Төтенше жағдай: Қамданған қапы қалмайды
Ел тұрғындары үшін өткен барыс жылы ауыр болғаны сөзсіз. Әлеуметтік, экономикалық саладан бөлек, төтенше жағдай мәселесі ушыға түскен еді. Жағымды жаңалық көптеп орын алғанымен, техногенді апат салдарынан ел-халық едәуір зардап шекті. Кез келген қоршаған ортада табиғаттың тосын әрекетіне дайын болу керек. Әрине, «Тас түскен жеріне ауыр» деген қазақта тәмсіл бар. Осы жылдың күзіндегі Қостанай облысындағы орман өрті, Павлодар облысындағы қақаған суықта жылу жүйесінің жарылуы ел жұртшылығының жанына аяздай батты. Су тасқыны, өрт, жол апаты секілді бірнеше төтенше жағдай факторын болдырмау мақсатында аудан көлемінде тиісті жұмыс жүргізіледі. Қаржысы бөлініп, алдын алу іс-шарасын жасайтын аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жылды жақсы нәтижеде еңсеруді мақсат тұтады. Өз кезегінде төтенше жағдай саласының бүгінгі жай-күйіне кеңінен тоқталуды жөн көрдік.
ТИІСТІ САЛАДА ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТТЕР АТҚАРЫЛАДЫ?
Әлемде жер көлемі бойынша 9 орын алатын еліміздің түкпір-түкпірінде адам болжап білмейтін сан түрлі оқиға орын алады. Негізінен, Юрий Ильин басқаратын ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және орларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту іс-шарасын жүргізеді. Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын негізгі орталық атқарушы органы болып табылады. Шын мәнінде, бейбіт күннің батыры саналатын сала мамандары жанкештілік іс-әрекетке барады. Адам өмірі қыл үстінде тұрғанда ерлік көрсетудің үлгісін қарапайым тұрғындар да көрсетіп келеді.
Сырдария ауданына қарасты Төтенше жағдайлар бөлімінде жыл көлемінде ауқымды жұмыс жүзеге асырылған. Тиісті бөлімнің 25 тармақтан тұратын жұмыс жоспарын Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Р.Қайрақбаевпен бекіткен. Бекітілген жоспар бойынша төтенше жағдайларды болдырмауды сала мамандары жан-жақты атқарып келеді. Жалпы, Сырдария ауданының жер көлемі 2 млн 910 мың гектарды құрайды. Бұл ретте, ауқымды жер аумағында төтенше жағдай орын алмау үшін саладағы жұмыстарды күшейту барысын бөлім басшысы Нұрбол Баяқтияр баяндап берді.
– Төтенше жағдайлар бөлімі азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, аудан аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, төтенше жағдай аймағында халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырады. Жалпы, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға аудан бюджетінің шұғыл шығындар резервіне 2022 жылға 88 млн 023 мың теңге қаржы қаралған. Былтырғы жылмен салыстырғанда қаржы көлемі тең. Ауданның қауіп-қатер каталогы мен қауіпсіздік паспортына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 2022 жылы қайта бекітілді. Бөлімде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен Төтенше жағдайлар департаменті басшылығының тапсырмаларын орындау және оның жүзеге асырылуын бақылау күшейтілген. Министрлік пен Комитет, департамент бұйрықтары, Алқа және жедел кеңес шешімдері жеке құрамға уақытылы таныстырылады, – деді бөлім басшысы.
Қатаң тәртіп пен жауапкершілікке сүйенетін бөлімнің қызметі аса күрделі. Бірнеше тармаққа бөлінетін қызмет бөлінісін уақытылы және сапалы орындау басты назарда болады. Бұл ретте, аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі тарапынан төтенше жағдайларды болдырмау басты қадағалауда болады.
– Қариялық жасқа жеткеннен кейін, елдің арасында тыныштық орнағанды жақсы көреміз. Жыл көлемінде орын алған апатты жағдайлар қабырғамызды қайыстырды. Қажыған халықты көріп, еңсеміз түсетіні мәлім. Қостанайдағы алапат орман өрті бәрімізге сабақ болғаны абзал. Кез келген жағдайда тілсіз жаудан сақтану ерекше рөл ойнайды. Негізінен, күре жолдарда жол апаты көбейіп, азаматтық қорғаныс саласына аса мән берілу керектігі анық аңғарылғандай. Сонымен бірге жолға шығып, ақ түтек боранда адасқан көпшілік төтенше жағдайлар қызметіне жүгінеді. Қысы-жазы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңайлыққа соқпайды, – дейді кент тұрғыны Таңатар Жанәлиев.
ТІЛСІЗ ЖАУДАН ТІЛ ТАРТПАСТАН КЕТПЕУ ҮШІН НЕ іСТЕУ КЕРЕК?
Таңатар ақсақал сөзіне арқау еткен тілсіз жаудан қорғану – әрбір азаматтың басты борышы. Жыл көлемінде аудандық Төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімі өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша қызметтік жұмысты ұйымдастыру мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізуді қамтамасыз етіп келеді. Жалпы, өрт кауіпсіздігіне байланысты 2022 жылы тексеру графигіне 41 нысан енгізілген.
– 2022 жылдың тексеру кестесіне сәйкес, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары аудан аумағында орналасқан барлығы 39 нысанға ерекше тәртіп бойынша өрт-техникалық тексеру жұмысын жүргізеді. Ал 2 нысанға тексеру жұмыстары белгілі себептермен тексеру жұмысы жүргізілген жоқ. Тексеру нәтижесімен, 3 нысан талаптарға сай екені расталды. Өз кезегінде 36 нысаннан барлығы 359 өрт қауіпсіздігі бұзушылығы анықталды. Айта кетейік, 12 нысанның басшысына және 4 заңды тұлғаға ҚР ӘҚБтК-нің 410 бабы, 1 бөлімі бойынша «Ескерту» шарасы көрілсе, 10 нысан басшысына 410 бабы, 2 бөлімі бойынша жалпы сомасы 398190 теңге әкімшілік айыппұл, 1 заңды тұлғаға 410 бабы, 2 бөлімі бойынша 153150 теңге айыппұл салынды. Ал 2 нысан басшысына 359 бабы 1 бөлімі бойынша 61260 теңге әкімшілік айыппұл салынып, орындау мерзімдері белгілене отырып бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар табысталды. Осы жылдың 12 айында аудан аумағында түрлі деңгейдегі төтенше жағдай оқиғалары туралы 105 хабарлама тіркелді, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрбол Баяқтияр.
Былтыр аудан аумағында 28 өрт оқиғасы тіркелген. Орын алған өрт салдарынан қаза болу 2 фактісі, жарақат алу 1 фактісі анықталған. Өрт оқиғасы салдарынан материалдық шығын 31 млн 827 мың 66 теңгені құрайды. Анығын айтқанда, тұрғын үй секторда, автокөліктерде, арнайы нысандарда, ормандарда залал келтірілген шығындар есептеліп отырады. Осы ретте, өрттің себептеріне электр құрылғыларын жүргізу және оларды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, пеш құрылысы және оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы, белгісіз азаматтардың ашық отты пайдалану кезіндегі абайсыздық факторлары жатқызылады. Өрттің шығуына себепкер болған жеке тұлғаға «Ескерту» және «Айыппұл салу» шарасы көріледі.
– Аудандық өрт сөндіру бөлімінде 35 адам жұмыс жасайды. Күніне жауынгерлік кезекшілікке 7-8 адам түседі. Өрт болған жағдайда аудан тұрғындары 101, 112 нөмірлеріне хабарласа алады. Оқиға орын алған мекен жай туралы дабыл түскен бойда 1 минутта мамандар жолға шығуға дайын тұрады. Ескеретін жағдай көпшілік өрт жөнінде ақпаратты дұрыс жеткізбейді. Мұндайда елді мекендердегі әкімдікке хабарласып, өрттің нақты шығуы жайында ақпарат алуға тиіспіз. Кейбір тұрғындар жалған ақпарат беруі де мүмкін. Осы күні бөлімге жас мамандар тартылып, арнайы оқу орындарына өрт сөндіру мамандығы бойынша білім алуға зор мүмкіндік қарастырылуда. Қай кезде де, кәсіби мамандар жұмысты ұтымды үйлестіре алады. Негізінен, жыл көлемінде 4 өрт-тактикалық жаттығу мен 12 өрт-тактикалық сабақ өткізілді. Бөлімде жауынгерлік 2 автокөлік бар. Әрине, қосымша 2 автокөлікті резервте ұстаймыз, – дейді аудандық өрт сөндіру бөлімінің басшысы Бағдат Әлиев.
Жалпы айтқанда, жыл көлемінде ауданда өртке жатпайтын жану оқиғалары бойынша 56 жағдай тіркелген. Мерзімді уақытта орын алған 7 жану оқиғасы бойынша кінәлі тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-нің оның ішінде 6 – 410 бабы 1 бөлігіне сәйкес «Ескерту» жазасы, 1 – 336 бабы бойынша «Айыппұл» 30630 теңге салыған. Ал 49 жану оқиғасы негізінде төтенше жағдайлар бөлімінің номенклатуралық ісіне тігілген.
Өткен жылы республика аумағында сан түрлі себеппен көптеген өрт оқиғасы болғаны жасырын емес. Мәселен, Астана қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінен электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған өрт ел есінде. Жанкештілікпен 3 адамның өмірін құтқарған Асқар Забикулин ауруханада көз жұмды. Ерлігі ешқашан ұмытылмайтын бейбіт күннің батырдың есімін ел болып ардақтауда. Жақында Қызылорда қаласындағы көп қабатты тұрғын үйден көк түтін шығып жатқандығын байқаған жерлесіміз Бақтияр Оспанов дер кезінде бір адамды өрттен құтқарды. Өзінің азаматтық борышы санайтын ерекше жан оқиғаның қалай болғандығы жөнінде кеңінен айтып беріп, елге алғысын білдірді.
Соңғы уақытта орын алған жағдайларға байланысты өрт сөндірушілердің жалақысын көтеру мәселесі жиі айтылып жүр. Өз кезегінде осы мәселені Қаржы және Ұлттық экономика министрлігімен пысықтап жатқан Төтенше жағдайлар министрлігі алдағы жылы өрт сөндірушілердің жалақысын 40 пайызға көтеруді жоспарлап отыр.
СУ ТАСҚЫНЫ КӨПШІЛІКТІҢ САҒЫН СЫНДЫРМАСЫН
Ұлы өзеннің бойында қоныс тіпкен Сыр жұртшылығы бір жылдары су тасқынынан едәуір зәбір көрген еді. Төтенше жағдайлар бөлімінің негізгі саласының бірі – су тасқынының алдын алу болып табылады. Осы бағытта жүргізілген жұмыстарды саралай білсек, маңызды мәселелерге көз жүгіртуге болады. Нақтысын айтқанда, төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан аудан көлемінде су басуы ықтимал аумақтан қауіпсіз аймаққа орналастыру іс-шарасының арнайы жоспары жасалынған. Мәселен, су басу ықтимал аймаққа Тереңөзек кенті бойынша «Майлықұм», «Узтоп», «Соркөл» және саяжайлар жатқызылған. Жалпы, халықты су басу аймақтарынан көшіру мақсатында 4 эвакуациялық жинақтау пункті және 7 эвакуациялық қабылдау пункті бекітілген. Аудан аумағында оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай жалпы ұзындығы 77 шақырымды құрайтын «Сырдария» өзені ағады. Өзен бойымен жалпы ұзындығы 96,9 шақырым оң жаға – 55, сол жаға – 41,9 болатын бірнеше қорғаныс бөгеті салынған. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті атқарушы органдарының бірлесіп жүргізген іс-шаралары нәтижесінде, аудан көлемінде көктемгі су тасқыны орын алған жоқ.
Су тасқынына төтеп беру үшін қай кезде де, алдын ала жасалған әдіс-тәсіл маңызды рөл ойнайды. Өткен жылы осы мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі тиісінше жұмыстар атқарды.
– Өткен жылы аудан аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою негізінде азаматтық қорғаудың басқару органдарын, күштері мен құралдарын қысқы кезеңге дайындау бойынша 2 мәрте арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Атап айтқанда, «Қыс және көктем кезеңінде су тасуының қолайсыз дамуы жағдайындағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау» және «Қыс – 2022» тақырыбында республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуы болып табылады. Оқу-жаттығу нәтижесінде, ауданның азаматтық қорғау қызметінің қажетті арнайы техникаларының дайындығы мен олардың қауіпті аумақтарға шоғырландырылуы тексеріліп, негізгі техникалардың әзірлігі бойынша саптық қарау жүргізілді. Су тасқынының болдырмауға арналған ауданда материалдық-техникалық қорда 6000 дана қап, 1000 бау қамыс, 500 дана фашин және 700 дана қада дайындалған. Жергілікті «Углесбыт» ЖШС-мен 4 тонна бензин және 6 тонна дизель отынына келісімшарт жасалған. Сонымен қатар аудандағы су басу аймақтарындағы қауіпті учаскелерге 8 мекеме, 34 техника, 222 адам бекітілген, – деді бөлім басшысы Қайрат Қуандықов.
СУ ТҮБІНЕ СІҢГЕН ҒҰМЫР
Қазіргі уақытта ақпараттық технология дамыған кезеңде сан түрлі жағымсыз жаңалықты естіп жүрміз. Жаз маусымында көпшіліктің суға түсуге деген құлшынысы артады. Рұқсат етілмеген жерге суға түскен көпшілік қайғылы жағдайға ұшырайтыны мәлім. Сондықтан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің құзіретіне суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік іс-шарасын ұйымдастыру да кіреді.
– Сырдария ауданы бойынша өткен жылы 3 жағдай тіркелді. Суға түсу маусымында ескерілетін ережелерді насихаттау мақсатында жергілікті басылымға 5 мақала және «Сыр құтқарушысы» журналына 3 мақала жарияланды. Ал «Facebook», «Instagram» «Telegram» әлеуметтік желісіндегі парақшаларына «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында 7 бейнеролик пен 75 арнайы жазба жарияланды. №12 өрт сөндіру бөлімінде 5 рет ашық есік күні өткізіліп, 50 бала қатысқан болатын. Ауданға қарасты бірнеше мектепте аудандық полиция бөлімімен «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында түсіндірме жұмысы жүргізілді. Аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция қызметкерлерімен және еріктілермен 85 рет рейд жұмыстары ұйымдастырылды. Рейд барысында 187 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді Аудан көлемінде «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында 8 дана бильборд орнатылды. «Суға түсуге болмайды» тақырыбында 36 дана тақтайша қойылды. Мұның барлығы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысындағы жұмыстар, – дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрбол Бақтияр.
Расында, қаншама рейд жүргізілсе де, рұқсат етілмеген жерге суға түсушілер көбейген. Әсіресе, балалар бірнеше сағат бойы суға түсуге бар. Осындайда балаларды ата-ана бақылауға алып, суға түсуге тыйым жасағаны абзал. Жылда бірнеше отбасы қайғы жамылатын жағдайдың белең алғаны өкінішті. Бұл ретте, әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі де бірқатар жұмыстар жүргізілді.
– Аудан бойынша суға шомылу маусымы кезінде жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Тереңөзек кентіндегі «Қалғандария» көлі аумағынан коммуналдық жағажай ашу белгіленген. Қазіргі таңда облыс әкімдігі тарпынан «Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлерді белгілеу туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің Қаулы жобасы әзірленуде.
Өткен жылы Тереңөзек кенті және барлық ауылдық округтердің әкімдеріне су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында суға түсуге бейімделмеген жерлерге арнайы үлгідегі 57 дана тақтайшалар орнатылды. Сондай-ақ аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелген жұмыссыздар есебінен барлық елді мекендерде суға шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 17 адам жұмысқа тартылып, тұрақты кезекшіліктер ұйымдастырылды, – деді бөлім басшысы Қайрат Қуандықов.
P.S. Жоғарыда көтерілген мәселелер жылдың әрбір күнінде орын алуы бек мүмкін. Жылдың 365 күнін тыныш өткізу үшін сақтықты күшейткен абзал. Қазақ халқы «Қамданған қапы қалмайды» деген сөзді бекер айтпаған. Адам өмірінен басты байлық жоқ екен бесенеден белгілі. Шындығында, кез келген төтенше жағдайды болдырмауды ұтымды ұйымдастыра алғанда қоғамда тыныштық орнайды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ