Жат ағым, жат қылықтан сақтанайық

Бүгін Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Діни экстремизм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Аталмыш шараға Сырдария аудандық мешітінің бас имамы Асхат Асқарұлы және аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Мұхамед Сейілханов арнайы шақырылып, Сырдария аграрлы-техникалық колледжінің студенттері қатыстырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты дін мәселесі жөнінде оң пікір қалыптастыру, жасөспірімдерге қоғамның әлеуметтік, құқықтық, діни сипаттарын ұғындыра отырып, оларды террорлық, лаңкестік және діни экстремистік бағытта арандатуға жол бермеу және жасөспірімдерге бейбітшіліктің маңызын және мейірімділік пен ізгіліктің, адамдарға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екенін ұғындыру болды. Сонымен қатар шара барысында қонақтар тарапынан жастарға экстремизм, терроризм туралы терең түсінік беріліп, қазіргі кездегі жастардың әлеуметтік желіні дұрыс бағытта қолдануы, сондай-ақ қоғамымызда көрініс беріп жүрген түрлі келімсек діни ағымдар, олармен күресу, сақтану жолдары турасында пікірлесті.
Сырдария аграрлы-техникалық колледжі директорының орынбасары Айсұлу Искакова ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғысын білдіріп, студенттерге шара тақырыбы бойынша қосымша ақпараттар айтып өтті. Шара соңында қатысушыларға аудандық музей залдарына экскурсия жүргізілді.