Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалаған аяжан

Алғыс арқалаған аяжан

Денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың қай-қайсысы бол­масын үлкен құрметке ие. Себебі адам жанының арашасы болып, антына адалдық танытатын жандар инесімен де, жылы шырайымен де науқас жанына шипа сыйлайды.

Осындай жауапкершілігі жоға­ры қызметті он үш жылдан бері абы­роймен атқарып, халық­тың ал­ғысына бө­леніп жүрген жан­дар­дың бірі – Гүлзат Рахметова. Ал­ғаш­қыда ау­дан­дық ауру­хана­­ның балалар бө­лі­мінде еңбек жолын бастап, тә­жіри­бесін толық­тырған ол бір жыл­дан кейін жан сақтау бөліміне ауысқан. Білі­мін толықтырып, тәжі­ри­бесін же­­тіл­дірген маман 2018 жылдан бас­тап жан сақтау бөлімін­де ота­ға наркоз беретін жауапты маман болса, 2019 жылдан бастап осы бө­лімде аға аяжан міндетін атқарып келеді.


Жалпы жан сақтау бөлімі ата­уы­ның өзі денені дір еткізеді. «Жан сақтау». Мұнда ауыр науқастар түседі. Және де әртүрлі дертпен. Қарап отырсақ, бұл саланың қыз бала үшін қызығынан қиындығы мол. Ал анестезиолог деген ота­ға наркоз беретін, яғни денені уа­қыт­ша жансыздандыратын маман. Ол дегеніңіз тіпті үлкен жа­уап­кершілікті талап етеді. Себебі нау­қас наркозды көтере ала ма және оның белгілі мөлшері қан­дай деген мәселелер, әлбетте пациент денсаулығы бас­ты назарда болады. Бұл жерде кәсібилік пен қырағылық аса маңызды. Сала­ның қызығы мен қиындығына ба­ғыттап қойған сұрағымызға Гүл­зат ерекше ынтамен жауап беріп, жігерлене түсті.


– Адам жанына араша түсу, әсі­­ресе, ауыр дертпен түскен нау­­­қастарға көмек қолын созып,­ олар­дың құлан-таза айығып шық­­қа­нын көру жанға рақат сыйлайды. Жалпы отбасымда медицина саласын таңдағандар жоқ. Ата-анам, бауырларым түр­лі салада қызмет етеді. Бірақ ме­нің кішкентай күнімнен арманым ақ халат киіп, адамдарды емдеу болды. Осы мақсатты алдыма қойып, 2007 жылы мектеп бі­тір­ген­нен кейін Қызылордадағы ме­дициналық колледжде білім алдым. Оны бітіріп, қызметке араласа жүріп, 2018 жылы анестезистка мамандығын игеріп алдым. Өзіңіз айтып өткендей, қазір жан сақтау бөлімінде аға аяжан міндетін ат­қарып келемін, – дейді Гүлзат Тұрма­ғанбетқызы.


Айта кетейік, науқас жанына демеу болып, саланың білікті мама­нына айналған Гүлзаттың туған жері – Сәкен Сейфуллин ауы­лы. Мектеп табалдырығын ақын атын иеленген ауылда аттап, сонда тәмамдаған. Гүлзаттың мек­тептегі, жоғары оқу орнында­ғы тәлім берген ұстаздары оның бү­гінде білікті маман атануына үлкен септігін тигізген. Өзі жақсы адамның жанынан ылғи ақ­жүрек­ті жандар табылатыны сөз­сіз. Айт­­пағымыз, Гүлзат алғаш жан сақ­­тау бөліміндегі қызметін бас­таған сәтте бөлімнің сол кездегі аға аяжаны Райса Анасқызы оған көп нәрсені үйретіп, тәрбиелеген. Қыз­­меттің қыры мен сырына қа­нық­тырған ұстазы бүгінде жас ма­­манның өмірлік құрбысы, жақын әп­кесіне айналған.


– Гүлзаттың жауапкершілігіне ри­за боламын. Қай істі қолға алса да, соңына дейін жеткізіп, ықтияттап отырады. Отбасына да, қызметке де үлгеріп, абыройлы маман атанып, халық алғысына бөленіп жүр. Ең алғаш осы бө­лімге қызметке ор­наласқанда біл­геніммен бөлісіп, алдыңғы буын ре­тінде тәжірибемді үйре­туге ты­рыстым. Өзі де ынталы, бір дегеннен екі айтқызбай істі шыр ай­­налдырады. Қазіргі таңда да бөлім қызметкерлерімен әр істі ақылдасып, бірлесе шешіп отырамыз, – дейді аудандық ауруха­наның бас медбикесі Райса Анас­қызы.


Ата-анасының үкілеген үмітін ақтап, бүгінгі таңда абыройлы ең­бек етіп жүрген Гүлзат­тың қыз­мет бабында жеткен же­тіс­­­тіктері де баршылық. Әр­кез көмек қолын созуға дайын тұра­тын жан ұжым­дас­тар арасында да беделге ие. «Өзінің ісмер­лігімен, көркем міне­зімен айна­ла­сын үйі­­ріп әкететін Гүлзат – ха­лық­тың алғысын арқалап жүр­­ген бі­лік­ті маман» деген жан сақ­тау бөлі­мінің меңгеруішісі Дас­тан Сә­дір­қожаевтың пікірі сөзі­міз­ді дә­лелдей түседі. Адал еңбек ла­йық­ты түрде еленіп, Гүлзат әр жылдары аудан әкімінің, облыс­тық денсаулық сақтау басқарма­сының алғыс хаттарымен мара­пат­­тал­ған.


Саламатты өмір салтын сақтау­ды өмірінің өзегі еткен Гүлзат Рахметова спортпен шұғылдануды да әдетке айналдырған. Қызмет пен отбасына теңдей үлгеріп, көзінің ағы мен қарасындай болған қос кішкентайына тәлімді тәрбие бе­ріп жүрген аяулы жар, ардақты ана, инабатты келін, білікті маман – ата-анасының мақтанышы. Жұмыстан бос уақы­тында волейбол ойнауды жаны сүйетін ол өзі таңдаған мамандығын мақтан тұ­та­ды.


Адамзат баласын түрлі дерттен аман алып қалуда құрметті ма­­мандық иесі абзал жандардың еңбегі ерекше. «Дерт көп, денсау­лық біреу» деген. Алдына келіп, көмегіне жүгінген әр науқасқа жы­лы ұшырай кететін Гүлзат – өз ісінің білгірі. Бұл мамандықты таң­дау үлкен жауапкершілік екені бел­гілі. «Адамдарға ұдайы көмек көр­сету, ризашылығын алу үлкен мәр­тебе» дейді кейіпкеріміз.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
08 сәуір 2023 ж. 282 0