Таңдаған мамандығының таңдаулысы
Гүлназ Құлымбетова қасиетті мамандық жолына түсіп, бала тәрбиелеу ісін өмірлік серік өтуді кішкентай күнінен армандаған. Жастайынан атасы Әбілхайыр Құлымбетовтің қызметіне қарап бой түзеп, сол кісіден үлгі алған.
Әбілхайыр ақсақал кезінде №129 Қызыл Ту атында болған орта мектептің директоры болған. Жас ұрпаққа тәлім мен тәрбиені қатар игертіп, Қалтайдай қарымды қаламгер, Әбіраштай айтулы ақындарды түлетіп ұшырған. Отбасында әке-анасымен қатар ата-әженің тәрбиесін көріп өскен Гүлназ кішкентай кезінен әділдікке, тазалыққа бой үйреткен. Өзі 1972 жылы Шіркейлі ауылындағы берекесі тасыған шаңырақта дүние есігін ашқан. Шаңырағында сәби үні шырқалған әкесі Қуанышбайдың қуанышында шек болмаған. Қуанышбай Әбілхайырұлы туған ауылының өркендеуіне үлес қосқан, еңбегімен ел құрметіне бөленген қарапайым жан. Мамандығы электр саласымен байланысты. Ал анасы Құрманкүл Жакеева – зейнеттік демалысқа шыққанша тынымсыз еңбек еткен ақ халатты абзал жан. Мамандығы – фельдшер.
– Мектеп қабырғасындағы аяулы ұстаздарым Ә.Құдайбергенов, Д.Әлиасқаров, Ә.Палымбетов, Б.Сүлейменов, З.Таңатқанова, Б.Зарипова, Ж.Азаматова секілді ұлағатты ұстаздардан алған тәлімді тәрбие мен сапалы білімнің арқасында мен де мұғалімдік мамандықты таңдадым. Жібек апайымның өлеңді мәнеріне келтіріп оқуы, әр сабақты әсерлі етіп өткізуі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдауыма ықпал етті. Атамның ұлағатты ұстаздық жолын мен осылай бастап, абыроймен жалғастырып келемін, – деді Гүлназ апай бізбен әңгімесінде.
Г.Құлымбетова 1994 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы институтты бітірген соң Нұрлыбек Шадановпен шаңырақ көтереді. Тағдыр айдап, Қоғалыкөл ауылына қоныс аударады. Осындағы №44 орта мектепке жұмысқа орналасады. Міне, содан бері аталған білім ордасында бала тәрбиелеу ісімен айналысып, ел өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді.
– Сол кезеңде менің есімде ерекше сақталғаны – институтты бітіргеннен кейін әрқайсысымыз өз ауданымызға жолдама алу үшін облыстық білім басқармасының басшысы Әли Мүсілімовтің қабылдауында болған кезіміз. Ол кісі барынша қарапайым және өте талапшыл жан екен. Бірінші күні бізді қабылдауға сағат 15.00-ге шақырған болатын. Алайда, көпшілігі айтылған уақыттан кешігіп келді. Ағай бізді келесі күнге дәл сол уақытқа қайта шақырды. Сонда «Өздерің аз уақыттан кейін мұғалімдік қызметті бастағалы отырсыңдар. Сабаққа да осылай кешігіп баратын болсаңдар, оқушыға қалай талап қоясыңдар? Баланы тәрбиелеу үшін алдымен өздерің тәрбиелі болуларың керек» деп қатаң ескерту жасаған еді. Сондағы айтқан сөзін мен осы кезге дейін басты ұстанымым етіп келемін, – дейді Г.Құлымбетова алғаш еңбек жолын бастаған кездер туралы естеліктерді есіне түсіріп.
Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Дегенмен, басты талап ата-ана мен мұғалімге қойылатыны анық. Осы ретте қызығы мен қиындығы қатар жүретін мұғалімдік мамандықтың иесі болу үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Ол үшін үлкен төзім мен жігер керек.
– «Болат қайнауда шынығады» дейді халық даналығы. Мәртебелі мамандықтың мерейлі иесі болуыма бірден-бір ықпал еткен сол уақытта оқу ісінің меңгерушілігі қызметін атқарған М.Іскендіров және сол кезеңдегі талап бойынша «ақылшы-ұстазым» болған Е.Ысқақов ағайларды ерекше атап өткім келеді. Ол кісілер әрдайым сабағыма және сыныптан тыс іс-шараларыма қатысып, өзіндік пікірімен бөлісе отырып, менің кәсіби толысуыма зор ықпал еткен болатын. Әсіресе, Мұрат ағайдың «Балам, пайдаланған көрнекі құралдарың эстетикалық талғамға сай болсын» деген ескертуін осы кезге дейін сабақ немесе іс-шара өткізген сайын өзіме басты талап етіп қоямын. Сабақ арасындағы үзіліс уақытында Есенжол ағайдан түсінбеген тұсыңды сұрай қалсаң «Е-е, балам, ол былай ғой» деп бастап, байсалды жауап беруінің өзі менің кәсіби өсуіме көп ықпал еткен еді. Өкінішке орай, Есенжол ағай қазір арамызда жоқ, бақилыққа аттанған, – деді кейіпкеріміз өзінің ақылшы ұстаздары туралы ой тербеп.
«Менің ұзақ жылғы тәжірибемнен түйгенім – тек мұғалім оқушыны тәрбиелеп қана қоймайды екен. Оқушының да мұғалімге ой салып, бағыт беретін кездері де болады» дейді тәжірибелі маман. Гүлназ апай алғаш еңбек жолын бастап, мамандықтың қыр-сырына енді ден қойып жүрген кезі екен. Сабақ беретін сыныбындағы оқушылар сабақ барысында баяу, көздерінде қорқыныш бардай сезіледі ұстазға. Бала мен оқытушы арасындағы байланысты бірінші орынға қоятын мұғалім оқушыларға «Балалар, менің сабағымды түсінбей жүрсіңдер ме? Әлде сабақ қиын ба?» деп ашық сұрақ қойыпты. Сонда оқушылардан «Жоқ, апай, сіздің сабағыңызды жақсы түсінеміз. Алайда, біз сізден қорқа-соқтаймыз. Сіз сабаққа кіргенде және сабақ уақытында қабағыңызды түйіп жүресіз» депті. Оқушымен дұрыс коммуникация құра алған Гүлназ апай оқушылардың сынын дұрыс қабылдап, сабақ барысын одан сайын қызықты өткізуге күш алған екен. «Мен мұғалімнің баланы тәрбиелей отырып өзінің де тәрбиеленетіндігіне көзім жетті. Балалардың өз ойын батыл айтуы маған ой салумен қатар, оқушылармен арадағы байланыстың нығаюына ықпал етті» дейді сондағы бір қызықты күндерді еске түсіген білікті маман.
Гүлназ апай мектепте білікті ұстаз, оқушылардың сүйікті мұғалімі болса, отбасында аяулы жар, асыл ана, ардақты әже. Жолдасы да үнемі қызметіне, уақытпен санаспай жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, әркез қолдау көрсетіп отырады. Отбасының, арқасүйер азаматының рухани қолдауын әркез сезінетін аяулы жан Н.Шадановпен бірге бір ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірген. Ұлы Даниярдың мамандығы – орманшы. Аружан есімді келін әкеліп, ата-анасын қуантқан. Ата-ана ізін қуып, шаттыққа толы шаңырақтың негізін салған жандар дүниеге Феруза, Әли, Нұрғали есімді сүйкімді бүлдіршіндерді әкелген. Ал қыздың үлкені Назерке – кітапханашы, Әйгерім – магистрант.
– Отбасындағы жарасымды өмірдің арқасында мен қазіргі уақытта таңдаған мамандығымның таңдаулы иесі болып отырмын. Мақтан тұтар шәкірттерім де баршылық. Атап айтқанда, Ж.Тоқмырзаева, Д.Қырдан, Г.Демжанова, Б.Айқынқызы және басқалары. Институтта оқып жүрген кезде ұстазым Ә.Жақыпов ағай өзінің «Түйе өсірушінің түсіндірме сөздігі» атты кітабына «Гүлназ, шәкірттерің өзіңнен биік болғай!» деп қолтаңба жазғанда, сол сөздің мағынасын ол уақытта дұрыс түсінбеппін. Шынымды айтсам, неге менен гөрі шәкірттерім биік болу керек деген ойда болған едім. Кейін түсіндім, бұл мұғалім үшін айтылар тілектің ең құндысы екен, – дейді кейіпкеріміз.
Ендеше біз де білікті маман, ұлағатты ұстаз, отбасының шамшырағына айналған аяулы жанға балаларыңыздың қызығын көре беріңіз, ұстаздан озар шәкірттеріңіз көп болсын деп тілек білдіреміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ