Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам жанының арашашысы

Адам жанының арашашысы

Медицина қызметкерлері – адам денсаулығының сақшы­лары. Сондай-ақ дәрігерлер адам жа­нының арашашысы саналады. Әсіресе, жан сақтау бөлімшесін­де жұмыс істейтін ақ халатты­ абзал жандар күнделікті адам өмірімен күресіп, олар­дың денсаулығына жіті бақы­лау жүргізеді. Аудандық ауру­ха­надағы жан сақтау бөлімінің мамандары да науқас көп, тізе бү­гетін уақыт жоқ екенін айтады.

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, өз ден­сау­лығымыз үшін ауруханаға, емханаға барып дәрігерге қараламыз. Ал жағдай одан сайын ушығып, ес-түссіз қа­­лып­­қа түскенде адам жанын сақтау үшін жан сақтау бөлімінің қызметкерлері күн-түн күреседі. Сондықтан да олар­­ды «медицина сала­сының күретамыры» десе ар­­тық айтқанымыз емес.

Бүгінде аудандағы жан сақтау бөлімінде 16 медицина қызметкері ауыр жағ­дайдағы науқастарды ау­руы­нан айықтыру жолында жұмыс істеп келеді. Бөлімше меңгерушісі – реаниматолог дәрігер Дастан Сәдірқожаев. Бөлім­­шенің аға ая­жа­ны – Гүлзат Рахметова. Сондай-ақ Тұмар Абдуллаева, Динара Бақытжанова, Әділбек Жалғасбаев, Айдана Ниязмағанбетова, Әйгерім Кенжебекова, Әйгерім Мырзымова, Жандос Талапбаев, Абылай Сәбитов, Арайлым Жалғасова секіл­ді орта буын қызметкерлері науқастардың ем-домын жасап, медициналық қызмет көрсетуде. Оған қоса кіші буын қызметкерлері Сәрсенкүл Ешназарова, Гүлсім Маханова, Мөлдір Ізтаева, Мөлдір Әбішева, Ұлмекен Сүйіндіковалар аталған бөлімшеде мерейлі еңбек етіп жүр. Жан сақтау бөлімшесі қажетті ем ша­раларын жасау үшін құрал-жабдықпен қам­тылған. Ауыр халде түскен науқастарға өкпені жасанды демалдыруға арнал­ған аппараттар жеткілікті.

Реаниматолог дәрігер Д.Сәдірқожаев бөлімше қызметкерлері тынымсыз жұмыс істейтінін атады. Себебі қазіргідей күн ыстықта қан қысымы жоғары тұрғындар мен созылмалы аурумен ауы­­ратын науқастар жан сақтау бөлімшесіне көптеп түсіп жатыр екен. Одан бөлек жазмышпен аяқасты түрлі жағдайларға тап болған науқастар да соңғы уақытта жиілеп кеткен.

– Жуырда аудан көлемінде жол-көлік апаты орын алып, көліктегі адамдар ауыр халде бөлімге түсті. Науқастар бас, дене жарақатын алған, ес-түссіз жеткізілгендері де бар. Сондай сәтте шұғыл әрекет етіп, жасанды демалдыру аппараттарына жатқызып, тиісті ем жасадық. Одан бөлек күн райының бірден ысып кетуіне байланыс­ты да науқастар көптеп түсіп жатыр. Кейбірі ес-түссіз кейіпке түсіп кеткен. Өмір мен өлім арасында жатқан науқастарды жіті бақылап, олардың өмірге қайта келуіне уақытпен санаспай, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – дейді дәрігер.

Айтса айтқандай-ақ, адам өмірімен арпалысу оңай емес. Кейде көпшілік дәрігерлерге сенімсіздік танытып жатады. Дегенмен ес-түссіз қалыптағы науқасты жалпақ тілмен айтқанда оятып алу тек өз ісінің майталман мамандарының ғана қолынан келеді. Міне, осындай жауапкершілігі мол салада жүрген жан сақтау бөлімшесінің еңбектері зор құрметке лайық.

– Жол-көлік оқиғасына тап болып, жағдайымыз ауыр болды. Сол сәтте Сырдария ауданындағы жан сақтау бөлімшесіне түсіп, дәрігерлер ем-дом жасады. Қиын шақта тиісті қызметтерін атқарды және бізге жігер сыйлады. Нәтижесінде, ауруханадан аман-есен шығып, отбасымызға оралдық. Жанымызға араша түскен жан сақтау бөлімшесінің медицина қызметкерлеріне алғысымыз шексіз, – дейді жалағаштық тұрғын Ғани Ғизатов.



Ердос БЕРКІНБАЕВ
18 маусым 2022 ж. 336 0