Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайыршының махаббаты

Қайыршының махаббаты

Тұрмыс тауқыметін тартқан мыңдаған адамның көше кезіп жүргені жанға батады. Өмір бі­реуге керемет болып көрінгенімен, адамға ауыртпалық сыйлайтын өтпелі кезеңдері көп. Құн­дақтаулы сәби кезінен жақсылық көріп өскен кейбір адамдың кенеттен шалыс басатыны тағы бар. Әрине, кім болса да, маңдайына жазғанды көреді. Адамдар арасында қадіріңді жоғалтпау үшін ерік-жігеріңді жани білген дұрыс та шығар. Ал біздің Торғын олай жасай алмады. Күннен-күнге кісілік келбетін жоғалтқан оның бойындағы барлық кінәні анасы жоққа шығарады. Дүниеде оған баласынан артық ешкім жоқ секілді. Асылында, қараша халықтың арасына сіңісіп кеткен қайыршының өмірі біз ойлағандай емес.

Қылышын сүйреткен қытымыр қыста үй көрмей, апталап далада жүру кез келген кісіні қажытары анық. Бұл жолы ойын балалары ауылға әйгілі қайыршыны орталық көшенің бірінде ұйықтап жатқан жерінен тауып алған еді. Күні бойы көше кезіп, тіленшіге айналған Торғын «жынды суды» құмары қанғанша ішкен сыңайлы. Ауыл шетіндегі көшеде тұратын зің­гіттей жігітті бір топ бала орнынан қозғай алар емес. Жазғанның ескі күпәйкісінен жел уілдейді. Бұтындағы шалбары да қырық жамау. Оның аянышты хәлі адам төзгісіз. Балалар әлгіні көтерген бойда шанаға жатқызды. Жол бойында шананы сүйретіп, тыныс алуын бақылап келеді. Бір мезетте үйінің алдына жеткен балалар қара суықта қалып қойған оны соқыр шешесінің қолына тапсырды. Қимылсыз жатқан перзентін түпкі бөлмеге кіргіздірген кемпір зар еңірей жөнелді.

– Үйдегі барлық затты ел-жұртқа сатып ішкеніңмен қоймай, көше жағалап қайыршы болғандығың көрде жатқан әкеңнің сүйегіне қара таңба салды-ау! Соқыр кемпірдің баласы оңбады. Базар жағалаған сені қол жайып, қайыр сұрайды деп елдің әңгіме еткені қай заман, – деген кемпірдің тағдырына көндіккеннен басқа амалы бар ма еді?!

Ішімдіктен бас алмайтын Торғын мектеп­те томаға-тұйық болатын. Онша адаммен жұғыспайтын оның ішіндегісін табу – қиын­ның-қиыны. Өзінен үлкен екі бауыры 5-6 жасқа келгенде шетінеп кеткен еді. Алланың ісіне бағынған Сембек пен Сара жалғыз тұяқты жақсы тәрбиелеуге тырысты. Дегенмен өмір ауаны ерке ұлды басқаша есейткен болатын. Талай ауыртпалықтан сағы сынбаған оның қайыршылыққа тап болғаны тіптен аянышты көрінеді.

****

Бір жылдары Торғынның әкесі Сембек қаладан келе жатып, көлік апатына ұшы­райды. Көлікте Сара да болған еді. Ауыр жол апаты салдарынан отағасы бақилыққа ат­танып, аяулы жары екі көзінен айырылды. Алпысты алқымдаған ел ағасын ақтық са­парға шығарып салуға көп адам жиналды. Жиналған жұртшылық Торғынға басу айтты. Ардақты ананы ауруханаға жатқызған сәттен тексеру нәтижесі көңілден шықпады. Су қараңғылыққа тап болу ықтималдылығы жоғары болды. Шешесін емдету үшін жалдамалы жұмысқа жегілген Торғын күні-түні дамыл көрмейтін. Қара жұмыстың шырмауына түскен қып-қызыл жігітті сан түрлі қиындық қажытып жебірді. Аяулы ананы апармаған жері жоқ. Бас-аяғы бір жылдың ішінде анасының емі табылмайтындығына Торғынның көзі әбден жет­кен. Осылайша, ем қонбаған шешесін үйіне тастап, өзі ел кезуді шығарды.

Қолына түскен мардымсыз ақшаны жеткізе алмай қиналған Торғын алаяқтардың арбауына түсті. Келіскен ақшасын бермей кеткен жұмыс берушімен жанжалдасқынымен, мақ­сатына жете алмады. Қала кезген оны қара жұмысқа жалдаушылар қатары көбейген. Базар бойындағы күні ұзаққа тұратын соқпалтай-соқпалтай бірнеше азамат Торғынды қатарына қосқан. Тапқан-таянғаны соңғы күндері үйіне жетпестен, ішімдік үшін жұмсалып кететін болды. Маскүнемдікке әбден салынған Торғын көп қабатты тұрғын үйлердің жер төлесіне қонып қалуды шығарған. Кейде арық ішінде домаланып жатады. Үйіндегі жылы төсенішті қатты қағазға алмастырғаны өкінішті.

****

Кеше түнде балалар үйіне әкеліп тас­тағаннан Торғын таң ата оянды. Басы қақ жарылардай сынып тұрған ол денесін әрең көтерген бойда далаға шықты. Беті қайта қоймаған қаңтардың ызғары қабағы қыртыс-қыртыс болған оның денесін ширатып, сілкіп-сілкіп алды. Осы күні екі көзі 20 пайыз ғана көретін шешесі ыстық сорпа қайнатып, баласын емдеп жазудың амалын жасап жүр. Негізінен, жетпіске келген кейуанаға қасірет емес, келін сыйлау керектігін баласы әлі де ұғына қоймаған секілді. Әкесінен қалған ірі қараның көбісі сатылған. Темір-терсектің бар­лығы ішімдік алу үшін саудагердің қолына өткен. Дастархан басына жайғасқан баласына анасы барлық ақылын айтып отыр.

– Алладан сұраған жалғыз ұлдан көрейін де­генім қорлық емес шығар. Ағайын-туыс безіп, есігімізден қараудан қалды. Терісінен кеткен заман-ай! Мәскүнемдікке салынғандығың бір бөлек, қайыршы болғандығың жаныма қатты батады. Үйден шықсаң болды апталап жоғалып кетесің. Терезеден жолыңа телмірумен өмірім өткен мені аясаң етті...

– Апа, мен азғындықтың жолына түскенмін. Жақын арада оңала қоймаспын. Анығын айт­қанда, 7 мәрте емделгеніммен мен байғұс­ты арақ жеңіп кеткендігіне көзім айқын жетті, – деген ұлының сөздерін естіген шеше байғұс ағыл-тегіл жылады. Ех, анасының көз жасын төккенімен, одан пайда жоқтығы белгілі еді.

****

«Апатай, 30 теңге бересің бе?», «Інішек, 1 бөл­ке нанға жетпей тұр, қосып жіберші», «Сөмкеңізді көтерейін 50 теңгеңізді маған қиясыз ба» деген сөздерді айтудан жалық­пайтын Торғын бүгін аурухана маңайын торуылдап жүр. Қолындағы 165 теңгесі 200 грамм ішімдікке жетпей тұр. Сұқтанған көздерімен қарайтын адамдар үстінен қолаңса иіс шық­қан қайыршыға мүлдем жақындамайды. Ау­ру­хананың күзетшісі қанша қуғанымен, қайыр­шы қайта айналып келе береді. Осы жерден айналшықтап жүргендігіне себеп жоқ емес. Кезінде анасының еміне жәрдемдескен талдырмаш сұлу Сандуғаш осы ауруханада жұмыс жасайды. Бір көргеннен ұнатқан қызды жұмыстан қайтатын кезде алдынан тіленші тосып алады. Қайыршылықтан түскен ақшасына тәтті сатып алып, таныстардан беріп жібереді. Қыздың көңілін қанша аулағанымен, танымал тіленшіге Сандуғаш мүлдем қарамайды.

Көше бойында теңселе келе жатқан қайыр­шы бүгін олжалы. Орталықтағы сауда үйінің алдында қайыр тілеген Торғын 5000 теңге тапқан. Ақшаның тең жартысын ішімдікке жа­ратқан ол аурухана алдына қайтып келді. Киімі алба-жұлба күйі темір қоршауға сүйеніп, Сандуғашты күтіп тұр. Межелі уақыт жақындағанда ессіз ғашығы соған қарай келе жатты. Бір кезде қыпша белді аруға тіл қатқан Торғын:  

– Сүйген қызым Сандуғаш,
Сұлусың сен талдырмаш.
Күнде іздеп келетін.
Мен байғұсты қапалы етіп,
Орта жолда қалдырмаш.
Сандуғаш, үйде сені соқыр шешем кү­тіп отыр. Бірге бақытты болсақ, қайтеді. Жүре­гім жаралы болғаннан, ішімдік ішетінімді сезбе­генің қалай?

– Торғын аға, енді менің мазамды алсаңыз, полицияға өзім ұстатып жіберемін. Сіздей азып-тозып біткен жанға мені әке-шешем қиып береді деп ойласаңыз қатты қателесесіз. Оданда жылай-жылай көзі ағарған шешеңізге ба­рыңыз. Жолыңызды тосып отыр, – деген қыз ке­рі бұрылып кете барды.

 Сандуғаш – қарапайым отбасынан шыққан ибалы, тәрбиелі қыз. Үйдегі төрт ағасы қорға­ны болып отырған арлы аруға құда түсушілер қатары көп. Таңдаған мамандығы бойынша білім алып, аурухананың «Хирургия» бө­лім­шесіне 6 жыл бұрын жұмысқа тұрды. Тиянақты, ұқыпты қалпынан таймайтын қыз­дың көптеген арман-мақсаты бар. Өзі авто­көлік жүргізуді жақсы көреді. Жаңа көлік алуға ақша жинап жүр. Тапқан табысынан артық шашау шығармайтын қыздың ақылына көркі сай. Әке-шешесі еркелетіп өсіргендіктен, кез келген уақытта өз ойын ашық айтады. Өзі үшін де, өзге үшін де шешім қабылдай алады. Ақысын ешкімге жібермейді.

****

Қайыршының сүргелеңге толы өмірі өтіп жатты. Күні бойы ескі кәсібінен таймайтын қа­йыршыны аурухана алдынан жұмысқа келе жатып сүйген қызы Сандуғаш тауып алды. 40 градус аяздан екі аяғы үсіген Торғынға алғашқы жедел көмек көрсетілді. Дәрігерлердің шеші­мімен, анасының келісімімен оған ота жа­салды. Балтырдан кесілген екі аяғы жансызданып, апталдай азамат әп-сәтте арбаға таңылды. Мүгедектер арбасына отырған баласының тағ­дырына Сара төзе білді. Ақыры ұлының осындай жағдайға тап болатындығын өзінің іші де сезген.

Күн сайын ота жасаған екі аяқты тазалау үшін Сандуғаш қайыршыға жәрдемдеседі. Палатада жалғыз қалғанда екеуара әңгімелеседі.

– Бала кезімнен мал бағудан қолым босамады. Сабақтан келген кезімде үйдің тіршілігі да­йын тұрады. Қас қарайғанша бел жазбай малға қараймын. Жастық шағым бейнетпен өткен менің өмірімде кезіктірген жалғыз сүйгенім сен едің. Шешемнің көзі көрмеген кезінде ас-ау­қатын дайындап, киімін ауыстыруға жиіркен­бедің. Қайырымды қызметің үшін алғысым шексіз! Алдында дәрменсіз күйде жатырмын. Ақиқатында «жынды суды» бұл заманда ешкім жеңбеген.

– Біздің қызметімізде мұқтаж жандарды далаға тастамайтындығы жөнінде жақсы біле­сіз. Бас-аяғы бір ай аурухана төсегінде жатқан Сіз бәз-баяғы қалпыңызға түсіп келесіз. Ажа­рыңыз кіріп, құдды мүлдем ішпеген кісіге ұқсайсыз. Ертең Сізді ауруханадан шығарады. Енді біздің жолымыздың түйіспейтіні анық. Кешіріңіз, менің көңіл қосқан адамым бар.

Күзде 35 жасқа толатын Торғын ауруханадан шыққан бойда орталық мешітке барды. Бас имам әкесінің рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Елге қарайтын бет-жүзі қалмаған жан жаңа өмірге қадам басу үшін жамандық атаулыдан арылуға бекінді. Құдайға құлшылық етіп, жасаған қателігі үшін кешірім сұрады.

Күні бойы үйінен шықпайтын Торғын елдің сөзіне ілікпеу үшін терезеден түскен жарықтың көмегімен кітап оқиды. Өткен-кеткен қайыр­шылық кездегі оқиғалар есіне жиі оралады. Қимастықпен қоштасқан Сандуғашты бір көруді арманы санайтын. Асқақ арманы 6 айдан кейін орындалды. Кезекті ем-дом алу үшін ауруханаға барғанда Сандуғашпен кенеттен дәлізде ұшырасып қалды. Топ медбикенің ішінен өзі ұнатқан жанды бірден таныды. Десе де, жігіттің батылы жетпей, сүйгенінің жанына бара алмады.

Дәрігердің бөлмесінің алдында кезекте тұр­ған Торғынға Сандуғаштың өзі келген болатын. Жылы шырай танытып, сәлемдескен қызды көргенде Торғынның жүрегі дүрсілдей түсті.

– Аға, сәлеметсіз бе? Дәрігерге көрініп бол­­ғаннан кейін шайханаға барып, аз-кем әңгі­мелессек қайтеді.

– Сәлемет пе, жарығым? Әрине, болады, – деген Торғын қыз алдында кібіртектеп қалды.

Жарты сағат дәрігердің алдында болған Торғынды Сандуғаш дәлізде күтіп тұрды. Екеуі шайханаға бірге барып, түскі асты ішкен еді. Бір сәт үнсіздікке байланған тыныштықты кенеттен жігіт бұзды.

– Мен сені ауруханада кезіктірем деп ойла­маған едім.

– Менде Сізді. Өздігімнен түскі асқа шақыр­ғаныма таңқалып отырған боларсыз. Осыдан 6 ай бұрын жолықтырған Торғыным мүлдем танымастай өзгерген екен. Азғындықтан арылып, мен ойлаған жігіт кейпіне кіргеніңізге қуа­ныштымын.

– Сен қалаған...

– Иә, мен қалаған.

– Мен мүгедекпін. Сен ұнатқан жан басқа еді.

– Расында, солай болатын. Бірақ осыдан 4 ай бұрын онымен айырылысып кеттім. Мені қорламақшы, анығын айтқанда зорламақшы болды. Ниеті жаман жігіттен әрең құтылдым. Ағаларым араласпағанда өмірімнің быт-шыты шығатын. 

– Сүйегіме қара таңба болып басылған қайыршы деген атым бар. Сендей аруға лайық­ты емеспін. Шешем – соқыр, мен – мешел. Үйімнен басқа түк те жоқ.

– Аға Сізде тұрақтылық бар. Махаббатқа де­ген адалдыққа ризамын. Сүйген жанға деген сенімді білемін. Маған осының өзі жеткілікті.

– Сені бақытты ете алатыныма күмәнім көп.

– Мен Сіз бар жерде бақыттымын.

– Әзілің бе?

– Жоқ, әзілім емес. Осы жерден біздің жаңа ғұмырнамамыз басталды деуге болады. Айтпақшы, апам қалай?

– Қайран шешем, баласын күзетіп отыр ғой. Осылайша, 1 сағатқа созылған екеудің әңгімесі татуласумен тынды.

Екі ғашық кездескен күннен екі  ай өткеннен кейін кішігірім той жасады. Күнәра жұмысқа баратын Сандуғаш соқыр ене мен мүгедек күйеуді бағып-қақты. Кез келген қарсылыққа төтеп берген Сандуғаш көп ұзамай сәбиді дүниеге әкелді. Кезінде жұртшылық күдерін үзген қайыршыны ел қатарына қосты, адам қылды.

****

Көше бойын жағалалап өсек таситын ауылдың қатындары бір дастархан басында жиналып отыр. Шайды сораптаған келіншектер Сандуғаш дайындаған құртты жеп отырып, қайыршының өткен өмірін қозғайды.
– Ләтипа, ана халықтан қайыр сұрайтын Торғын ұлды болып, жетісіп қалыпты.

– Иә, қатыны да берілген екен. Жұмыстың екі ортасында жүріп, сиырды да сауады, баланы да туады, ана екі мақұлықтың бабын да табады.

– Әрі кетсе, 2-3 жыл шыдар. Қайыршыны тастап кетеді көресіңдер.

Бұл жолы қатындар оңбай қателесті. Екі ғашық өткен өмірдің есігін жауып, мәңгілік бақытты болуға бекінген еді.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
21 қаңтар 2023 ж. 232 0