Бала тәрбиесіне кім жауапты?
Бала тәрбиесі, өтпелі кезеңдегі жасөспірімдердің қызығушылығы мен іс-әрекеті, оқушылар арасындағы әлеуметтік мәселелер өз өзектілігін ешқашан жоймайды. Бұл жылдың бір мезгілінде немесе белгілі бір кезеңдерде ғана айналысып, көңіл бөлетін шаруа емес. Бұл мәселемен күнделікті айналысып, көңіл бөлмесе, күтпеген оқыс оқиғалар орын алуы мүмкін. Оның үстіне халық даналығында «Бала – біздің болашағымыз» деп бекер айтылмаған. Осы тақырыпты кеңінен тарқату үшін аудандық білім бөлімінің ұсынысына сәйкес аудандық газет редакциясында келелі кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге ардагер-ұстаз, білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Ұлмекен Жанәлиева, еңбек ардагері, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің әкелер кеңесінің төрағасы Мектепхан Елеусінов, Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кенжетай Темірнұров, Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицейінің педагог-психологы Қалдыгүл Сәрсеналиева, аудандық полиция бөлімініңарнайы шақырылды. Ардагерлер мен білім, құқық қорғау саласының өкілдері қатысқан басқосуды аудандық газеттің бас редакторы, депутат Ақтөре Ибрагимұлы жүргізді.
А.Ибрагимұлы: Құрметті ардагерлер, сала өкілдері, бүгін біз ортақ тақырыпта әңгіме өрбітіп, бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді талқылауға жиналып отырмыз. Бұл басқосу аудандық білім бөлімінің ұсынысына сәйкес ұйымдастырылуда.
Өздеріңіз білетіндей, соңғы апталарда облыс аумағында оқушылар арасында келеңсіз жағдайлар орын алуда. Мұндай теріс әрекеттерді болдырмау мен алдын алу үшін не істеуіміз керек? Қайткен күнде балалар тәртіпті, тәрбиелі болады және оларды әлімжеттік жасау, өзгенің ар-намысына тию, ауыр сөздер айту, қатігездікке бойалдыру секілді жаман әдеттерден сақтаймыз? Міне, осы сұрақтарға өздеріңізбен бірге жауап іздегенді жөн көрдік. Мен алғашқы сөз кезегін ардагер-ұстаз, білім беру саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Ұлмекен Жанәлиеваға ұсынғанды жөн көріп отырмын.
Ұ.Жанәлиева: Рақмет, мен бүгінгі басқосуымызды тарихи басқосу деп бағалар едім. Өйткені, бұған дейін дәл осындай форматта редакция қабырғасында келелі кеңес ұйымдастырылған жоқ. Бұл сіздердің аудандық білім бөлімімен әріптестік тығыз қарым-қатынаста екендіктеріңізді білдіреді. Сондықтан ең алдымен кездесуді ұйымдастырып, біз секілді сала өкілдеріне мерзімді баспасөз арқылы пікір айтуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін.
Расында да бала тәрбиесінің мәні мен маңызы, өзектілігі артпаса, ешқашан төмендеген емес. Қай қоғамда да балалардың тәрбиесіне жіті көңіл бөлінеді. Бұл – өте «өткір», өте «нәзік» мәселе. Сондықтан мұны біржақты қарастыруға болмайды. Ортақ тақырып деп айтатын болсақ, ортақ мәселе деп те айтуымыз керек. Өйткені, бала – ата-анаға перзент, ұстазға оқушы, ал мемлекетке – болашақ үшін қажетті құндылық. Мен неге құндылық деп айтып отырмын? Құндылық деген сөздің мағынасы мән берсек, ол құнды, бағалы дегенді білдіреді. Сол секілді әр баланың тағдыры, оның бүгіні мен болашағы мемлекет үшін басты құндылық, басты критерий болып саналады. Ал біз мемлекетіміздің болашағы үшін көзіміздің ағы мен қарасы, үмітіміз бен сеніміміздің арқауы болған бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарауымыз керек. Оған бірінші кезекте ата-ана, сосын мектеп пен ұстаз, кейін мүдделі органдар мен мемлекет тікелей жауапты.
А.Ибрагимұлы:Дұрыс айтасыз, бала тәрбиесі – баршаға ортақ. Меніңше, осы ортақ мәселеге кейбір ата-аналар жүрдім-бардым қарайтын секілді. Соның салдарынан бала бақылаусыз қалып, бассыздыққа барады, түрлі оқыс оқиғаларға ұрынады. Бұл жөнінде №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің әкелер кеңесінің төрағасы Мектепхан Елеусіновтің пікірін білсек.
М.Елеусінов: Халқымызда «Баланың бас ұстазы – ата-ана» деген сөз бар. Бұдан асырып не айтуға болады? Әрине, баланың әрбір іс-әрекетіне ең алдымен ата-ана жауапты болуы керек. Өзіңіз айтқандай, сол жауапкершілікті тереңірек сезінбейтін ата-аналар көбейді. Олар жұмысты, материалдық қажеттілікті бірінші орынға қойып, балаларына көп көңіл бөлмейді. Біз №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі жанынан әкелер кеңесін құрдық. Кеңестің басты мақсаты – ұстаздардың жұмысына жәрдемдесу, бала тәрбиелеу ісіне атсалысу, отбасындағы әкелердің рөлін көтеру арқылы рухты, сауатты, саналы ұрпақ қалыптастыру. Енді бір мәселе айтайын, осы кеңеске мүше болмақ түгілі, жиналыстарымызға келуге қашатын, тіпті қажетсінбейтін әкелер бар. Оларға не айтуға болады? Бала – соныкі, оның жемісін де өзі көреді. Сондықтан мен әрбір әке өз баласына уақыт арнаса, көңіл бөлсе, оған үлгі-өнеге көрсетсе деп ойлаймын. Әкелер кеңесі – өте қажетті институт. «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп бекер айтылмаған. Біздің нақты жоспарларымыз бар. Оның ішінде кездесулер, тақырыптық басқосулар, түрлі форматта жиындар өткізіп келеміз. Бұл іске мектеп әкімшілігі қолдау көрсетуде.
А.Ибрагимұлы: Ал ата-ананың жауапкершілігін арттыру үшін не істеу керек? Бұл ретте мектептердегі педагог-психологтардың ұстанымы қандай? Сол туралы Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицейінің педагог-психологы Қалдыгүл Сәрсеналиева айтса.
Қ.Сәрсеналиева: Мен педагог-психолог ретінде бала тәрбиесіндегі барлық мәселе отбасына тікелей байланысты деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені, кез келген бала өмірге келгенде бірінші мұғаліммен, қоршаған ортамен емес, әуелі ата-анамен табысады, соның қарауында болады. Сөздің шыны керек, баласы өмірге келгеннен кейін 2-3 жасынан бастап қолына телефон беріп қоятын ата-аналар көп. Баласымен сөйлеспейтіндер, оның қызығушылығына мән бермейтіндердің де саны артты. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Тіпті, өте жұмысбасты ата-аналар кейде балаларының туған күнін де ұмытып кетіп жатады. Мұның бәрі көңіл бөлмеудің, баланы екінші орынға қоюдың салдары.
Менің қабылдауыма ата-аналар көп келеді. Олар «Балам ашушаң болып кетті. Мінезінде түсініксіз өзгерістер болуда. Соны маман ретінде қарап, кеңес беріңізші» дейді. Мен ата-ананы да, баланы да бірге отырғызып бірдей сұрақ қоямын. Ата-анасынан баласы туралы, баласынан ата-анасы туралы сұраймын. Мәселен, баласының мектепте кіммен бір партада отыратынын, бүгін неше сабақ болғанын, арманы қандай екенін сұрасам, осы қарапайым сұрақтардың жауабын білмейтін ата-аналар кездеседі. Балалары да ата-аналары туралы өте аз мәлімет біледі немесе жұмыс орнын айтумен ғана шектеледі. Бұл ата-ана мен бала арасындағы алшақтықтың ұлғайғанын білдіреді. Психолог ретінде әрбір ата-анаға балаға өте көп көңіл бөлудің маңызды екенін айтқым келеді.
А.Ибрагимұлы: Пікіріңіз орынды. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыстарды нығайтудың да маңызы зор деп ойлаймын. Біздің бүгінгі кездесуімізге Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кенжетай Темірнұров арнайы қатысып отыр. Мектеп, оқушы, ата-ана үштігі туралы сөз кезегін ұсынсақ.
К.Темірнұров: Балаларымызға «Ұстаз – екінші анаң» деп ақыл айтатынымыз рас. Алайда бала үшін ата-ана – бірінші ұстаз екенін естен шығарып алмауымыз керек. Әрине, жас өренді білімді, тәрбиелі етіп қалыптастыру барысында жауапкершілік жүгі ұстаздарға артылатыны түсінікті. Осы тұста ешбір мұғалім алдындағы балаға теріс әрекет үйретпейтінін, жаман әдетті жанына серік ет демейтінін қаперде ұстау керек. Сапалы білім, саналы тәрбие беру білім беру ұйымдарының негізгі міндеті болғандықтан оны үнемі өз деңгейінде жүргізу, жетілдіру ұстаздардан ұдайы талап етіледі, жауапкершілігі сұралады. Дегенмен, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Арамыздағы бір жеткіншек бұралаң жолға түсіп, сағы сынса оған бәріміз бірдей өзімізді айыпты сезінуіміз керек. Бірақ мектеп, ата-ана, ұстаз, жалпы қоғам болып осы бағытта жауапты жұмыс істесек, қолға алған ісіміз нәтиже берері сөзсіз.
А.Ибрагимұлы: Біз зайырлы демократиялы елміз. Бізде заң бар. Мен осы келелі кездесуде аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Абай Мұстафаевқа «Балалардың түнгі мезгілде ата-аналарының бақылауынсыз жүруі қаншалықты заңды?» деген сұрақ қойғым келеді. Жауапкершіліктері нақтыланған ба? Балалардың беймезгіл уақытта жүруі анықталса, оларға қандай шара көріледі?
А.Мұстафаев: Әрине, нақтыланған. Егер, оқушы бала ата-анасының немесе заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз беймезгіл уақытта көшеде жүрсе, онда ол аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, түсінік алынады, есепке қойылады. Баланың заңды өкілдеріне ата-ана, бала асырап алушылар, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиелеушілер жатады. Балаға ойын-сауық мекемелері мен үйден тыс жерлерге баруға баланың заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз түнгі уақытта (сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін) тыйым салынады. Ойын-сауық мекемелеріне түнгі клубтар, кафе-барлар, мейрамханалар, интернет кафелер, компьютер орталықтары, бильярд бөлмелері, боулинг клубтары мен кинотеатрлар, театр және ойын-сауық нысандары жатады. Беймезгіл уақытта балалар көшеге шықса, полиция оның себебін анықтау мен заңды өкілдерін табу үшін кәмелетке толмаған жасөспірімді полиция бөліміне жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті. Ата-аналарға, заңды өкілдерге кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдерінсіз түнде ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерлерде жүргені үшін айыппұлдар көзделген. Атап айтқанда, кешкі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде жүрген баланың ата-анасына 3 АЕК мөлшерінде (10350 теңге) айыппұл салынады. Түнгі 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе ескерту беріледі және егер ұқсас дерек қайталанса, 7 АЕК көлемінде айыппұл (24150 теңге) қарастырылған. Тек заңды өкілдер ғана баланы аудандық полиция бөлімінен алуға құқылы. Егер ата-аналары уақытша ауылда болмаса, онда туыстары немесе өкілдері тиісті құжатты немесе нотариалды куәландырылған сенімхатты ұсынуы керек.
Ұ.Жанәлиева: Басты ұстаным балалардың ең алдымен өз халқын, өз Отанын сүюден басталуын бойларына сіңіре білу керек. Балалар – біздің болашағымыз. Ертеңіміз, болашағымыз өсіп, жетілуде. Сондықтан ұстаз да, ата-ана да бала жанын түсіне білу керек. Балаға сеніп, дос болу керек, жиі сырласу қажет.
М.Елеусінов: Тәрбиенің негізі әкенің қанымен, ананың әлдиімен бойға сіңеді. Соңғы жылдары отбасында ғана емес, қоғамда әкелердің, ер азаматтардың рөлі төмендегендей. Оған кейде заманды кінәлап жатамыз. Меніңше, заманды кінәлаудың қажеті жоқ. Әркім өзінің іс-әрекетіне, ой-пікіріне жауап бере алуы тиіс.
Қ.Сәрсеналиева: Ата-аналар психологтың көмегіне жүгінуден ұялмауы қажет. Бұл өркениетті елдерде қалыптасқан жұмыс. Қайта психологпен кеңесіп, өтпелі кезеңдегі балалардың іс-әрекетін зерделеген дұрыс. Бұл ретте әр мектептегі әріптесім ата-аналарға көмектеседі деп сенемін. Баланы жас, әлі ешнәрсе білмейді, өсе келе бәрін түсінеді деп ойлау – үлкен қателік.
К.Темірнұров: Мен де әріптесімнің сөзін қуаттаймын. Ата-ана мектеппен тығыз қарым-қатынаста болса біздің жұмысымыз жемісті, нәтижелі болады. «Баланы жастан» деген халық даналығын ұмытуға ешкімнің хақысы жоқ. Бала тәрбиесі ата-ана үшін әр сағат, әр күн сайын үздіксіз жүргізілетін аса жауапты, күрделі процесс.
А.Мұстафаев: Тәрбиенің түп негізі – отбасынан басталады, оны қоғамдық қатынастардың қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасындағы тәртіп, талап баланың жақсы азамат болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Заңға сүйеніп, жауапкершілікке тартуға болады. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Ең басты мақсат – құқықбұзушылықты болдырмау. Себебі, бүгінгі құқықбұзушылық – ертеңгі ауыр қылмыс. Ал қылмыстың өтеуі – жаза.
Түйін. ҚР Ата Заңының 27-бабының екінші тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» делінсе, келесі тармақта «Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деп жазылған. Бұдан біз ата-ананың бала алдында, баланың ата-ана алдында жауапкершілігі заңмен реттелгенін ұғамыз. Ал қазақ қоғамында заңнан да жоғары құндылықтар бар екені тағы аян. Оны ата-бабаларымыз «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген үш-ақ ауыз сөзге топтастырған. Сондықтан ұятты болмау үшін тәртіпке бағынып, балаға қатысты тәлім-тәрбиеге әрқайсымыз аса мән беруіміз қажет. Ендеше, сөз қорытындысында, бала тәрбиесіне баршамыз жауаптымыз деп ой түйіндегіміз келеді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ