Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бес жылдық белес

Бес жылдық белес

Соңғы жылдары жұртшылық «Жаңа Қазақстан» ұғымын көп айтып жүр. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев соңғы Жолдауында да, кешегі Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде де біздің ортақ мақсат-мүддеміз Жаңа Қазақстан құру емес, Әділетті Қазақстан құру екенін шегелеп айтты. Мен осы тұста Жоғарғы Соттағы ауыс-түйіске, нақтырақ айтқанда, Жақып Қажыманұлы Асановтың бес жыл бойы атқарған қызметіне байланысты Әділетті Қазақстанның негізі Жоғарғы Сотта қаланды деп бағамдағым келеді.

Енді осы ойыма «неге» деп сұрақ қоюшы оқырмандар үшін тарқата жазып өтейін. Әділеттілік дегеніміз, меніңше, ол барлық жағынан әділетті болу деген сөз. Сөз жоқ, Жақып Қажыманұлы сөзімен де, ісімен де әділеттілік туын биік ұстаған Төраға болды. Сот жүйесіне басшылық қызметке келген алғашқы күннен бастап-ақ ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстанып, тура би екенін дәлелдеді. Бес жылда біз Жоғарғы Сот Төрағасының бір танысын, бір жерлесін, бір туысын қызметке тартып, судья қылып, өз мүддесін мемлекет мүддесінен биік қойғанын естіген жоқпыз. Себебі, ол таза, адал, әділ болып, сот саласындағы барлық әріптестерінен де сол тәртіпті талап етті. Бір сөзбен айтқанда, Жақып Асановтың өте әділ басшы болғанына ешкім де талас тудыра алмайды.

Екіншіден, ауылда туып, ауылда өскен, ата-ана сенімі мен ұстаздар үмітін ақтауды мақсат еткен азамат осы уақытқа дейін қоғамдық формацияның түрлі өзгерістерін бастан өткерсе де, кеңестік кезең мен Тәуелсіз елдің қалыптасу кезеңін көрсе де, жаңа заман талабына сай жаңашылдығымен ерекшелене білді. Сот саласындағы барлық қызметкер Жақып Қажыманұлының тың идеялары көп жаңа заманның адамы екенін мойындап та үлгерді. Бұл сөзімізге соңғы жылдардағы айтулы өзгерістер дәлел бола алады. Енді сол дәлелдерді қолда бар мәліметтер негізінде нақтылап өтсем.

Жоғарғы Соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасовтың ұсынған ақпараттарынан көп нәрсені аңғаруға болады. Атап айтқанда, Жақып Асанов Жоғарғы Соттың Төрағасы болғалы судьялардың тәуелсіздігі бұрынғыға қарағанда айтарлықтай күшейді. Қабылданған жаңа тәртіп бойынша судьяның қызметке тағайындалуы мен дербестігіне, өзгені айтпағанда, Жоғарғы Сот Төрағасының өзі араласа алмайды. Яғни, тек білімді, білікті азаматтар ғана судья болады және ол заң үстемдігін басшылыққа алып, ешкімге мойын бұрмай, жалтақтамай, әділ шешім шығарады. Бұл халқымыздың «қара қылды қақ жарған» деп әділ, адал, турашыл билердің еңбегін бағалаған салмақты сөзіне сай келетін іс. Демек, Жақып Қажыманұлын бастамашы болып ұсынып, сот жүйесіне енгізілген тәртіп бойынша 2019 жылдан бастап біліксіз, кездейсоқ заңгерлерге жол жабылды. Соның негізінде халықтың мемлекетке, соттың әділдігіне сенімі арта түсті.

Тағы бір ерекше атап өтетін мәлімет, Жоғарғы Сотқа Жақып Асанов Төрағалық еткен соңғы 5 жылда әр 5-ші судья жұмысынан босатылыпты немесе жазаға тартылыпты. Бұл – қудалау емес! Бұл – біліксіз, білімсіз, өз мүддесін ғана ойлайтын азаматтардан арылу. Ал, сол әр 5-ші судьяның 99,2 пайызы, нақтысын айтсам, 475-нің 471-і 2018 жылға дейін тағайындалған судьялар екен. Бұдан аңғаратынымыз, соңғы 5 жылда судьялар корпусы жаңарып, тазарып келеді. Олардың қатарында ешкімнің ықпалынсыз, өздерінің білімінің арқасында қызметке орналасқан, әділдікті ту еткен адал судьялар көп екеніне сеніміміз мол.

Жасыратыны жоқ, бұрын сот тек жазалайтын орган еді. Ал, қазіргі таңда сот ақтай да біледі. Мысалы, соңғы бес жылда ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімі 7 есе өсіпті. Ақталу деген кінәсіз екеніңді сот арқылы дәлелдей алу ғой. Яғни, жұрттың сотқа сенімі артты. Тергеу органдары жазықсыздан-жазықсыз сотталып бара жатқан азаматтардың кінәсін нақты дәлелдемесе, сот оларды ақтауға ерекше назар аударды. Бұрын тергеу органдары біреуді қамайық деп сотқа жүгінсе, соттардың келіспеу пайызы 5 пайызды ғана құраса, қазір бұл 20 пайызға дейін артқан. Осының өзінен-ақ адамдардың әділ сотқа сенімі мен үміті артқанын, соттардың да адал қызмет етіп жатқанын байқауға болады. Ал, бұл жұмыстардың бастамашысы болған Жақып Асановтың еңбегінің ұшан-теңіз екенін айтпай өту мүмкін емес.

Халқымызда «Береке қайда барасың?» дегенде, «Бірлігі жарасқан елге барамын депті» деген тәмсіл бар. Сол береке бекем бірлікпен ғана емес көркем тірлікпен де келеді. Мәселен, дау қуып, дауласа берсек, құлдырай беретініміз анық. Ал, бірігіп, өзара түсінісіп жұмыс істесек, алға озарымыз белгілі. Осы ретте, соңғы бес жылда Жоғарғы Сот Төрағасынан бастап барлық соттар халықты дауласуға емес, татуласуға шақырды деп айтуға толық негіз бар. Соның нәтижесінде, сотқа түскен арыздар саны 900 мыңнан 370 мыңға дейін азайған. Бұл – үлкен көрсеткіш. Мұнан бөлек, бұрын соттағы істердің 2-3 пайызы ғана татуласумен аяқталса, қазір сотта қаралатын істердің 40 пайызы татуласумен реттелуде. Яғни, соттар қазір дауласатын орган емес, татуластыратын органға айналып келеді. Бұл бұрынғы дана билеріміздің әділ шешімімен, ақылымен талай іске нүкте қоя білген қасиетінің бүгінгі жаһандану заманында да көрініс тапқаны дер едім.

Таразылап, талдап айтар болсақ, мұның бәрі – соңғы 5 жылда жүргізілген үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана. Мен жеке азамат ретінде Жоғарғы Сот енгізген көп идеяның біріне ерекше тоқталып өткім келеді. Мәселен, қазір әр облыста, әр қалада, әр ауданда сот бар. Сол соттар күніне түрлі бағытта 6 мыңға жуық шешім шығарады екен. Ал республика бойынша 2 мыңнан астам судья жұмыс істейді. Судья да ет пен сүйектен жаратылған адам ғой. Адам болған соң үлкен-кішімен, ағайын-туыспен, елмен араласатыны белгілі. Бұрын сол араласулар біреулердің құқығын шектеуге тікелей әсер еткені де, содан «сотқа бара бергенше, пара бер» деген сөз айтыла бастағаны да жасырын емес. Ал, бүгінгі жағдай қалай? Қазіргі таңда «Аумақаралық соттылық» жобасы іске асуда. Яғни, мен Тереңөзектен арыз берсем, оны робот автоматты түрде елдегі мыңнан астам судьяның біреуіне бөледі. Ол алыс Астананың немесе сонау Солтүстіктің, Батыстың сотына түсе ме, әлде біз танымақ түгілі барып та көрмеген шалғай аудандардың біріне түсе ме, оны ешкім білмейді. Яғни, бұл жоба – сотқа деген ықпал етушілікті жоюдың бірден-бір қадамы. Ең қуантарлығы, бұл тәртіп болашақта апелляцияға да енеді деп жоспарлануда.

Осылардан-ақ Жақып Қажыманұлы бастаған судьялар корпусы реформаларды әділ, таза, сапалы жүзеге асыру үшін мықтап кірісіп, нақты нәтижеге жеткенін түсінуге, түйсінуге болады. Қорыта айтқанда, Президент айтқан Әділетті Қазақстанның негізі Жақып Асановтың басшылығымен Жоғарғы Сотта қаланды. Бес жылдық белесте бес ғасырға жететін тарихи істер атқарылып, тың жаңалықтар енгізілді. Мұның бәрін мен Жақып Асановтың әкесінің қанымен, анасының сүтімен, ұстаздарының тәлім-тәрбиесімен, өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен, үздіксіз ізденісімен келген жетістік деп білемін. Сол жетістіктің қарапайымдылықпен, кішіпейілділікпен, елге жанашырлықпен, туған жерге деген сүйіспеншілікпен ұштасып жатқаны қандай керемет! Әрине, біз жоғары лауазымдарды абыроймен атқарып келе жатқан азаматқа баға бере алмаймыз, тек еңбегін үлгі-өнеге еткен жөн деп санап, құрмет тұтамыз. Ең бастысы, жаңа бір белестің алдында тұрған текті әулеттің түлегіне зор денсаулық пен абырой-амандық тілейміз!

Ақтөре Ибрагимұлы,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі

11 желтоқсан 2022 ж. 182 0