Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік – тәу етер киеміз

Тәуелсіздік – тәу етер киеміз

Азаттықтың таңы арайлап атқанына 11315 күн толғаны баршаға аян. Әлемде жер көлемі бойынша 9 орын алатын елімізде еркіндік ұғымы қай кезде де, қастерлі. Егемендік қол жеткізу үшін ата-бабамыз бастарын қатерге тіккені мәлім. Қынабынан қылышын суырып, қасиетті туған жерді қасық қаны қалғанша қорғаған ұлт ұландарының аманатына селкеу түсірмеу басты міндетіміз.

Иә, аға буынның есінде болар, өткен ғасырдың соңғы жылдарында еңсесін енді тіктеген еліміздің халқы қалжыраған күйде болды. Әрбір үйде жоқшылықтың нышаны көрініп, тоқырау жылдардың салқынын көпшілік анық сезінді. Үлкендеріміз: – «Сығырайған шамның түбінде кітап оқушы едік» – деп естеліктерін жиі айтып отырады. Бұл дегеніміз – шалғайда жатқан ауыл мен орталықтың даму үдерісіне түспеген кезеңі болатын. Жарық, су, азық-түлік тапшылығымен қатар, жолдың қияметін көрген халықтың жадында қиыншылыққа толы күндер сақтаулы.

Әрине, бүгінде жоғарыда айтқан қиыншылық атаулылар бірте-бірте сейіле бастады. Тәуелсіздік жылдары өз алдына егемен мемлекет ретінде қалыптасқан еліміздің тұрғындары нарықтық кезеңге бейімделді. Әркез табанды еңбек ете білген жандардың тұрмысы түзелді.

Тарихы тереңде жатқан Сырдария ауданынан тұғыры биік тұлғалар түлеп ұшты. Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап, ел мерейін асыруға күш салды. Мызғымас бірліктің, айнымас татулықтың үлгісі болған туған жеріміздің қадірін ұғыну – басты парыз саналады. Әрине, Тәуелсіздік – тәу етер киеміз. Мәңгілік құндылық ретінде бағаланатын Тәуелсіздігіміздің ғұмыры баянды болғай! Бір сөзбен айтқанда, егемендікке қол жеткізу мақсатында жандарын қиған ұлт азаматтарының ерлігі ешқашан ұмытылмайды.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
19 желтоқсан 2022 ж. 178 0