2024 жылдан бастап мемлекеттік қызметке іріктеу онлайн жүргізіледі
2024 жылдан бастап мемлекеттік қызметке іріктеу онлайн жүргізіледі. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды 24.kz.
"Е-қызмет" жаңғыртылды. Қазір жүйе 5 мемлекеттік органда пилоттық негізде жұмыс істейді. Яғни, бүгінде мемлекеттік қызметтің "Б" корпусына жұмысқа орналасу онлайн түрде болады. Егер биыл "Е-қызмет" сынақтан жақсы өтсе, алдағы жылдан бастап жүйе барлық мемлекеттік органға енгізіледі.
Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Көбінесе, бізге келіп түсіп жатқан барлық мәселе мынау конкурстық комиссиялардың шешіміне байланысты. Сондықтан біз алдағы уақытта онлайн арқылы өтіп, 2025 жылға дейін конкурстық комиссия болмайтындай қылып жасау. Себебі онлайн өткен кезде бірінші кезекте тест тапсырады.
Айта кеткен жөн, мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін әрбір азамат "рухани құндылықтар" бойынша да тест тапсыратын болады. Әр кезеңге балл қойылады. Соңында ұпайлардың жиынтығы бойынша көп балл жинаған азамат бос лауазымға тағайындалады.