Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен

Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен

Әйел адам болып жаратылған жанның парасат пайымы мен адамгершілік қасиеті үйлесім тапса, айналасын нұрға бөлегендей сезімде боласың. Бүгінгі менің кейіпкерім өзінің өмірге деген құштарлығын, өмірлік ұстанымын, зейіні мен зердесін жұмысы мен отбасына арнаған асыл ана, аяулы жар.

Тереңөзектің байырғы тұрғыны Райхан Мәдәліқызы – еңбек адамы. Табандылық пен адал еңбекті серік еткен ақ жаулықты ана саналы ғұмырында қарапайым жұмыс­шыдан, мықты есепші маманға де­йін көтеріліп, ардагерлікке абыроймен жетіп отырған жайы бар. Ата-анасының, шыққан тегінің мық­тылығынан болуы керек асыл сүйекті ұрпақ өсірген әкесі Мәдәлі Шөжебаласының есімі «Майжарманы» уақытысында қолымен қазған­дардың қатарында аталады. Анасы Нәзігүл Елегенқызы да колхоз­да жұмыс істеген, каналдың қа­зы­луына атсалысқан көпбалалы ана. 9 құрсақ көтерген ананың қазір көзі тірі перзентінен Райхан апа мен сіңлісі Жұмакүл бар. Жұмакүл Мәдәліқызы ұзақ жыл теміржолда қызмет етіп, зейнетке шықты. Ата-анасының екінші перзенті Райхан апа осы күні өмірлік қосағы Оспан Жақыпбековпен мағыналы да мәнді өмір сүруде.
Тереңөзекте 1948 жылы 25 тамызда дүниеге келген Райхан Мә­дә­лі­қызы сол кездегі А.Жданов атын­дағы №36 орыс орта мектебін бітіреді. Өз заманының мықты ұстаз­дары атанған Нұрадин Әнуаров, Наталья Киселева, Келес Асқаров сияқты ұстаздардан білім алады. Өкініштісі қазір бір сыныпта оқыған түлектерден Нұралы Жамалов пен Райхан Мәдәліқызы қалғаны. Басқа сыныптастары бақилыққа аттанған. 

Болашақта есепші болуды ар­мандаған жас түлек арман қуып Семей қаласындағы қаржы-экономи­калық техникумға оқуға түсті. Ар­нау­лы білім алған болашақ қаржы­гер екі жылдан соң туған жерге оралып, сол кезде аудан орталығында дүркіреп тұрған «Астық қабылдау» акционерлік қоғамына жұмысқа қа­былданды.
Жиырма жасында алғашқы еңбек жолын Таразда өлшеуші болып бас­таған елгезек әрі өз ісіне мығым маман көп уақыт өтпей мекеменің есеп­шісі қызметіне ауысты.

– Жас маман болып жұмысқа ор­наласқанымда мекеме басшысы Тахир Махатов болды. Одан кейін 4-5 директор ауысты. Қиын-қыстау кезеңдер өтті, жекешелендіруді басынан өткерді. Мекеменің жұмысын 2004 жылы тарағанға дейін білікті басшы Нұрлыбек Дауылбаев бас­қарды. 300-ге дейін жұмысшысы бол­ған ірі мекемеде күндіз-түні жұ­мыс қызу жүргізілетін. Екі ауысымда еңбек ететін жұмысшылардың міндеті кел­ген астықты тазалау, кептіру, ва­гонға тиеу болатын. Біздің астық еліміздің барлық жеріне, тіпті шетелге Венгрияға дейін жет­кізілді.  Тау-тау болып жататын ас­тықтың сапасын тексеретіндердің қатарында Нәзігүл Дүржа­нова қатты есімде қалыпты. Аппақ халатымен жұмысқа кірісетін зертханашы жүк көлік­терінің үстіне мініп, арнайы құрылғысымен күріш алып, оның са­пасын зерттейтін. Тәулік бойы үзілмейтін жүк көліктерін тоқтаусыз мекеменің ауласына кіргізіп, шы­ғарып тұратын қарауылдардың да жұ­­мысы жауапкершілікті талап ете­­тін. Ол кезде жұмысшылар кө­бі­не әйел­дер еді, ерлер техниканы жөн­дейтін механик болатын. Қара жұ­мысты еңсеріп, тыным таппай жұмыс істегендердің арасында Рай­хан Сардарбекова да есімде қа­лыпты. Науқан кезінде контор қызметкеріміз деп отыру бізге жат болатын. Бір мекемеде қанша маман болса, барлығымыз қара жұмысқа кірісіп кетеміз. Шаң-тозаңның ортасында жүріп, еңбектің көрігін қыз­дырғанымызға да біраз жыл уақыт өтіп кетіпті, – деп еске алды өткен күндерді ардақты ана.

Ауданның барлық совхозынан астық қабылдайтын мекеменің жұмы­сы тоқтаусыз жүргендіктен әсіресе, егін науқанында еліміздің түкпір-түкпірінен келетін әскери қызметтегі жауынгерлер де жұмылдырылған. Қазір бұл бізге ертегідей болып көрінгенімен, оқушы кезімізде оның шет жағасын көзімізбен көрдік. Оқу­­шы­ларды жолдың жиегіне қаз-қа­тар сапқа тұрғызып, астық тасып жатқан көліктерге, жүргізушілерге құр­мет көрсетіп, жалаушаларды жо­ғары көтеріп, мерекелік көңіл-күй кешкеніміз көз алдымызда.

Сыр салысы күрішті мәпелеп өсірген диқаншының ала жаздайғы еңбегі қызған шақта, әр сағат, тіпті әр минут  маңызды болған. Берекесі тасыған аудан еңбеккерлерінің жан­кешті еңбегі астықты ысырап­­сыз жинап, қамбаға құйып алу болса, міндет үдесінен шығу­­­ға жұмысшылармен қа­тар есепші­­лер де үлес қосты. Ба­йырғы әріп­тес­тері Алмашай Тойбазарова, Қатима Жүсіпбекова, Шермахан Бимағамбетов, Жүсіпбек Оразбаев мекеменің қаржылық жұмысын атқа­рып, абыройға кенелген азаматтар.
– Бүгінде жұмысы тоқтаған, ке­зін­де қаншама адамға жұмыс орыны болған «Астық қабылдау» ак­цио­нерлік қоғамының жұмысы уақыт талабына төтеп бере алмай тоқтады. Алдымен жекеге өтіп, кейін жұ­мысшылар да қысқартылды. Бұрынғы жұмысшылардың көзі тірі санаулы ардагерлер қалды. Біздің басымызды біріктіретін ұйым жоқ болғанына қапалымыз. Қоғамнан алыстағымыз келмейді. Бір жерде 35 жыл жұмыс істедім. Бір жыл жұмыссыз атанып, 58 жасымда зейнетке шықтым. Еңбегіме берілген құрметім деп аман есен қарттыққа жеткенімді айтамын. Шүкір Осекеңмен бала-шағаның ор­тасында отырмыз. Немерелердің қы­зығына тоймай, ауру сырқаудан аман есен отырсақ, одан артық бақыттың керегі жоқ, – дейді сүйікті ана, ақ жаулықты әже Райхан Мәдәліқызы.
Бүгінде 75 жасқа келген ардақты ана жұбайымен өсірген төрт пер­зентінен ұрпақ сүйіп, бақытқа кенеліп отыр. Барлық баласын оқытып, өмірге қанаттандырған ананың қи­мылы ширақ, сөзі нық. Ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар болып отыруға әдеттенген. Елдегі ахуалды бағамдап, жастарға тілекші болып отырады. Үлкен баласы Руслан полиция қызметкері, келіншегі Манат медицина саласында қызмет етеді. Екінші ұл Берік дәнекерлеуші, оның қосағы Айнұр мұғалім, кенже ұл Рүстем мен келіншегі Салтанат ата-анасын бағып-қағып отыр. Рүстем кәсіппен айналысса, келіншегі медбике. Арпа ішінде бір бидай Әсел қызы тұрмыста, мемлекеттік қызмет атқарады. Шиелілік Сағат есімді жі­­гітпен жиендер сүйгізіп отыр. Ата-әжесінің қолындағы тәп тәтті неме­релері Сырсұлу мен Кәусар әзірге бүлдіршіндер.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, немерелерінің алды жо­ғарғы оқу орнын бітірген. Бағжан – тәрбиеші, Дастан да болашақ мұғалім. Айдана журналистика ма­ман­дығын алып, қазір Оңтүстік Кореяда қызметтік сапарда жүр, корей тілін меңгерген. Райхан апаның өмірлік ұстанымына айналған сөзі: «Анасын көріп, қызын ал» деген өсиетке толы сөз. Шаңыраққа келін болып түскен үш ұлдың жары үл­кенді сыйлайтын жақсы келіндер. Қазір Райхан апа абысыны Раушанмен әулеттің үлкені болып қалды.

Жақсы-жайсаңдармен болған бір сәттік кездесуден мол тағылым мен өмірлік сабақ алу мамандығымыздың өзге мамандықтан ерекшелейтін қа­­сие­ті. Міне, осындай сәтті қалт жібер­мей көз көргендерден бата алып, жылы лебіз естіп қайту бақы­тымен басталған сәрсенбінің сәтті күні тағы да бұйырғанына тәубә дей­міз.

Бибісара ЖАНӘЛІ

18 наурыз 2023 ж. 180 0