Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасымал қызметіне талап қатаң

Тасымал қызметіне талап қатаң

Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлері автокөлікпен жолаушы тасымалдау қызметін қатаң қадағалау үстінде. Сан түрлі санаттағы автокөлік жүргізу барысында жүргізушілер заңда көрсетілген ережені сақтауы тиіс. Әйтпесе, олқылыққа жол берген автокөлік иесі айыппұл арқалайтыны шүбәсіз.

Өз кезегінде Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ш.Амитовтың тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде «Заңсыз жолаушы тасымалдау­шы» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Ақпан айының 1-3-күндері аралығында жүзеге асқан іс-шараны негізге алған аудандық полиция бөлімінің мамандары арнайы рейд жүргізді.

Тәртіп сақшылары аудандық кірістер басқармасының мамандарымен бірлесіп ұйымдастырған рейд барысында бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Анығын айтқанда, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзған – 4, автокөлікті тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтаған – 2, ҚР-ның міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзған – 4, мемлекеттік немесе міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген – 2, көлік құралын басқару кезінде телефонды пайдаланып басқарған – 3 жүргізушіге әкімшілік құқық-бұзушылық туралы хаттамасы рәсімделіп, айыппұл салынды. Сонымен бірге сала мамандары жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге түсіндірме жұмысын жүргізіп, заң бұзушылықтарды болдырмау­ды қатаң тапсырды.

– «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы» же­дел профилактикалық іс-шарасын ұйым­дастару арқылы автокөлік иелеріне біршама ескертулер берілді. Қателікке бой алдырмау үшін тасымалдау қызметін заң шеңберінде жүзеге асырған жөн. Жалпы, кез келген адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күн тәртібінен түспейді. Алдағы уақытта аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалау, жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар жалғасын табатын болады, – деді аудандық полиция бөлімінің Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Сейілхан Кеукенов.

Бұл ретте, автокөлік иелеріне жолау­шы тасымалдау үшін аудандық кіріс­тер басқармасына арнайы тіркеліп, тұр­ғындарға қызмет көрсету керектігін ес­кер­теміз. 

Балтабай ОРДАБЕКОВ
04 ақпан 2023 ж. 253 0