Ұланымыз ұлы елдің
Аудандық мәдениет үйінде «Балалар жылы» аясында «Ұланымыз ұлы елдің» тақырыбында «Жас ұлан» ұйымының Х облыстық слеті өткізілді. Аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан іс-шараға аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Жанар Төреқұлова, мәдениет саласының ардагері Жәнібек Маханбет, сала мамандары мен қонақтар қатысты.
Ел болашағының негізін білімді ұрпақ қалайды. Биыл 11 жылдығын атап өтетін «Жас ұлан» ұйымына облыс бойынша 114 мыңнан аса оқушы қабылданған. Талай уақыт бойы бірнеше игілікті іс пен қайырымдылық, үлкенге құрмет көрсету секілді бастамаға себепкер атанған мектеп оқушылары үздіктер қатарында. Осы кезге дейін Әділбек Бәйменов басқаратын оқушылар үйінен білімді, алғыр, барлық жағынан үздік бола білген «Жас ұлан» ұйымының мүшелері үлкен өмірге қанат қақты. Жас өренді патриоттық сезімге, ұлт үшін қызмет етуге баулитын ұйымның жұмысы барлық жағынан жетілген. Көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлаған кеште «Жас ұлан» ұйымына жаңадан қабылданған мектеп оқушылары ант берді. Сонымен бірге кеш қонақтары белсенді оқушылардың мойынына ұйымның көк галстугын тақты.
Кеш барысында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ж.Төреқұлова сөз алып, облыстық слеттің жұмысына сәттілік тіледі.
– Жастар – біздің болашағымыз. Келешекті жемісін бүгіннен баптау, оларға дұрыс бағыт беру – баршамыздың негізгі міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде» деп айтқан болатын. Осындай биік мақсаттар негізінде елімізде «Жас ұлан» республикалық бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылды. Бұл – ұйымның ертеңгі жас ұрпақ үшін берері мол. «Жас ұлан» ұйымының негізгі мақсаты – оқушыларды еңбекке баулып, шығармашылық қабілеттерін дамыту. Ауданымызда 5800 ұйымның мүшесі бар. Қазіргі уақытта білім ошақтарында білім алып жатқан 300 оқушы осы ұйымның қатарына қабылданды. Айта кетейік, аталған ұйымның мүшелері «Жас көмекшілер» тобын құрды. Дана халқымыз «Өсер елдің мәртебесін өнегелі ұрпақ биіктетеді» дегендей, оқушыларымыз оқуда озат болып, әрқашан Тәуелсіз еліміздің абыройын арттыра берсін демекпін. Ел үмітін ақтау жолында алдына мақсат қойып, аға буынның өнегелі жолымен келе жатқан барша «Жас ұлан» ұйымының мүшелерін мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Жанар Төреқұлова.
Мұнан соң «Жас ұлан» ұйымының мүшелері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен бірге облыстық және республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінген білімді жастар ерекше құрметке бөленді. Ал«Әкем үйреткен», «Оқуға құштар», «Көңілді үзіліс», «Менімен бірге арманда», «Жас ұлан – шын дос», «Мың бала»секілді бірнеше акция мен жобалардың жеңімпаздары арнайы дипломның иегері атанды. Білімді оқушылардың жетістікке жетуіне зор үлес қосқан білікті тәлімгерлердің еңбегі зор. Бұл ретте, бірқатар білім ошақтарының тәлімгерлері облыстық білім басқармасы мен республикалық «Жас ұлан ұйымының» жоғары марапатына қол жеткізді. Осы орайда, мектеп оқушылары ән айтып, би биледі. Арнайы көрініс қойып, аталған ұйым мүшелерін білім бәсекелерінде белсенді болуға шақырды.
Айта кетейік, республикалық «Жас ұлан» төрайымы ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова бейнекөрініс арқылы құттықтау лебізін жіберді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ