Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды талап қоюды ұсыну тәртібі

Электронды талап қоюды ұсыну тәртібі

Бүгінгі тіршілікті заманауи технологиясыз, яғни ұялы телефон, компьютер, ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Себебі, дәл осы құрылғылардың көмегімен жұмысымыз жеңілдеп, азаматтар қаншама мемлекеттік органның қызметіне үйден, кеңседен шықпай-ақ қол жеткізіп келеді.   
 
Сот жүйесінде заманауи сандық технологияны қолдану сот қызметінің қолжетім­ділігін арттырып, халықтың уақыты мен қаржысын үнемдеуге жол ашты. Осыдан бірнеше жыл бұрын іске қосылған «Сот кабинеті» сервисі арқылы азаматтар сотқа талап қою, шағым, өтініш, пікір, т.б. электронды түрде беріп, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеу мүмкіндігіне ие болды. Одан бөлек, сот органдарының электрондық сервистерін пайдалануға арналған жүйе­ден істі қарау барысын қадағалауға, «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік қызметін ішінара алуға, «Талдау» форумына (сот практикасын қорыту) ауысуға болады. Бүгінгі таңда көптің сұ­ра­нысы мен қолданысына ие жүйенің мо­бильді қосымшасы да бар. Пайдаланушыларды мобильдік қосымшада тіркеу серви­сінің «Сот кабинеті» веб-нұсқасына қара­ғанда артықшылығы аз емес.

«Сот кабинеті» – бұл сот органдарының онлайн сервистері мен қызметтерін қолдануға мүмкіндік беретін біртұтас терезе, ол арқылы азаматтар, олардың өкілдері немесе адвокаттары ғаламтордың көмегімен өтініштері мен арыздарын электронды түрде жібере алады.

«Сот кабинетінде» орналастырылған электрондық нысандарды толтыру арқы­лы электрондық құжаттарын сотқа ұсы­нуға құқылы. Бұл үшін жеке тұлғалар және заңды тұлғалар міндетті түрде «Сот кабинетіне» тіркелуі қажет. «Сот каби­не­тіне» тіркелген адам электрондық құжат­тарды беру сервисінің пайдаланушысы болып табылады. «Сот кабинетіне» авторизациялау ЖСН-нің немесе БСН-нің және парольдің көмегімен жүзеге асырылады.

Талап қою талап қоюшының элек­трондық цифрлық қолтаңбасымен куә­лан­ды­рылғаннан кейін Қазақстан Республикасы сот органдарының ақпараттық жүйесіне беріледі. Құжат жіберуші өзіне ыңғайлы кез келген  уақытта сот құжатын қарап, істің тарихымен танысып, сот актісін басып шығара алады.

Сот кабинетіне кіру үшін, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық куәландырушы орта­лығынан электрондық цифрлық қолтаңба алу қажет.

Пайдаланушы «Сот кабинетіне» авторизациялау рәсімінен өткеннен кейін төмендегілердің бірін таңдайды.

– Талап қоюды (өтінішті) беру;
­– Апелляциялық/жекеше шағымды беру;­
– Кассациялық шағымды беру;
– Сот актілерін қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы өтінішхаттар;
– Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз.

Сонымен қатар пайдаланушы «іс бойынша құжаттар» бөлімі арқылы:

– пікір;
– қарсы талап арыз;
– талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз;
– сот отырысының хаттамасына ескертулер;
– дыбыс-бейнежазбаларға және сот оты­рысының қысқаша хаттамаларына ес­кер­тулер;
– сот актілерінің көшірмелерін беру туралы өтініштер, т.б.

Сондықтан заманауи технологияларды сот жүйесінде қолдану ел тұрғындары үшін де сот жүйесінде барынша ашық әрі қолжетімді бола түсуіне ықпалын тигізуде.

Қорыта айтсақ, сот қызметін цифрландыруды дамыту тараптарға процестерге онлайн қатысуға, судьяларға электрон­дық істерді қарауға, азаматтарға сот қызметтеріне кедергісіз әрі жылдам қолжеткізуге мүмкіндік береді.

Меңдігүл Асан,
аудандық соттың
бас маманы
18 ақпан 2023 ж. 209 0