Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір ауыз сөздің құдыреті

Бір ауыз сөздің құдыреті

Қыз бала тәрбиесі қай қоғамда да өзекті. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» дейді халық даналығы. Әйел – ана, әйел – жар. «Қыз – қонақ», «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» дейтін халқымыз да, асыл дініміз де әйелдің рөлі мен тәрбисіне баса мән береді.

Тақырыпты әлеуметтік желіде ортақ етіп, көпшіліктің пікірін білген болатынбыз. Үйленуді тойға барып келгендей көретін жастарға шүйліккен бір кейіпкеріміз өз басынан өткен оқиғаны баяндап берді.

– Өмірлік жарым екеуіміз бір ауылда тұрдық. Тіпті бір мектепте, бір сыныпта оқып, он бір жыл бойы бір партада отырдық. Мектеп кезінде, балалық болар, бір-бірімізді мүлде ұнатпайтын едік. Менің арманым жоғарғы оқу орнына түсу болды. Бірақ ол кезде екінің бірі үлкен қалаға оқуға бара бермейді. Содан мектеп бітірген соң екеуміз де ауылда қалдық. Бойжеткен мен бозбала болып, бір-бірімізге бауыр басып, арамызда махаббат пайда болды. Сөйтіп жүргенде оның ата-анасы келіп құда түсті. Бастапқыда мен қарсылық таныттым. Себебі көңілде «университет оқу» деген асқақ арман тұрған еді. Бірақ ата-анамыз келісіп, жиырма жасымызда отау құрдық. Оқуға да, тоқуға да қатар жүріп қол жеткіздік, – деген кейіпкерім әңгімені әріден бастады.

– Содан айтайын дегенім, ұзатылып кетіп бара жатқанымда анам «Артыңа қарама. Сол үйден сүйегің шықсын» деді. Сөздің мәнін түсінбеген мен «Ее, менен құтылғанша асыққан екен ғой» деп қате ойыммен көңілім түсіп кете бердім. Ата-енем өте жақсы кісілер. Мені қызындай көріп, оқытып, тоқытты. Анам «Ешқашан үлкенге қарсы шықпа. Дұрыс болса да, болмаса да, беттен алма» дейтін еді. Он жыл ата-енеммен бір шаңырақ астында тұрдық. Сонда бір сөзге келіп яки ұрыс-керіс болмаған екен. Десе де, анамның әлгі сөзі жүрегіме қанжардай қадалып тұрды. Содан бір күні анама барып «Сол кезде неге солай айттыңыз?» деп сұрадым. Анам бір күрсінді де, «Қалқам, қазіргі көп жағдайда ата-аналар «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» дегенді айтып жатады. Осылай деп ыдыс-аяғы сылдыраған жас отбасын бұзуға одан бетер жағдай жасайды. «Қыз – жат жұрттық» деген. Ол барған жеріне тастай батып, судай сіңуі керек. Өзге орта, басқаша тәртіп. Үйрену қиын болары анық. Бірақ «Әйелдің қырық жаны бар» деп неге айтады?! Қыз деген – ең нәзік әрі ең батыр халық. Өзі танымайтын ортаға келін болып барып, бірнеше жылда сол елдің өрісін кеңейтіп, жылдар өте дана анасына айналады» деп түсіндіріп берді.

Бұл сөздің астарын тереңінен ұқпасам да, сөз құдыретіне иландым. Тіпті отбасында жарыммен түсініспей қалған сәттерде де сол сөз мені ешқайда жібермей ұстап қалатын. Бұл – сөз құдыреті болар, сірә. Анамның өсиеті жиырма жылдан бері шаңырағымызды шайқалтпай ұстап келеді. Расында да, көп нәрсе әйелге байланысты екен. Қазір үш ұл, екі қызымыз бар. Үлкеніміз – студент, кішкентайымыз – бір жас­тан асты. Айрандай ұйып, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасымның барына Шүкірлік еткенде Анама алғыс айтуды естен шығарған емеспін, – деп аяқтады кейіпкерім сөзін.

Кейіпкерім Гүлсім Жоламанова бүгінде №137 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ұстаздық ұлы жолды серік еткен Гүлсім апай аудандық газет редакциясымен тығыз байланыста. Бүгінде берекелі отбасының негізін қалап, шаңырақты шайқалтпай, бақыт­ты отбасының шырағын жағып отырған кейіпкеріміз – ардақты ана, асыл жар. Өз оқиғасын аудандық газет арқылы кейінгі буынға үлгі еткісі келді.

Бұл оқиғаны біз де көпшілікке үлгі болсын деп қағаз бетіне түсіріп, назарға ұсынып отырмыз. Жаға ұстатарлық статистикалық деректерге сүйенсек, былтыр бірге тұрғандарына бір жыл да болмаған 100 жұптың бесеуі ажырасып кеткен. Бұл дегеніңіз жақсы көрсеткіш емес. Қазіргі жастар тым еркін. Өз ойын айта алу, өз шекарасын сақтай алу, әрине, жақсы. Бірақ үлкенді де тыңдамай, ақырында жас ғұмырларына балта шауып алып жатады. Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, жан түршігерлік жаңалықтар қап­тап кездеседі. Оның бәрі – ұлттық құндылықтың аяқ асты болуынан. Екі адамды шаңырақ еткенде бір болып, бір-біріне сүйеу болу ниет етіледі. Өмірде түрлі қиындық кездесуі мүмкін, сондайда шаңырақты сақтап қалу, ақылға салмаса, қиынға соғады. Адам рухани бай болуы керек. Және өз өмірінің, келешек ұрпағының болашағына әркім өзі жауапты екенін түсінуі керек деп ой қорытамыз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
08 қазан 2022 ж. 266 0