Қарындастың «қадірі»
Қазақ халқы қыз баласын ерекше қадірлеп, төріне шығарған. «Қызға қырық үйден тыйым» деп тәрбиесіне де ерекше назар аударған. Қыз жат – жұрттық, кейінгі өмірі барған жеріндегі бағына орай деп, өз үйінде жүргенде көп еркелетіп, мейірімге бөлеп өсіруге тырысқан.
«Рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген аталы сөздің астары, мәні тереңде. Ерекше махаббатқа бөлеп, еркелетіп өсірген қыз баласы үй тірлігінде анасына жақын болса, әкесі мен ағаларына арқа сүйейді. Байқап қарасам, қыз баласын ағалар «қарындасым» деп ерекше мейірімге бөлейді. Бұл мен көрген «ағалардан» аңғарғаным. Бірақ, тағдыр болған соң түрлі жайт бары да жасырын емес...
Жұмыстан кеш шықсам да күнделікті ас-судың қамымен жолай дүкенге кіре шығуды таңнан жоспарлағам. Әдеттегідей жұмыс күні аяқталған соң аяңдап үйге қарай бет алдым. Жолай орталықтағы азық-түлік дүкеніне соғып, мидағы тізімді түгендеп қажет-жарағымды да алып үлгердім. Дүкен есігінен шыға бергенім сол еді алдымда жасы қырық-елуді алқымдаған үлкен кісі тұр. Былай қарасаң, дені сау, аяқ-қолы бүтін, жалпы тепсе, темір үзер жігіт ағасы. Денесі еңгезердей, өзі алып кісі екен. Маған қарай аяңдап келгенге өтер болар деп ығысып жол бере бергенім сол еді, «ағам» бір аянышты күймен «қарындас, елу теңге, жүз теңге бар ма?» демей ме?! Сөйтсем, дүкен мен үй ауласын кезіп қайыр сұрап жүр екен. Қорыққанымнан үндемей кете бердім. Жақындағанда байқадым, ішкілікке әуес болса керек, бет-аузы ісіп-ақ кеткен екен.
«Садақа мың бір пәледен сақтайды» дейді. Қол жайған кісіні Тәңір де бекер жолықтырмайды. Адамға, оның жомарттығына сынақ яки болуы ықтимал қауіптен қорғауы мүмкін. Осы ретте «Садақаға алушыдан беруші мұқтаж» деп жатамыз. Бірақ оны да ретті тұста шын мұқтаж жанға берген жөн болар деген ойдамыз. Көше кезіп, беті домбығып, алғанына ащы су ішсе, оның күнәсі қос тарапқа да жазылуы бек мүмкін.
Айтайын дегенім, қамқор аға мен қорған болған көкелерімізден естіген «қарындас» сөзінің қадірінің қашқаны. Әлгінің бір ауыз тіркес сөзімен. Аға дерлік кей ер азаматтар «қарындастан» тиын сұрайтын халге жеткеніне іштей ыза болдым. «Қарындасым – қарлығашым» деп өзге түгіл өзінен қызғанып, ауыр жұмысқа жуытпай, нәзіктік деп қарайтын ағаларымды түгел есіме алып, нәзік әлеміме сызат түсірмей өсіргендері үшін іштей алғысымды айттым.
Қарындас сөзінің этимологиясына жуықтайтын болсақ, бұл сөз қазақ қоғамында бұрыннан бар. Тіпті түркі халықтарына ортақ сөз. Қарындас сөзінің мағынасы «құрсақтас» дегенге саяды. Бұрындары бұл сөз қазіргідей қыз балаға ғана бағытталып айтылмаған. Бір туған бауыр, жақын-жуық бәріне ортақ қолданылған болуы мүмкін деген дерек бар. Тіпті Абай Құнанбайұлы «қарындас» сөзін туғанына, бір туғаным деп түгел қазаққа бағыштай айтқанын аңғаруға болады. «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп келетін өлеңінде:
Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,
Бірінің-бірі сөзін ұға алмай жүр.
Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң –
Олар да бір қалыпты бола алмай жүр, – деуі ойымызды орамды етіп, сөзімізді дәлелдей түседі.
Магистрлік диссертациямызды қорғау барысында Алматыдан қатысқан комиссия төрағасы «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген мәтелдің мәнін түсіндіріп беруімді сұраған. Кезінде «Қарындас» сөзінің тек қыз баласына ғана емес, жалпы туғанға қолданылғанын аздап білгеніммен, мезетінде ойымды тұшымды жеткізе алмағандай болдым. Кейін осы мәтел турасында көп ойланып, аз-кем өзімше зерттеу жасадым. Әдеттегідей, кез келген сұрақтың жауабын Абай Құнанбайұлының сөзінен тапқандай болдым. Ақын өзі өзгеден емес, өзінің қасында, маңайында жүргендерден көп теперіш пен сатқындық көрген. «Жау алыстан келмейді» деген және бар. Не де болса, сырыңды білетін адам. Жақынның жаттай болып өзіне қарсы шыққанына қапаланған ақын «Қарындас қара жерге тыға алмай жүр» деп күйінсе керек. Яғни, «Дау – қарындастан» деу «Жау алыстан келмейді», «Жоқ болса бере алмайды, бар болса, көре алмайды» дегендерді астарлап тұрғандай. Бұл – біздің тұжырым.
Қарындас сөзі туралы тереңінен ізденіп, «қарындастың қадірі» туралы ойға қалып жүргенде әлгі кісінің қадірлі сөзді «тиын берші» деп мүсәпірлене қолданғанына қарадай ашуым келді. «Бір туған», «қамқорлық», «мейірім», «қорған» сияқты бар жақсы ұғымды біріктіретін сөзді «тиын бар мамен» қоса естіген шығармашылық адамын, расында, терең ойға қалдырды. Ағаның «арқасүйер» деген атқа лайық болғаны қандай жақсы...
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ