Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрмет төріндегі қос қария

Құрмет төріндегі қос қария

«Адамның бір қызығы – бала деген» деп дана ақын Абай Құнанбайұлы айт­қандай, бала – ұрпақ жал­ғасы, ата-ананың көз қуанышы. Дүние дида­рын осыдан 75 жыл бұрын ашқан тереңөзектік ақса­қал Шарафадин Камалов анасының бойына біт­кен 17 құрсақтың ішін­де көзі тірі жалғыз перзен­т екенін біреу білсе, біреу білмес. Бүгінде өмірден көріп-түйгені, айтары мол қария жапырағын жайған бәйтерекке айналды.

Тереңөзектің байырғы тұрғыны Шарафадин Камалұлы Тереңөзекте дүниеге келіп, осындағы орыс мектебінде оқы­ды. Әкесі Камал теміржолда жұмыс іс­теген тыл ардагері болған. Үлкен ұл­дары Жұмабай мен Дәушебай майдан даласында хабарсыз кеткендердің ті­зімінде. Қарт әкенің жауынгер ұлының бірі Дәушебай ұшқыш болған екен. Ол 10 жауынгермен тапсырма орындауға кетіп, сол күйі қайтып оралмаған. Өкі­ніштісі, ұлдарының артынан «қара қа­ғаздың» да келмей, анасының өмір бойы зарығып күтуі еді. Одан кейінгі қыздары Күлшария, Күләйхан, Райхан, Раушан қыздары да бұл күнде бірінен соң бірі бақилық болған. Соңғы тұяғы Шарафадиннің өсіп-өнгенін көзі көрген анасы Зейнеп 75 жасында дүние салған.

Өмір атты кемеде атадан жалғыз қал­ған Шарафадин Камалұлы ер жетіп, мектеп бітірген соң, қатарынан қалмай Қызылорда қаласындағы совхоз-техни­кумда оқиды. Сонда инженер-механик мамандығын алып, ауылға оралады. 1968 жылы облысқа белгілі «Автоколонна – 2585» мекемесінің аудандағы бөлімшесіне диспетчер болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Бір мекемеде табан аудармастан 40 жыл еңбек еткен азамат бейнетінің зейнетін көруде.

– Өмір сынынан сүрінбей өту пенде­нің басты міндеті. Өмір – күрес. Жұмысы­ңа жауапкершілікпен қарау, жақсы болуға талпыну адамзатқа берілген үлкен сый. Кезінде ауданда дүркіреп тұрған Автотранспорт кәсіпорнында диспетчер болдым, онан аға диспетчерлікке көтеріліп, қарамағымдағы 3-4 диспетчермен күн­делікті жұмысымызды тиянақты ат­қа­руға тырыстық. Таңертеңгі 7-де бас­талатын жұмыс кешқұрым аяқталатын. Ауданнан күніне рейіске 30-ға жуық автобус пен 200 шақты жүк тасымалына арналған көлік шығады. Сол жұмысты реттеп, бағыт-бағдарын нақтылап, жұ­мысқа жіберу, күнделікті жоспарын әзірлеп, оны қабылдап алу біздің мін­детіміз болды. Қайнаған қызу тірлік. Таңертегі 9-ға дейін барлық көлік өз бағытына шығып кетуі керек. Міне, осындай қарбаласқа толы жұмысты үздіксіз атқардым. Денсаулығым да сыр берді. Осы жылдар ішінде мекемеде 12 басшымен қызметтес болдым. Алғашқы бастығым Сәду Жүсіпов еді. Кейін Карл Жайлауов, соңғысы Әнуар Серікбаев болды. Барлығы да өз ісінің шебері. Тоқырау заманда да тығырықтан шығуға, мекеменің жұ­мысын тоқтатпауға тырыстық. Дегенмен, қаржының жоқтығынан көп техника істен шықты. Жарамдысын облыс алса, кейбіреуі аукцион арқылы сатылымға кетті. Мекемеде техника қалмады. Кейін жеке меншік көліктер жолаушы тасымалымен айналысты. Дегенмен, бұрынғы АТП-ның жұмысына ештеңе жетпейді екен. Қазір үлкен мекеменің орны қа­ңырап тұр. Бұрын ауданның барлық тасымал қызметіне жететін техника бір жерден басқарылатын. Тәртіп, талап болды. Қазір бұл көрген түстей ғана. Ең алдымен жолаушының қауіпсіздігіне жауапты жүргізушілер жұмысына ықтиятты қарайтын, – дейді байырғы диспетчер.

Шарафадин Камалұлының ұзақ жыл­­ғы ең­бегі лайықты бағасын алуда. Жақында көлік қызметкерлерінің кәсі­би мерекесінде аудан әкімінің қабыл­дауында болып, облыс әкімінің орынбасары М.Жайымбетовтың «Алғыс хатын» алды. Сонымен қатар, Ұлыстың ұлы күні мере­кесінде аудан әкімі М.Ергешбаев «Құттықтау хатын» тапсырды. Ал кеу­десінде жарқыраған «Сырдария ауда­нының 90 жылдық» мерекелік медалі – қарияның ұзақ жылғы ауданның дамуына қосқан үлесі үшін берілген награ­даның ең үлкені.

Шарафадин ағаға 40 жылғы еңбе­гінің зейнетін өмірлік қосағы Күләш апа­мен көру бақыты бұйырды. Биыл қо­сылғандарына 55 жыл болған ерлі-зайыптылар бала-шағасының қызығын бірдей көргенін шүкірлік етеді. Күләш апа – Қызылорданың қызы. Шарафадин ағамен бас қосып, осында тұрмыстық қажетті өтеу комбинатында тігінші болып, жұмыс істеген. Кейін азаматтық қор­ғаныс бөлімінде жұмыс істеп, зейнетке шыққан «Күміс алқалы» ана.

Алтын тақтағы қос қарияның ұр­пақтары бүгінде өсіп-өнген бір-бір ша­ңырақ иесі. Тұңғыштары Серік – Қазақстан Журналистер одағының мү­ше­сі, спорт саласында еңбек етеді. Берікбол кәсіпкер болса, Серікбол – ата-анасын бағып қағып отырған ардақты ұл, кенже бала Қанат – облыстық тө­тенше жағдайлар департаментінің кадр сая­саты басқармасының бастығы. Жуырда ұлының мінсіз қызметі үшін анасының кеу­десіне «Офицердің анасына» меда­лінің тағылуы ата-ана үшін үлкен сый болды. Тек әттеген-айы қарт­тардың осыдан 7 жыл бұрын Талғат ұлдарының кенеттен өмірден өткені. Талғат аудандық полиция бөлімінде – жол инс­пекторы, учаскелік инспектор болған тәртіп сақшысы еді. Десек те, артында әке жолын ардақтаған қос қызы қалды. Олар ата-әжесінің, анасының көз қуанышы. Жұлдызай әкесінің ізімен полиция бөлімінде аға инспектор болып, абыройлы қызмет етіп келеді. Ал Шынарайы – медбике, тұрмыста. Қыздардың анасы Сәния – ата-енесінің күтімін жасап отырған аяулы келін. Манат пен Махаббат – өрісін жайған Шарафадин ағаның қос қызы, бір-бір шаңырақтың отанасы. Азиза, Жанар, Сәния, Айдана үлкен әулеттің адал келіндері, 13 немеренің аяулы аналары. Шарафадин аға мен Күләш апа – 6 шөберенің қолынан су ішкен бақытты жандар. Олардың өнегелі өмірін бүгінде саналы ұрпағы жалғастыруда. Қос қарияның алтын тойдан асып, зәйтүн тойға жетіп отырған жайы бар. Лайым да қуаныштары ұзағынан болсын!

Бибісара ЖАНӘЛІ
15 қазан 2022 ж. 325 0