Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірге сәуле берген

Өмірге сәуле берген

Шыр ете қалған қоңырау үні мені селт еткізді. Кешегі күні ұйқыға түн ауа жатқаннан болар, сабақ үстінде қалғып кетіппін. Әдебиет сабағы болатын. Басымды партадан жұлып алдым. Қарасам, балалар тарқап кетіпті, сыныпта жалғыз ұстазым, үстелінде бірдеңе жазып отыр екен. Байқамаған болар деген оймен лып етіп дәлізге шыға бергенімде «Ұйқың қанды ма? Келесі жолы қайталама!» деген жылы үнмен ұстазым «қатаң ескерту» жасады. Ұялғаннан «иә» дегенді әрең айтқан менің бетім дуылдап сала берді.

Мұғалімнің алыстан тұлғасы көрінсе, үсті-басымызды реттеп, сыпайы амандасып, құрмет көрсетеміз. Мектеп дәлізінде бос жүріп, ерсі қылық көрсетуден ұяламыз. Ал сабақта екінші анамыз сәл жылы сөз айтып мақтаса, күні бойы масаттанып жүреміз. Ұстаз деген әлемдегі бар тұлғадан биік, дана, білімді, ерекше қабілетті адам деп ұғамыз. Шынымен, мына әлемді жарық қылатын, санаңа сәуле құятын ұстаздар қауымы емес пе?! Алдында отырған әр шәкіртін бес саусағындай білетін, жан-дүниесін түсініп, адассаң жол көрсетер де – осы ұстаздар. Ұстаз алдында бас имейтін, ұстазға құрмет көрсетпейтін пенде жоқ шығар, сірә! Өз бағындағы жемісін аялағандай, баптаған шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандыратын ұстаз қандай да құрметке лайық.

Ұстаз! Осы бір ұлағатты сөздің астында қаншама мән-мағына, үлкен сыр, тылсым дүние жатыр. Жалпы адам баласы дүниеге келген соң, жеке тұлға болып қалыптасуына үш адам қазық екен. Олар: әкесі, анасы және ұстазы. Ата-анасы бағып-қағып, барын берсе, ұстаз бүкіл әлемнің сырын танытады. Мұғалім өзінің жүріс-тұрысымен, қас-қабағымен, сөйлеу мәнерімен, ой-өрісімен, мәдениеттілігімен шәкіртке үлгі болады. Кез келген алпауыт мемлекеттің жетістігі білікті де білімді ұстаздармен де өлшенетіні анық. Өйткені сауаттылығы төмен ел ешқашан өрге баспайды. Қазіргі таңда ел егемендігіне 30 жыл толды, ал осы тәуелсіз елдің ұрпағын ұстаздар қауымы тәрбиелеп, білім беруде.

Ұстаздық үлкен жа­уапкершілік пен білік­ті­лікті қажет етеді. «Ұс­таз жаратылысынан өзі­­­­не ай­тылғанның бәрін же­те түсін­ген, көрген, естіген және аңғарған нәр­селердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, еш­нәр­сені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деп Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай, ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін қызмет. Ең бастысы ұлттың, жас ұрпақтың болашағы – ұстаздар қауымының қолында. Кез келген мемлекеттің нық, өзіне сенімді, бәсекеге қабілетті болуы үшін аса са­уатты, білімпаз болуы шарт. Ал жас өркеннің бойына білім мен тәрбие құяр қайнар көз, ол – ұстаз.

Ұстаз деген аяулы ұғым – қашан да биік, мәрбелі. Қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин салып кеткен дара жол, тәрбиеге тұнып тұрған шығармалары мен еңбектері – бүгінгі ұстаздардың шамшырағы іспеттес. Тәуелсіз ел болашағының жарқын болуында ұстаздарға артылар жүк жеңіл емес. Ұстаздарды аялап, құрметтей білейік, достар!

Әмина АБАТОВА,
№210 мектеп оқушысы
10 желтоқсан 2022 ж. 203 0