Қазыналы ғұмыр
Дүниедегі ең әдемі әуен – ананың бесік жыры, ең жылысы – ананың алақаны, ең тәттісі – ананың ақ сүті, ең мейірімдісі – ананың өзі. Мен бүгін ғазиз анам жайлы жазып, қалам тербемекпін.
Ана – күштінің күштісі, мықтының мықтысы, ерекше құдіреттің иесі. Жер бетінде қанша адам болса, солардың әрқайсысы «Ана» деген құдіретті сөзге өзінше жаңа, тың мағына береді. Менің анам Жарықбасова Ботакөз Әбдраманқызы – әкеміздің өмірлік серігі, біздердің жанашырымыз, шаңырағымыздың шаттығы.
Ана мен бала арасындағы махаббатты, сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Қандай әдемі сөз айтсақ та, ананың баласына деген шексіз ықыласын, риясыз көңілін сипаттап бере алмайтындаймыз. Ана баласын сөзсіз түсініп, жүрегімен сезеді. Бауыр еті баласының жай-күйін қабағынан-ақ аңғарады. Кімнің де болсын өмірдегі ең бір жанашыры, шынайы қамқоршысы – анасы.
Кішкентай кезімде ауырып қалсам, анам дәрігерге апаратын. Сонда таң қалатыным анам дәрігерге менің қай жерім қалай ауырып тұрғанын, не істегім келетінін, неге зауқым болмай тұрғанын дөп басып айтып беріп жататын. Сонда «Бәрін қайдан біледі екен» деп ойлайтынмын. Сөйтсем әлемнің жарығын сыйлаған ана баласын сөзсіз-ақ сезіп, іштей ұғып тұрады екен.
Мектеп бітірген соң арман қуып алып шаһар Алматыға оқуға түстім. Үйден жырақтап көрмеген маған отбасымнан алыста жүру бастапқыда қиындық туғызды. Содан бірінші демалысқа келгенде анамның иісі сіңген орамалын алып кеттім. Оны алып кеткеніммен қоймай, жастығыма жастап жататынмын. Қала көріп, бой жазып қалған қатар құрбы қыздар үйінен алыстап көрмеген ерке қызға күліп қараса, өзім сияқты бірді-екілісі үйдегі ақ жаулықты аналарын сағынып, көз жастарын сығып алатын. Бүгінде мұның бәрі қызық сияқты. Бірақ бұл – ана мен бала арасындағы көзге көрінбейтін, жүрекке ғана жүк түсіретін, көңілге көркем ой сыйлайтын сезім.
Қазір тасбауыр ана көбейді дейміз. Ұл әкенің тәрбиесін көрмей, қыз қырық үйден тыюды ұмытқандықтан еш нәрсеге таң қалмайтын заман болды. Көпке топырақ шашпаймыз. Қанша айтқанмен өз баласына еміренбейтін ана жоқ. Ал біздің аналарымыз өз қамынан баласының жайын биік қойған жандар ғой. Қазақ әйелінің нағыз эталоны, ана деген ардақты атты сондай бір биік ұстаған анамызға қашан да қарыздармыз.
Алматыда оқып жүріп, ауырып қалдым. Онымды анама айтып, уайымдатқызғым келмеді. Бірақ әлгінде айтқанымдай ана жүрегі бәрін сезетіні тағы бір дәлелденді. Анам мені уайымдап қалаға келіп алыпты. Содан мені көріп, көңілі көншіп, көп күннен кейін ауылға қайтты. Сол жылы дерт дендеп емханада біраз уақыт емделдім. Бірде дәрігер «Аружан, сен қандай бақыттысың» дейді. Дымға түсінбеген мен «Неше ай төсек тартқанның несі бақыт» деп қоямын ішімнен. Сөйтсем анам дәрігердің нөмірін жазып алып, менімен сөйлескенінен бөлек күнде хабарласып, жағдайымды бақылап отырады екен. Сонысына риза болған дәрігерім «Сені ойлап, үнемі саған алаңдайтын жан бар. Қандай бақытты едің. Қанша жылдық тәжірибем бар. Қаншама адам емделіп кетіп жатыр. Бірақ осы күнге дейін сенің ата-анаңдай ешкім де маған жиі хабарласып, баласының жағдайын сұрамапты» деді. Біздің анамыз осындай жан.
Биыл біздің ардақты әкеміз бен аяулы анамыздың шаңырақ көтеріп, отау құрғанына 43 жыл. 1978 жылы отау тіккен ата-анамыз бүгінде тамырын тереңге жайған бәйтеректей біздерді саясына алып, қара шаңырақтың шаттығын еселеп келеді.
Әкеміз Мұханбетқали Мұқанұлы ұзақ жыл құқық қорғау саласында, одан кейін жергілікті атқарушы органдарда абыройлы еңбек еткен. Анамыз 50 жылға жуық уақыт бойына тігіншілік өнерді жанына серік етіп келеді. Әке – отбасының тірегі, ана – бесіктің иесі, өмірдің керегесі. Ата-анамыз саналы ғұмырларын бала тәрбиесіне арнап, біздің үлкен азамат болып, өмірден өз орнымызды табуымызда еш аянып қалған емес. Бет түзер құбыламыз әкеміз бен анамыз бізге түзу тәрбие беріп, «ешкімнің ала жібін аттама, қолыңнан келіп тұрса, көмектесуден жалықпа» дегенді кішкентай күнімізден құлағымызға құйып өсірді.
Біздің үй – атадан қалған қарашаңырақ. Сондықтан болар, үйімізден мейман арылмайды. Келген-кеткен қонақтың бәрін анамыз күтіп алып, разы қылып шығарып салады. Әулеттің үлкені, ана орнына ана болып қалған жеңгелерін қайны, қайнысіңлілері «біздің шешеміз» деп ардақтайды. Бұл да біздің анамыздың мәрт көңілінің, адалдығының арқасы.
Ата-анамыз бізді қанаттыға қақтырмай, алаңсыз білім алуымызға барын салды. Бүгінде бес қызы бес жұлдызына айналып, өмірден өз орындарын тапты. Қазір үлкен өмірге қадам бастық, қандай да бір жетістікке жетсек, ата-анамыздың ерен еңбегі мен маңдай тері, сол кісілердің тілеуі екенін естен шығарған емеспіз.
Әке – асқар тау, ана – бұлақ. Адамның бір қызығы бала болса, балаға ата-анадан жанашыр жан жоқ. Ана – бесіктің иесі, өмірдің керегесі. Ана – тіршілік тұтқасы, отбасының берекесі, алтын діңгегі, тілеуқор қолдаушысы. Дана халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы дейді. Ата-ананың аялы алақаны мен жүрегіне, шексіз мейірімі мен кіршіксіз көңіліне тең келер ешнәрсе жоқ. Ендеше ата-анаға құрмет – перзентке міндет екенін естен шығармайық.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ