Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРҚЫЛТАЙДЫҢ ҰЯСЫ 80 ТҮРЛІ АУРУҒА ЕМ ЕКЕН

ҚҰРҚЫЛТАЙДЫҢ ҰЯСЫ 80 ТҮРЛІ АУРУҒА ЕМ ЕКЕН

Қазір көпшілік дәрі-дәрмектен гөрі табиғи ем түрін дұрыс көреді. Соның ішінде ата-бабаларымыз ежелден емге қолданған тәсілдерге деген қызығушылық басым. Осындай тәсілдің бірі – құрқылтай ұясымен ем жасау. 

Ел ішінде құрқылтай ұясы бедеулікте таптырмас ем ретінде айтылады. Бұл жөнінде «Ауырмаңыз!» газетінің 22-ші нөмірінде жазған болатынбыз. Осы мақалаға орай бізге Астана қаласынан Ғабит Әлмаханұлы есімді азамат хабарласты. Ол бізге құрқылтай ұясының тек бедеулік емес, одан бөлек 80 түрлі ауруға шипа болатынын айтып берді. 

Оның кереметі көп көрінеді 

«Атам – әкемнің ағасы кезінде құрқылтайдың ұясымен талай адамды аурудан дәрісіз-ақ емдеп жазғанын білемін. Тіпті қазір дәрі­гер­лер операция жасатпаса болмайды дейтін кесел­дер­дің өзі осындай 1-2 емнен кейін жазылып кететінін кө­ріп өстім. 

Құрқылтай – қасиетті құс. Ол ұясын аң-құс көп болатын қалың, ну орманда емес, қаупі аздау тоғайдағы биік­теу ағаштың ұшар басындағы бұтағына сілеке­йімен араластырып, тоқып «іледі». Бірақ берік бекі­те­тіні сондай, желмен тербелсе де жерге түспейді. Оған адам түгілі, жорғалаған жылан да жете алмайды. Өйт­кені жылан қан­ша жармасса да бұтақтың иілгіштігінен жерге сырғып түсіп қа­лады. 

Атам бұл құсқа зиян тигі­зуге болмайды, киесі ұрады деп жиі айтып отыратын. Ал ұяны балапандары қа­нат­танып, ұшқан кезде – күз­де ғана жинайтын. Ұя 6-7 метр биік­теу жерде болады. Атам алдымен дұға оқиды. Сосын ат үстінде ерге ая­ғын тіреп тік тұрады да, мені көтереді. Қолыма ұзын таяқ беріп қояды. Мен ұяны сол таяқ­пен іліп алатынмын. Бұл менің шамамен 7-8 жастағы кезім. 

Құрқылтайдың ұясы ең алдымен бүйрек ауруына ем. Ауыл-аймақтағы бүйрегі суықтап-сыздаған, онда құм, тұз бар адамдар дәрігерге емес, атама келетіні есімде. Ол кезде біз Өзбекстанда – Бұқарада тұратынбыз. Атам бісмілләсін айтып, бір ұяны ортасынан екіге бөліп, оны екі бүйрекке таңып қояды. Сыртынан жылы орап қою керек. Құрқылтай ұясы бүлін­бейді, сасымайды. Сондықтан бүйрек суықтағанда оны қайтадан қолдана беруге болады. 

Әлі есімде, бала кезімде жатыр жарығымен (паховая грыжа) ауырдым. Дәрігерлер оған операция жасау керек деді. Онда да кейін ұрпақсыз болуым мүмкін екенін ескер­тіпті. Олардың сөзін мұқият тыңдаған атам қолын бір сілтеп, үйге келді де, ме­ні құрқылтай ұясының түтіні­мен емдеді. Қазір, мі­не, қы­рықтан асып барамын. Аллаға шүкір, ұл-қызым бар. Бү­гінгі медицинада операциясыз ем болмайды деген аурудан мен пышақ ти­гізбей, дәрі ішпей, аз-ақ күн­де жазылып кеттім. 

Өмірінде бір күн ауруханаға жатпаған, дәрі де іш­пеген атам жүз жасады. Өмір­ден өткенше тік жүріп, тік тұрды. Ол кісі: «Құрқылтайдың ұясы 80 түрлі ауруға ем», – деп отыратын. Балалықпен көп нәрсеге мән бер­меп­піз. Дегенмен есімде қалған біраз ем түрлерін айтайын. 

Емді өзіңіз де жасай аласыз 

Құрқылтайдың ұясымен емделу үшін емші іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Оны қалаған адам өзі-ақ жасай алады. Емдік қасиеті бар шөптерден іріктеп, әрі сіле­кейімен өріле тоқылған ұя жібек сияқты болады. Оның біреуін бірнеше емге пайдалана аласыз. Цистит ке­зін­де немесе бала шыжың болса, ересектерде де зәрдің шықпауы немесе жиі мазалауында, қуыққа тас байланса, қуық қабынса ұядан азырақ бөліп алып, түтіп, шұқырлау темір ыдысқа саласыз да, оған азырақ қана адыраспан қосасыз. Оны адыраспанды түтеткендей түтету керек. Қыз-келін­шек­тер ұзын етек көйлек, ал ер адамдар белінен тө­мен жамылғы орап алып, сол түтін басылғанша үстінде отырады. Оған ары кеткенде 10-15 минут қана уақыт кетеді. Сосын жылы киініп алу шарт. Екі-үш рет жасаса жеткілікті. Өз басым зәр шықпай қиналған жас балалардың бірінші ем кезінде-ақ шаптырып жібергенін талай көргенмін. 

Тап осы амал әйелдер­дегі суықтау, жатырдағы басқа да ауруларда, бедеу­лікте, ер-азаматтардағы импотенция, простатитте, бел омыртқасындағы грыжаға да шипа. Тізеде, буындарда, тіпті желкеде тұз болса, сары су жиналу, аяқ буын­дары ісінуі, сүйектің қақсауында жаңа орылған бидайды сабағымен алып, құрқылтай ұясының аз ғана бөлігімен суға бір қайнатып, айналасын қымтап, сол қоймалжың­ға тізерлеп отырады. Оны азырақ мөл­шерде жасап, қалыңдау мата­ға салып, екі тізеге, желкеге та­ңып қоюға да болады. Қаны қою, ұйып қала беретін адам­дарға, радикулит, остеохондрозда да осы амал ем». 

Ғабит Әлмаханұлы сондай-ақ он жыл бұрын сыныптасының үлкен қызының бір бүйрегі семіп қалға­нын айтты. Ол қызды таныстары жоғарыдағыдай тәсілмен: бүйрекке құрқылтай ұясын таңу арқылы емдеген екен. Бүгінде жоғары оқу орындарының бі­рін­де білім алып жүрген студент қыздың екі бүйрегі де сау дейді. Басқалай жағдайда ол қыз гемодиализге тә­уелді болып, бүйрек алмастыру операциясын жасатуына тура келетін еді. 

Міне, құрқылтай ұясының осындай ерекше қасиеті бар екен. Мұны да біле жүргеніміз жөн. Дегенмен ем екен деп қасиетті құстың ұясын балапандары қанаттанбаған кезде алып, оның көбеюіне зиян тигізбеу жағын да ұмытпағанымыз жөн. Қай нәрсенің де обалы, киесі болатынын естен шығармайық.

16 сәуір 2019 ж. 2 663 0