Шәкірттерін өнерге баулыған
Мектеп оқушыларын музыкаға баулуда, оларға эстетикалық білім мен тәрбие беруде әуез пәні мұғалімінің орны ерекше. Музыка маманы шәкіртін мәдени талғамы жоғары етіп тәрбиелеу жолында өнерге үйретеді. Ой-санасын рухани мол қазынамен байытып, музыканы ілім ретінде ғана емес, өміріне қажетті өнер ретінде де танытады.
Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектептің әуез пәні мұғалімі Ақгүл Сәрсенбаева – тәжірибелі ұстаз. Оның оқушыларға музыкалық-эстетикалық тәрбие беріп, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып келе жатқанына 27 жыл болды. Ұстаз әрбір сабағында балалардың өнерге жақындай түсуіне, талантты оқушылардың жан дүниесін рухани қазынамен сусындатуға барын салып келеді. Өз ісінің маманы оқушыларды ұлттық аспапты меңгеруге де ден қояды.
– Музыка пәніне деген қызығушылығым бала кезімнен қалыптасты. Отбасылық жиындарда қолымызға домбыра алып, халық әндерін айтатынбыз. Арнайы білім алған соң менің таңдауым музыка екеніне анық көзім жетті. Шәкірттерге музыка құдіретін ұғындыру, әсемдікке баулу, музыканың тілін меңгерту – ұстаз ретіндегі мақсатым. Қазір балалардың талғамы жоғары. Әр елдің музыкасын тыңдайды. Ал олардың ерекшеліктерін түсіндіру, көркем мұраларды зерттеу, әрбір оқушының бойына патриоттық сезімді қалыптастыру ізденісті қажет етеді, – дейді білікті ұстаз.
Ақгүл Көшербайқызы – Арал ауданының тумасы. Белгілі айтыскер ақын Бекұзақ Тәңірбергеновтың ауылы Шижаға елді мекенінде дүниеге келіп, бала кезінен өнерге жақын болды. Отбасындағы «өнер десе ішкен асын жерге қоятын» жандармен қосылып, домбыра тартып, ән салуды жаны сүйетін. Отбасылық жиындарды әп-сәтте той думанға айналдырып жіберу қазақтың қарапайым қызына қиын соқпайтын. Музыкаға деген сүйіспеншілігінің арқасында жоғарғы білім алған Ақгүл алғашқы еңбек жолын Қызылқұмдағы ауылдан бастайды. Отбасымен Іңкәрдарияға көшіп келіп, 1996 жылы осындағы мектепке мұғалім болып қызметке орналасады.
Өз ісінің шебері әуез пәнінен дәріс берумен қатар мектептегі эстетикалық пәндер әдіс бірлестігіне жетекшілік етеді. Бірлестік мүшелерінің әрдайым біліктілігін арттыруға, шығармашылықпен айналысып, оқушылардың жан-жақты тәрбие алуына атсалысады.
Өнер мен білімді ұштастыруда алдынан жан салмайтын білікті педагог Ақгүл Сәрсенбаева білім ошағында өтетін барлық іс-шаралардың бірден-бір ұйытқысы.
Білікті маманның ізденімпаздығының арқасында өнерлі балаларға арнап «Балдәурен» үйірмесін ұйымдастырды. Үйірме мүшелері ән мен жыр үйреніп, сан түрлі байқауға дайындалып, мәдени-көпшілік іс-шараға қатысады. Шығармашыл ұстаз «педагог-сарапшы» ғылыми дәрежесін алды.
Ұзақ жылғы еңбегінің жемісі ретінде Ақгүл облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ауданда «Үздік әуез пәні мұғалімі – 2020» сайысының жеңімпазы болды.Республикалық «Тәуелсіздікке тарту», «Абай мұрасы», «Дала сазы», «SMАRT art», «Берекелі, мерекелі Алтын күз» атты республикалық байқаулардан шәкірттері жүлделі орындар алып, ұстаз мерейін үстем етті.
Шығармашылығын шыңдау мақсатында республикалық «Өнер әлемі» журналына «Айтыс өнері» тақырыбында ашық сабағы жарияланып, авторлық бағдарламасы жарық көрді.
– Шәкірттерінің жүрегінен орын алған музыка пәнінің мұғалімі Ақгүл Сәрсенбаева оқушының музыкаға деген қызығушылығын арттыру мақсатында әрбір сабағын ұтымды ұйымдастырады. Ақгүлдің өзіне тән еңбексүйгіштік, адамгершілік шынайы қасиетімен бірге коммуникативтік және ұйымдастырушылық деңгейдегі үйлесімділік қасиеті бар. Оған қоса мейірбан, жауапкершілігі мол, әріптестері мен оқушылары, ата-аналары арасында еңбегі сіңген беделге ие ұстаз, – дейді әріптесі, мектеп психологі Жанар Шахаева.
Ақгүл – отбасында сүйікті ана, аяулы әже. Қызы – Шырайлым автокомпанияда менеджер, екі жиен сүйгізіп отыр. Ал ұлы Нұртуған анасының ізін қуып музыкалық колледжде баян сыныбын тәмамдады. Ауылдық клуб үйінде мәдени ұйымдастырушы болып жұмыс істейді. Жоғарғы білім алу мақсатымен Нұртуған Қызылорда қаласында Қорқыт ата атындағы университетте оқиды.
Аяулы ұстаз әрбір жетістігін ұзақ жылғы ізденіс пен шығармашылықпен байланыстырады. Білім көшін ілгері жылжытып келе жатқан, шырақ отын маздатқан ұстаздың еңбегі қашан да бағалы.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ