Бірегей жобаның аудандық кезеңі қорытындыланды
Биылғы «Балалар жылына» орай аудан көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың ішінде ауқымды әрі бірегей жоба – «Кітап оқы да, тұлға бол» кітапқұмар оқушылар байқауының аудандық кезеңі қорытындыланды.
Газетіміздің тұрақты оқырмандарына таныс, аталған жоба аясында өткен сайыстың мектепішілік кезеңі туралы басылым бетінде тұрақты түрде ақпараттандырылып отырды. Шалғай ауылдар мен аудан орталығындағы мектептерде ұйымдастырылған жоба жеңімпаздары байқаудың аудандық кезеңінде бақ сынады.
Таңмен таласа оқушылар №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде жиналды. Қолдарында – балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесті. Себебі оқушыларды жан азығымен шынайы достастырып, кітап оқуға насихаттайтын байқаудың бұл кезеңдегі шарты осы кітаппен тығыз байланысты болды.
Аталған сайыс екі кезеңнен тұрды. Ауқымды іс-шараға аудан көлеміндегі мектептерден 94 оқушы қатысты. Бірнеше сыныпқа бөлініп жайғасқан оқушылар повесть желісіне негізделген отыз сұрақтан тұратын тестке жауап берді. Жазбаша түрде өткен алғашқы кезеңде балалардың жылдамдығы, есте сақтау қабілеттері, сұрақтарға дұрыс жауап беруі ескерілді.
Екінші кезеңге тест сұрақтарына қатесіз жауап беріп, жоғары ұпай жинаған 25 оқушы ғана өтті. Ендігі кезең ауызша форматта жүргізілді. Арнайы құрылған комиссия мүшелері оза шауып шешуші кезеңге өткен оқушыларды жеке қабылдады. Онда оқушыларға кітап мазмұнына сәйкес сұрақтар қойылып, шығарманы түсініп оқуы тексерілді. Екі кезеңнің нәтижесі бойынша қорытынды шығарылды.
Жыл басынан бастау алып қанша оқушыны кітаппен дос қылған, талай оқушыға жүлделі сый ұсынып қуантқан жобаның ақтық кезеңінің қорытындысы салтанатты түрде өтті. Марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, жоба идеясының авторы, айтыскер ақын Н.Мансұров, ақын Ұ.Нұрғалымұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков, жас ақын А.Түменбай арнайы қатысты. Жиынды жоба ұйымдастырушысы, аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы жүргізді.
Алғашқы болып сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары оза шауып, аудандық кезеңге жолдама алған оқушыларды құттықтай отырып, ұйымдастырушылар мен демеушілерге аудан әкімінің алғысын жеткізді.
– Кітап – сарқылмас қазына, таусылмас байлық, ажырамас дос. Кітап оқыған адамның тіл байлығы да мол болады. Ал шешен сөйлеу, мүдірмей өз ойыңды анық жеткізе білу қай жерде де керек қасиет. Көркем әдебиетті насихаттайтын, балаларды кітап оқуға ынталандыратын іс-шара жоғары деңгейде өткізіліп, өз мақсатына жетті деп айта аламыз. Бүгін қорытындыланып отырған «Кітап оқы да, тұлға бол» аудандық жобасының шешуші кезеңімен баршаңызды құттықтаймын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Одан кейін жасөспірімдерді рухани байытып, сарқылмас қазынаның маңыздылығын дәріптеген бірегей жобаға арнайы қатысқан құрметті қонақтар сөз алып, оқушыларды құттықтады.
– Биылғы «Балалар жылына» орай балаларды қорғау мен жасөспірімдерді дамыту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Әне-міне жыл қорытындысы да таяп қалды. Көпшілік арасында «Қазіргі балалар кітап оқымайды» деген қате пікір қалыптасып қалған. Балалар кітап оқиды, тек біз жасөспірімдерге рухани қазынаның мәні мен маңызын дұрыс түсіндіріп, қызықтыра алуымыз керек. Расында, қазір ақпараттық технологиялардың дамыған уақыты. Құндылықтарымызды заман талабына сай насихаттай алуымыз қажет. Осы мақсатта ұйымдастырылған жобамыз жоғары деңгейде өтті. Бастаманы аудан басшысы Мұрат Ергешбаев бір ауыздан қолдады. Нәтижесінде, мектепішілік кезеңді жақсы қорытындыласақ, бүгін, міне, аудандық кезең өз мәресіне жетті. Қолдау көрсеткен азаматтардың барлығына алғыс білдіреміз, – деді жоба авторы, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Нұрмат Мансұров.
Сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлде №130 орта мектеп оқушысы Мерей Ғаниқызына бұйырды. Бірінші орынды №191 орта мектеп оқушысы Дидар Ерланқызы жеңіп алды. Екінші орынды №36 мектеп-лицейден қатысқан Ақгүл Уәлибекова мен №137 орта мектеп оқушысы Тахмина Сейтсұлтанова бөліске салды. Ал жүлделі үшінші орындарды №130 орта мектеп оқушысы Айзере Аманжолқызы, №137 мектеп оқушысы Жәмила Әбсаттар, №37 мектеп-лицейден қатысқан Мөлдір Мұратқызы еншіледі. Сайыс жеңімпаздарына арнайы «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, атаулы жобаға шәкірт даярлауда белсенділік танытқан бірқатар ұстаздар марапатталып, «Алғыс хат» иеленді. Айта кетейік, маңызды жобаның аудандық кезеңіне облыстық мәслихат депутаттары А.Оңғарбаев, Г.Есқалиева, Н.Ибраев және «Қызылорда газдандыру жүйесі» КММ Тереңөзек кенті өндірістік учаскесінің директоры Е.Есенгелді демеушілік жасады.
Осылайша тартысты әрі қызықты жоба өз мәресіне жетті. Жобаға қатысушылардың ішінен жүйріктер жеңімпаз атанып, арнайы сыйлықа ие болғанымен, бұл сайыста жеңілген адам жоқ десек болады. Себебі, жүлделі сыйлықтарға ие болған оқушылар бір жетістікке жетсе, бір кітапты тұшына оқып, өмірлік азық болар ақпарат алу – үлкен жеңіспен пара-пар.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ