Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорттық сайыста бақ сынады

Спорттық сайыста бақ сынады

Бүлдіршіндерді саламатты өмір салтын сақтап, спортқа баулу және отбасылық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Әкем, анам және мен» тақырыбында отбасылық спорттық сайыс өтті.

№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-ли­цейі жанынан құрылған «Балапан» шағын орталы­ғының «Нұрсәби» ортаңғы тобының тәр­бие­ленушілері өз ата-аналарымен спорттық са­йыста белсенділік танытты. Тәрбиелік мәні зор әрі балаларды шымырлыққа шақыратын сайыс­ты топ тәрбиешісі әрі шағын орталық әдіскері Әлия Берденова ұйымдастырып, көп­шілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шапшаңдық пен шымырлық, шығар­ма­шы­­лық пен икемділік сынға түсетін жарысқа барлығы бес топ қатысты. Топ құрамында үш адам болды. Отбасылық сайыс алты кезеңнен тұрды. Алғашқыда жас ата-аналар кішкентай бүлдіршіндерімен бірге өз топтарын таныстырып, ұрандарын жатқа айтып, қарсыластарына сәттілік тіледі. Кейін қызу сайыс басталып кетті. Алғашқы кезең «Дәлдеп тигіз» деп аталды. Бұл кезең шарты бойынша балалар кішкентай доптарды сақинаға дәлдеп лақтырса, ата-аналары допты қағып алып қолдау көрсетті. Екінші кезеңде топ мүшелері түрлі заттардан аққала жасап шықса, «Қояндар» сайы­­сы топ әкелерінің ептігілін сынға салды. Келесі кезең шығармашылыққа арналып, топ мүшелері бел­гіленген уақыт межесінде қыс мезгілінің суретін салды. Одан соң мозайкадан сурет құрастырған бірлігі жарасты отбасылар соңғы кезең «Шарларды жару» сайысында өз ептілік­терін сынады.
«Адамның бір қызығы бала деген» демей ме?! Жас ата-аналар жұмыс пен күйбең тіршіліктен бір сәт бой жазып, кішкентай бүл­діршіндерімен бірге қызықты уақыт өткізе ал­ды. Спорттық сайыстың тәрбиелік мәні де зор болды деп айта аламыз. Бала да шат-шадыман, ата-ана да риза.

Тартысты отбасылық сайысқа аудандық мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Әйгерім Мешітбаева, №36 Ә.Тәжібаев атын­дағы мектеп-лицейінің дене шынық­тыру пәні мұғалімдері Ғабит Айтбаев пен Ержан Әлжанов әділ қазылық етті. Аудан­дық газет тілшілері де сайысқа куә болып, қатысушыларға төрелік жасады. Отба­сы­лардың жылдамдығымен қа­тар сайыс шарттарын бұлжытпай орындаулары да назарға алынды.

Нәтижесінде Есқараевтар отбасы І орынды, Туралиевтер отбасы ІІ орынды, Майхановтар отбасы ІІІ орынды жеңіп алды. Смайловтар отбасы «Үздік команда» номинациясына ие болса, Келдібаевтар отбасы «Бірлігі жарасқан жанұя» номинациясымен марапатталды. Қатысушыларға арнайы дип­лом, естелік сыйлық, жүлдегерлерге медаль мен кубок сыйға тартылды. Сайыс соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, көңілді тарқасты.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
11 ақпан 2023 ж. 292 0