Саналы ғұмырын салық саласына арнаған
Барлық өркениетті елде салық жүйесі мемлекет бюджетінің негізгі көзі болып табылады. Салықтар мемлекет құрылған кезден пайда болып, сол елдің өмір сүріп, дамуының негізіне айналады. Мемлекет құрылымының өзгеруі, өркендеуі қай кезде де оның салық жүйесінің қайта құрылуымен, жаңаруымен бірге қалыптасады. Әр мемлекетке өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүргізу үшін белгілі мөлшерде қаржы көздері қажет. Мемлекет жиналған салықты экономиканы дамыту, тұрақтандыру барысында қуатты экономикалық тетік ретінде пайдаланады.
КСРО ыдырағанға дейін елде экономиканы басқарудың әміршіл-әкімшіл жүйесіне, бағаларға қатаң мемлекеттік реттеуге сәйкес келетін салық жүйесі қызмет етті. Бюджеттің басты кіріс көздерінің бірі айналым салығы тіркелген бөлшек және көтерме сауда бағаларын қолдануға және мемлекетті реттеп отыруға бағытталған болатын. Ел егемендігін алып, еңсе түзегеннен кейін қабылданған бірқатар заңдарға сәйкес жаңа салық жүйесі қалыптасты.
Салық жүйесі саласындағы түрлі өзгерістерді, жаңалықтарды көзімен көріп, аудан бюджетінің кірісін толықтыруға зор үлес қосқан, әр жылдарда жаңадан енгізілген Заң жобасына сай жұмыс жүргізіп, мамандығының қыр-сырын түгел меңгерген ардагер ана Қамытова Ұлбике Дәурішқанқызы саналы ғұмырының 36 жылын салық саласына арнаған. Қазір де осы салада жұмыс жасап, кейінгі ұрпаққа, жас мамандарға бар тәжірибесімен бөлісіп келеді. Аталған сала мамандарының мерейлі мерекесі қарсаңында ауыл әкімі ретінде қолға қалам алып, ауылымыздың мақтанышына айналған, мемлекеттік кірістер саласының ардагері Ұлбике апай туралы бір үзік сыр жазуды жөн санадым.
Өз ісінің майталманы Ұлбике апа 1960 жылы 10 қазанда Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1979 жылы Қызылорда қаласындағы №235 орта мектепті тәмамдағаннан кейін, Қызылорда политехникумына түсіп, оқу ордасын 1983 жылы техник-гидротехник мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Кейін 1992-1993 жылдары Қызылорда қалалық №6 кәсіптік техникалық училищесін есепші мамандығы бойынша бітіріп, біліктілігін шыңдай түскен. 1999 жылдан 2003 жылға дейінгі аралықта Қызылорда инженерлік-экономикалық институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1983 жылы Қызылорда политехникумын бітірген Ұлбике Дәурішқанқызы сол жылдан бастап еңбекке араласқан. 1995 жылға дейін Аманкелді кеңшарында коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарса, 1995-1997 жылдары Ленин ауылдық әкімшілігінің салық жөніндегі есепшісі, 1997-1998 жылдары салық жөніндегі инспектор, 1998-2004 жылдары Аманкелді ауыл әкімшілігінде салық инспекторы, 2001-2005 жылдары Сырдария ауданы бойынша «Салық» мемлекеттік мекемесінің салықшы инспекторы, 2005 жылдан бастап «Аманкелді ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-де салықшы әдіскер болып қызмет атқарған. Қызметке кірісімен 1984 жылы тапсырманы артығымен орындағаны үшін Аманкелді кеңшары директорының «Құрмет грамотасымен» марапатталған білікті маман еңбек жолында жоғары мәртебе мен басшылық тарапынан алғысқа бөленіп отырған. Атап айтар болсақ, салық саласының құрылғанына орай атаулы мерейтойларда алған арнайы алғыстары, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары, аудандық салық басқармасының арнайы марапаттары – Ұлбике Дәурішқанқызының ерен еңбегінің жемісі. Мұның бәрі, біздер, бүгінгі мемлекеттік қызметкерлер мен әкімдіктегі жас мамандар үшін үлгі-өнеге.
– Қарап отырсам, осы салаға бір кісінің өміріндей уақытымды арнаппын. Осы аралықта талай басшымен, түрлі адамдармен сыйласып жұмыс жүргіздік. Салық саласы – мемлекеттің негізі. Аталған қызмет иелері ел игілігі үшін, мемлекеттің болашағы үшін деп жұмыс жасайды. Жас кезімізде біз де алдыңғы буын ұстаздардан үйреніп, тәжірибе толықтырдық. Осы жолды жалғап, соңымыздан ерген буынға да жұмыстың қыр-сырын ұдайы үйретуден жалықпаймын. Ұзақ жылдар бойы тапжылмай мемлекет үшін жұмыс жасағаным мен үшін мақтаныш әрі мәртебе. Еңбегіміз елеусіз қалып жатқан жоқ. Ең бастысы заман жаңарып келеді, жастардың көбі оқыған, білімді. Ел ертеңін сеніп аманаттай алатын жас өркеннің өсіп келе жатқанына қуанамын, – дейді білікті маман.
2019 жылдан бастап зейнет жасына келген Ұлбике апа жас мамандарға үлгі болып қазіргі таңда Аманкелді ауылдық округі әкімдігінде салықшы әдіскер болып қызмет атқарып келеді. Қызметте білікті маман, абыройлы әріптес Ұлбике Қамытова отбасында аяулы ана, ардақты әже. Жолдасы Мұсабай Абдраманов екеуінің отау құрғанына биыл 36 жыл. Шаттық ұялаған шаңырақта 1 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бақытты ата-әже он немересінің ортасында.
Мемлекеттік кірістер органдары – экономикалық және қаржылық қауіпсіздік мәселелерін шешудегі мемлекеттің сенімді қолдауы. Мемлекеттің өз мүдделерін қамтамасыз етудегі маңызды құралы, стратегиялық маңызды мемлекеттік органдар. Осы сала мамандары өз кәсіби дағдылары мен тәжірибелерін ел дамуының игілігіне жұмсауда. Салық саласы қызметкерлерінің арқасында еліміздің бюджет түсімі қамтамасыз етілуде. Осы орайда барлық салық саласы мамандарын кәсіби мерекемен құттықтаймын. Еліміздегі экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елде қабылданған заң нормаларын мүлтіксіз орындау, елдің мүддесін қорғауда атқарып жатқан жұмыстарыңыз тек алғас баса берсін. Еңбекте мол табыс, отбасыларыңызға амандық, өсіп-өркендеу мен мықты денсаулық тілеймін.
Мейрамбек НҰРҒАЛИЕВ,
Аманкелді ауылдық округінің әкімі