Тіл мәртебесін биіктету – абыройлы борыш
Жақында Аманкелді ауылындағы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей базасында «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен апталық өткізілген болатын.
Ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында жүзеге асқан апталық барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері өзара тәжірибе алмасты. Өз кезегінде пән мұғалімі Перуза Миянова «Көңілді сәт» айдары бойынша салтанатты іс-шараны ашып берді. Сонымен бірге Жанат Искакова мектеп оқушылары арасында «Сөз мерген» сайысын ұйымдастырды. Ал Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылындағы білім ошақтарынан келген оқушылардың қатысуымен Маржан Алтынғазиева мен Құрманғали Құлымбетов «Brain-rain» интеллектуалды ойынына айрықша көңіл бөлді.
Апталық аясында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп президенті Лаура Балғабай және Нұрболат Ташенов «Кітап оқыған адам – табысты адам» атты ойлы оқырман сайысында жиналған жұртшылық арасынан кіл мықтыны анықтады. Бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналған ана тіліміз жайында сөз қозғаған білімді жастар жүйріктер бәсекесі – дебатта топ жарды. Сонымен қатар «Сөз зергері – Ғабит Мүсірепов» тақырыбындағы конференция сабағында жазушының өмір жолы, шығарамышылығы көпшілікке кеңінен дәріптелді.
– Туған тіліміздің абыройын асқақтату – әрбір азаматтың борышы саналады. Себебі, ұлт болмысы, салт-дәстүрі, діні, мәдениеті осы тілімізден бастау алатыны мәлім. Біз ана тілімізді білуге тікелей міндеттіміз. Өйткені, тіл – ата-бабамыздан әрбірімізге қалған аманат. Тілдің көмегімен өнерді, білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткенімізді саралап, барынша сабақ аламыз. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді. Бұл ретте, №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей базасында өткізілген қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің апталығында көптеген маңызды мағлұматқа қанықтық. Ұстаздардың дайындығын жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта барлық пән бойынша апталық жүзеге асып тұрады, – дейді мектеп-лицей директоры Зейнұр Жаманқұлов.
Айта кетейік, апталықтың қорытынды кеші әдеби-музыкалық және театрландырылған қойылымға ұласты. Кеш барысында Ғ.Мүсіреповтың «Ана» тақырыбындағы шығармасынан монолог оқылса, махаббат дастанының желісімен жазылған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясынан үзінді көрсетілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ