Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашақ біздікі

Болашақ біздікі

Сыр елі – қамбасы астыққа, қойнауы байлыққа толы мекен. Адамдарының көмейіне Қызыр ұялаған жырау, жыршы болса, Жер анамыз жерден теріп жер несібемізді көл-көсір еткен. Сондай киелі мекеннің бір перзенті мен боламын.

«Бір жыл тұт еккен кісі жүз жыл гауһар тереді» дегендей, білімнің сыр-қырынан хабардар кісі өз ісін місе тұтпай, әрдайым заман талабына деген қызығушылығын арттырып, ізденісте болады. Еңбек пен білім жолы қашан да егіз ұғым. Маған өзімді дамыту барысында қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың өмірін жете тану, зерттеу ұнайды. Мен үнемі ақтаңгер тұлғалардың өмірін, жүріп өткен сара жолын оқып, зерттеп, олардың өмірлік ұстанымдарын бойыма сіңіремін. Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың мына сөзі әрдайым жаныма жалау болып, алдыға ұмтылуға жігерлендіреді. «Өмір жарқ етіп өте шығады. Сондықтан да әр күніңнің, әр мезетіңнің құнын біл!»

Өмір бір-ақ рет берілетіні хақ. Сол жалғыз ғұ­мырымызда өз атымызды неге тарих бетіне қал­дырмасқа?! Біз болашақтың ертеңі екеніміз айдан анық. Ұлт абыройы үшін басын бәйгеге тіккен әрбір қазақ баласы секілді білім алсақ, сол білімің ертеңгі күні елене түсетіні сөзсіз. «Адамзаттың Абайы» атанған хакім атамыз әрбір сөзінде қазақ халқын ғылымға, еңбекке, жақсы мінезді болуға шақырады. «Адам бол, мал тап» деген ұлағатты сөзінің өзі өз алдына бір кітап. Ұлы ақынның сара жолын мен өзіме ұстаным еттім. Талпынған сайын тереңге сүңгіп, өзіме ғибрат болардай көп нәр­сенің байыбына қанықтым, ең бірінші адам болуды, адал жолмен мал табуды, Құдайдан қорқып, адамнан ұялуды құптаймын.

Адам болып қалыптасу, айналаңа пайдаңды тигізу – мен үшін нағыз ұлы амалдардың бірі. Жер бетінде арам шөптер еш күтімсіз, қараусыз өскен секілді адамның жаман мінезі де дәл солай өн бойына еш күтімсіз тамыр жаяды. Ал жақсы мінез, жеміс ағашы секілді жылы алақанды, күтімді, баптауды қажет етеді. Сондықтан көркем мінезді болу үшін кітаппен дос болуың шарт. Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болу үшін ғылым-білімнің бастауы, қайнар бұлағы – кітапты оқып, санаға берік тоқып, биік дәрежеге жетсек екен деген ұлы арманым бар. Абай үні бүгінде әр қазақтың жүрегінде сақтаулы, Абай тынысы әлем тарихында дамыл тапқандай. Абай тағылымы болашақпен мәңгілік үндесіп жатары сөзсіз. Мен осы ақын тағылымын бойыма сіңіре отырып, көркем мінез иесі атанып, Қазақстанның жарқын болашағын жалғастырушы ұрпақ болып қалыптасқым келеді.

Ұлылар салған жолды жалғастырушы ұрпақ ретінде қазір өзімнің үлесімді мектеп баспал­дағынан бастап қосудамын. Оқ бойы оза шық­қан, келелі білімі бар оқушы жеңетініне кәміл сенім­дімін. Мен білім атты үлкен қамалдың бір кірпішін біліммен қаламаққа бел будым. Мекте­бімнің және ата-анамның үмітін ақтап, жарқын болшаққа зор сеніммен қараймын.

Мен болашақта тәрбие арқылы берілген білім кемесінің капитаны болғым келеді. Ақырын жүріп, анық басу – менің мақсатым. Менің ұстанымым – атаның емес, адамның баласы болу.

Талшын БЕКМАРАТ,
9 сынып оқушысы
08 сәуір 2023 ж. 154 0