Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрлет төрге, қош келдің, Жаңа жылым,

Төрлет төрге, қош келдің, Жаңа жылым,

Төрлет төрге, қош келдің, Жаңа жылым,
Саған бүгін арналсын жаңа жырым.
– Сүйінші, – деп қауышар ағайынмен,
Көп болсыншы қуантар жаңалығың.

Жаңа жылға қараймыз жылда үмітпен,
Арманымыз биікте шыңға біткен...
Мақсаты айқын киелі Отанымыз,
Өсіп жатыр, өркендеп жылдамдықпен.

Шүкір, Алла, өкпе жоқ өткен жылға,
Сынақтарды жеңдік-ау көппен, сірә.
Барыс жылы, аман бол, көріскенше,
Не жетеді шабытпен шерткен сырға.

Шуақ шашып әрбір таң атса нұрлы,
Ақ тілектер көңілден ақтарылды.
Барыс жылы бірлікпен, ынтымақпен,
Сайлап алдық халық боп патшамызды.

Көп бізде айбынды, әсем, асқақ қала,
Мақтауға да лайық, жақсы атқа да.
Қасым-Жомарт Тоқаев туған елін,
Барады сан биікке бастап дара.

Бағыттап күш-қайратын жүрегімнің,
Бақытын туған жердің тіледім мың.
Нұрлыбек Машбекұлы тізгінді алды,
Төл ұлы, төл перзенті Сыр елінің.

Халықтан шынайы көп алғыс алды,
Еңбекпен әлі талай қырды асады.
Төл ұлы аман болса Сыр елінде,
Жасампаз жетістіктер жалғасады.

Егемен ел – құт қонған ордалы ұя,
Сырдың төрі – сарқылмас жыр дария.
Көш бастаса озат боп Қызылордам,
«Үздік аудан» атанды Сырдария.

Қоян жылы молайтып ырысымды,
Кеңейтсінші тіршілік, тынысымды.
Бірлік жолын ұстанған Қазақ елі,
Тани берсін жер-жаһан ұлы ісіңді.

Жаңа жылым сыйласа береке-құт,
Өткереміз уақытты мереке қып.
Игі істерге жаршы боп, жақын болсын
Ғылым, білім және де өнерге жұрт.

Бақытқа орап көңілді әз әлемі,
Жырым енсін тарихқа жазар енді.
Төрлет,
Төрде орны Жаңа жылдың,
Құтты болсын барлығы Қазақ елі!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
31 желтоқсан 2022 ж. 214 0