө­те­ре алмадым. Сонда да асты-үстіме түсіп, енем әлі жас екенімді айтып, демеп жүретін. Қа­та­­рымнан қалдырмай, аудандағы сол кездегі үлкен мекеменің бірі «Тұрмыстық қажетті өтеу комби­натына» тігіншілікке жұмысқа орналасуыма қарсы болмады. Бұрыннан тігіншілікке ике­мім бар, бұл жұмысты алдымен үйренуші болып бас­тап, жиырма жылдан астам уақыт мекеме та­рағанша сонда жұмыс істедім. Екі ауысыммен жұмыс істейтін кезіміз. Түн мезгілінде жұмыстан келгенімше енем ұйықтамай күтіп, ас-суымды дайындап отыратын. Марқұм анамдай болған енем үшінші сәбиіме аяғым ауыр кезде дүниеден өтті. Сонда босануға ай-күнім жақын қалғанын біліп жүрсе керек, бір аулада тұратын абысыныма «Зияда «бөтен» бала туады, дұрыстап қа­­раңдар» деп тапсырып, ұл босанатынымды іші­нен сезгеніне қайран қалдым. Арасы бір ап­таға жетер жетпес уақыт өткенде шынымен де ер бала босандым. Қайынағам анамыздан кейінгі қазадан кейін «бәрің де берік болыңдар» деген ырыммен балаға Берікбол деп есім берді, – деген ардақты анамыздың әңгімесін қанша тыңдасақ та қайта-қайта айтқанын қалап тыңдай бергіміз келеді.

Жиырма жасында еңбекке араласып жүріп, төрт перзентін дүниеге әкелген анамыздың балалары үшін жасаған жақсылығын ешқашан өтей алмаспыз, сірә. Елдегі тоқырау, жоқшылық заман біздің отбасымызға да түрпідей тиді. Үл­кен әпкем тұрмысқа шыққанда теңге ауысса, менің де мектептен кейін бір жыл жұмыс іс­теп, жоғарғы оқу орнына түскен кезім. Балаларын қатарынан қалдырмай жұмыссыз қалғанда қарауыл болып жұмыс істейтін әкеміздің табысына қосымша болсын деп ала дорба арқалап, сауда жасады. Сондағысы елде қат болған «ше­мішке майды» Түркістан шаһарынан тасып сатты. Қолдағы артылған тиын-тебенін қалада оқып жүрген маған «жол-пұл болсын, тамағын алып жесін» деп беріп тұрды. Анамның дархан көңілінің арқасында тарыққаным, жабыққаным, қандай да бір қажеттіліктерге қолымның жетпеген кезі есімде жоқ. Ең бастысы, анамыз барлық баласын тең көріп, махаббатын аямады, өмірден өз орнымызды табуымызға негіз болды.

Тоқсаныншы жылдары елдегі жоқшылық қан­шама әйел адамын тоздырып жіберуге дейін апарғаны есімде. Олай дейтіміз, жұмыстың жоқтығынан көбіне ер адамдар үйде отырып, әйелдер базар жағалады. Көбіне орыс ұлты мекендейтін Байқоңырға пойызбен картоп тасып, сатса, арасында мына шеті Арал, бергі шеті Тереңөзектің ауылдарын аралап ешкінің түбітін жинап, болмашы ақшаға оны өткізді. Қазір сол қиыншылықтың анамыздың иығына қаншалықты ауыр соққанын ойласам, еріксіз көзіме жас ке­леді. Апта сайын үйге келгенімді қалап, екі күннен кейін қалаға кетерде қалтама тапқанын салып жіберетін анамның алдындағы парызымды өтеу үшін күшімді салып келемін. Әрбіріміз ата-анамызға «жаман» деген сөзді естіртпеуге, жақсы отбасы болуға тырысып, көңілін аулап, қатарымыздан қалмауға барымызды салып ке­леміз.

Әке-шешеміз екі қызды қатарынан қал­дырмай, артынан ерген екі ер баланы да жетілдіріп, олардың да балалы-шағалы болуына күш-жігерін аямады. Қазір бір-бір шаңырақ иесі болып отырған бір үйдің балалары әкеміз бен анамызға немерелер сүйгізіп, шөберенің қолынан су ішкізді. Шүкір Аллаға, қарашаңырақта ата-анамыздың жағдайын жасап отырған кіші ініміз Бауыржан мен келініміз Лаура, олардан сүйіп отырған төрт немерелерібар. Олар қарт әкеміз бен анамыздың қолын жылы суға салып, бағып-қағып отыр.

Отбасымыздың шамшырағы, балаларының жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, ұл­дарына, келіндеріне ақылшы болып отырған анамыз бүгін жетпісінші көктемін ұрпақтарымен бірге қарсы алуда. Жаратқан Алла анамызға осы жасқа келсе де тынымсыз тірліктің ортасында жүруді, үйде отырып қалмауды нәсіп етті. Ақ жаулықты анамыз бұрыннан қолынан келетін ісмерлікпен әлі күнге дейін айналысады. Тапқан нәпақасын әлі күнге балаларының аузына тосады.

Өмір бойы ақ адал маңдай терімен еңбек етіп, жақсы жар, сүйікті ана болып келе жатқан анамызға Алла ұзақ өмір берсін деп тілейміз. Әкемізбен өсірген ұрпақтарыңыздың тек рақатын көріңіздер!

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
15 сәуір 2023 ж. 792 0