Ел болашағына бей-жай қарамайық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен VІІІ сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуын тікелей эфирден тамашаладық. Ұлт болашағы үшін маңызды жиында Президент сайлауда жеңіске жетіп, депутат мандатына ие болған азаматтардың қызметіне сәттілік тіледі.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бірқатар маңызды мәселелерді қозғады. Оның ішінде жүзеге асырылған реформалардың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделгені айтылды. Расында да, бұл қағида нақты негізге ала жұмыс жүргізілгенде, алға жылжу болары анық. Президент атап көрсеткен қағида мемлекетіміздің басты тірегіне айналып келеді.
Елдегі референдумға сай Конституцияның жаңа талаптарына негізделіп билік тармақтары жаңғыруда. Заң аясында елімізде Президент, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Халықтың да талап-тілегі осы болатын. Реформалар әлі де жалғасын таба бермек. Ендігі жерде күш біріктіре отырып, әділдікке негіздеп, Қазақстанның орнықты дамуы үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, бар мәселені билікке бағыттап қарап отыруға болмайды. Билік халықтың пікірін негізге алып, жұмыс жүргізеді. Осы ретте көпшілік ел болашағы мен келешек ұрпақтың ертеңі үшін өз пікірлерін ортаға салып, саяси мәселелерге бей-жай қарамауы керек. Аудан ардагерлері еліміздегі жүргізіліп жатқан саяси реформаларды қолдайды және ауданның дамуына жанашырлықпен атсалысады деп сенемін.
Әсия МАСИЛОВА,
еңбек ардагері
еңбек ардагері