Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мың бір дертке дауа болған құрқылтай

Мың бір дертке дауа болған құрқылтай

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, қазір адамдар жиі ауыратын болды. Дертіне дауа іздеген жан бір жері сыздаса дереу дәріханаға жүгіреді. Сондағысы сәл де болса ауруын басатын дәрі дәрмекті пайдаланып, те­зірек сауығып кетудің қамы. Дегенмен көпшілік соңғы кезде дәріхананың «удай» дәрісін ішкеннен гөрі табиғи ем із­деп, шипасын көруді жөн санайтыны рас. Ежелден ата-баба­лары­мыз ауырса табиғи ем жасап, өмір сүргендіктен сол тәсіл­ді құп көретіндер баршылық.

Бұрында әр ауылдың өз емшісі болған. Кейбірі дұға оқып, ем-дауа жасаса, емшілік қасиетін шөп дәрімен ұштастырып, талай жанды айықтырған шипагерлер емді кәдімгі құрқылтайдың ұясымен де жасаған.

Құрқылтайдың ұясын көпшілік бала көтере ал­мағандарға ем ретінде қолданатынын біледі. Дегенмен шипагерлер осы киелі құстың ұясын мұнан басқа көптеген ауруға шипа болатынын айтады. Менің нағашы атам Тапат – аузы дуалы, діндар адам болыпты. Ол кісі Құран Кәрімді жатқа оқып, талай алдына келген дерттіні аяғынан тік тұрып кетуіне себепші болған. Анамның айтуынша, әкесі құрқылтайдың ұясын қалың тоғайдың арасынан із­деп тауып әкеледі екен. Қасиетті құс өз ұясын аң-құстан қауіпі аздау биіктеу жерге ағаштың бұтағына салады. Түрлі өсімдіктердің тамырын сілекейімен илеп, тоқып, құтты қолғап секілді етіп кішкене ғана аузын жасап, жіңішке бұтаққа ілініп тұрады. Өте мықты, әрі қанша жел соқса да жерге түспейтін ұяға өрмелеген жылан да жете алмайтын көрінеді. Себебі жіңішке әрі иілгіш бұтаққа өрмелеген жылан сырғып кете береді.

Құрқылтайдың ұясын бұзуға болмайды. Оның кие­сі ұрады деп сенген. Ұяны тек қана балапандарын қа­тайтып, ұшырғанда, ұя бос қалғанда ғана алған. Оның өзінде өте биік жердегі ұяға қол жеткізудің өзі қиын болған. Ат үстінде отырған адам қолына ұзын таяқ алып, ұяны іліп алып, қол жеткізген.

Атамыз құрқылтайдың ұясын пайдаланарда мін­­детті түрде дұғасын оқып, оны алақанымен сипап, арасын ашып, қажеттігіне қарай екіге бөлген. Ауы­­рып тұрған жерге таңып сыртын жылы орамалмен байлаған. Әсіресе, бүйрегі ауырған адамдарға осы емді қолданған. Өзі қалың әрі мықты, жұмсақ ұя бүлінбейтіндіктен оны қайта-қайта пайдаланған. Менің де анам шипагер болмаса да біраз жылдан бері нәрестелі бола алмай жүрген жас келіншекке құрқылтайдың ұясымен ем жасағанын көзім көрді. Туысқан болып келетін келіншекке құрқылтайдың ұясын түтетіп, ем жасады. Бас-аяғы 3 күн жасаған емнен соң көп ұзамай бөпелі болғаны да есімде. Кейде суықтап, ауырып қалған кездері әкесі ме­нің анамды өзіне көмекші етіп, өзіне дем салып, құр­қылтайдың ұясымен өзін де емдеген. Бір жағынан, киелі құстың ұясын қандай дертке дауа болатынын айтып құлағына құйып отырған.

Әсіресе, қуыққа суық тигенде немесе зәр шық­пағанда ұяның емдік қасиетін пайдаланған. Ол үшін бір бөлігін алып, оған адыраспан қосып тереңдеу ыдысқа салып түтеткен. Оның түтініне ауырған адам­ды отырғызып, аяқ жағын қымтап орап қойған. Бас-аяғы 10-15 минут өткеннен кейін науқасты тұр­ғызып, жылы киіндірген. Осы емді бір-екі қолдан­ғанда-ақ нәтижесін көрген. Сонымен қатар қазір жас пен егде тартқан адамда бірдей кездесетін тұз жиналуды ыдыратуға да құрқылтай ұясы таптырмас ем екен.

Үлкен кісілерде көп кездесетін буын ауруларында, бел омырқаның грыжасында, сүйектің қабы­нуы, бел ауруы, қан ұйып қалатын адамдарға да қолда­нуға болатынын айтқан.

Осындай қасиетімен ерекшеленетін құрқыл­тай­дың ұясымен жасалатын ем талай адамды ота­­дан сақтап қалған. Әрине, барлығы да адамның сеніміне байланысты. Дегенмен құрқылтайдың ұясы ем болады деп оны оңды-солды алуға болмайтынын естен шығармаған жөн. Міндетті түрде ұясы бос қалған мез­гілде ғана жақсы ниетпен қол жеткізсеңіз, шипасын да көретін боласыз.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
07 қаңтар 2023 ж. 498 0