Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданды тарқатамыз дегенде менің жаным қатты қиналды

Ауданды тарқатамыз дегенде менің жаным қатты қиналды

«Құрметті азамат» айдарында «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» және бірнеше медальдардың иегері, Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының құр­метті депутаты, Қызылорда об­лысының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божановамен сұхбаттасқан едік.

– Сізді аудан, облыс, тіпті республика жұртшылығы жақсы біледі десек артық айтқандық емес. Өйткені, қайраткерлік болмысыңызбен ел мүддесі жолында абыройлы еңбек еттіңіз, бүгінгі күні де қоғамнан алыс кеткен жоқсыз. Осы тұста, алғашқы сұрағымыз қайраткерлікке де­йінгі уақытты қамтысын. Өзіңіздің өмір жолыңыз, ата-анаңыз, тағылымды тәрбие мен білім берген ұстаздарыңыз туралы айтып берсеңіз?

– Алдымен дүниеге көзімізді ашқаннан кейінгі тәрбиеміз отбасынан, ата-анамыздан, бауырларымыздан басталды. Менің отбасым, ата-анам еңбекті пір тұтатын, ақпейіл, адал жандар еді. Балаларын адал еңбек етуге, кісінің ала жібін аттамауға, бардың қадірін білуге, үлкенді сыйлауға, қарапайым болуға тәрбиеледі. Осы қағидаларды біз бүгінгі уа­қытқа дейін берік ұстап келеміз. Әкем Божан Күшенбаев пен анам Кенже Есенқараева – ұжымдық шаруашылық кезеңінде егін шаруашылығында еңбек еткен жандар. Бірге туған бауырларым – механик болып жұмыс істеген, бесаспап, қолынан бәрі келетін, адам баласына тек қана жақсылық жасап жүретін аққөңіл үлкен аға Әбдіхалық, 40 жыл ұстаздық еткен апам Базаркүл, майталман еңбек адамы, механизатор-күрішші, өндіріс бригадирі, кіші аға Әбсадық бұл дүниеден өтті. «Бірге тумақ бар да, бірге жүрмек жоқ» деген осы шығар.

Өзім бұрынғы Тереңөзек ауданы, Қызыл­өзек елді мекеніндегі №132 орталау мек­тебінде білім алдым. Отбасынан кейінгі тәр­биені сол білім ошағындағы ұстаздар берді. Мектеп директоры Түймебай Айтбаев, оқу ісінің меңгерушісі Алмат Наурызбаев, тәрбие жөніндегі ұйымдастырушы Төлепберген Ахметов, Тортай, Күлжаһан, Торғынай апайлар керемет ұстаздар еді. Уақытын да, білімін де, адамгершілік қасиеттерін де бізге білім мен тәрбие беруге арнады. Ол кездерде мектепте қазіргідей жаңа технология, техникалық, лабораториялық құралдар болған жоқ, қа­рапайым әдіспен сабақ беріледі. Сол мектептен, сол ұстаздардан алған біліміміз бен тәрбиенің санамызға сіңгені сонша, сол азық­пен әлі өмір сүріп келеміз.

– Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Әрине, мемлекеттік қызметте білімнің жоғары тұратыны рас, бірақ мінездің де рөлі басым екені анық. Мінез болмаса, ел алдына шығудың өзі әбестік. Осы ретте, мемлекеттік қызметтің бастапқы кезеңдерінде қиындықтар болды ма? Сая­сат сахнасында шыңдалуыңызға кім­дердің ықпалы тиді?

– Иә, расында да көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенді бекер айтпаса керек. «Тәрбиесіз білім де тұл» деп айтады ғой. Әрине, ел басқару үшін білім де, мінез де, тәрбие де керек. Үштаған бірін-бірі толықтырып жатса, оған не жетсін?! Кейде керемет білімді адамның ұйымдастыру қабілеті кемшін түсіп жатады. Сондықтан бәрі де мінезден деуі содан шығар.

Мен бұрынғы Тереңөзек ауданында дүниеге келдім, осында мектеп бітірдім, училище, институт бітірген соң осында қызмет атқардым. Тереңөзек ауданының Шаған ауылында балалар бақшасының меңгерушісі ретінде осы елдің үлкен-кішісімен араласып, шаруашылықтың барлық қоғамдық өміріне, өсуіне үлес қостық. Н.Ілиясов ауылындағы өзім оқыған мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқара жүріп, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде озық әдістер пайдалану, ата-аналармен байланыс, түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыруға ұйытқы болдық. Одан кейінгі уақыттарда Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектептің директоры, Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы, Тереңөзек ау­дандық Кеңесі атқару комитетінің орынбасары және төрағасы, Тереңөзек ауданының әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы қызметтерінде жүріп, елмен біте қайнаса еңбек еттік. Алғашқы еңбек жолымнан бастап әрі қарайғы мемлекеттік қызметтерді атқарғанда көп қиындықтар көргенім жоқ. Өйткені, ауданның барлық кадрларын, тұрғындарын білемін, жерін, суын, егінін, малын көріп өс­тім. Бізді мектепте оқып жүргеннен бастап шаруашылық жұмыстарына араластырды, кү­ріш отадық, малға шөп ордық.

Ең бастысы, «Ұстазы мықтының – ұста­нымы мықты» деп жатады. Менің қызметтегі ұстазым білікті басшы, көрнекті қоғам қайрат­кері, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Төрешұлы Қазантаев болды. Ол кісінің мектебінен өту – үлкен қа­лалардағы университетті бітірумен бірдей. Шаруашылықтың қыр-сырын әбден үйретіп, содан кейін барып жұмсайтын. Темірдей тәртіптің адамы берген тапсырмасын үнемі бақылап отыратын. Сол кісімен бірге қызмет атқаратын аудан басшылары Қожахмет Бек­қожаев, Елеу Көшербаев, Көбейсін Исаев, Мақсұт Әбдіразақов сынды тұлғалардың да үлкен ықпалы болды. Дәл сол кезде біздің ауданды осындай бір шоғыр бекзат азаматтар басқарды. Саясат сахнасында шыңдалуыма сол кісілердің үлкен көмегі тиді. Сонымен қа­тар өзім қызмет атқарған аппаратта, жалпы айналамда қабілетті жас кадрлар көп болды. Сондықтан да түсіністікпен, сыйластықпен, сенімді түрде жұмыс атқардық. Осы жерде бір айтайын дегенім, өз туған жеріңде жұмыс істеу оңай емес. Жоғарыда мен ауданды жақсы білемін дедім ғой, өз кезегінде аудан да мені жақсы біледі, көз алдарында өстім. Сондықтан жұмыс істеу әдісіңді, стиліңді де өзгертіп, көп ізденуге тура келді, мінезді де көрсетіп алатын кездер болды.

– Аудан тарихында «әйел әкім» бол­ған Сіз ғана. Тәуелсіздікке қол жеткізген тұс еліміз үшін де, аймағымыз үшін де ең ауыр кезең болды. Сондай құбылмалы шақта ауданды басқарып, өркендеуіне елеулі еңбек еттіңіз. Аудан әкімі болып тағайындалғанда ең алғаш қандай мәселелерге ден қойдыңыз. Жеті жылдан аса уақыт ел басқарғанда қандай тағдыршешті мәселелердің түйіні тар­қады?

– «Әкімдік жүйе» деген бұрын-соң­ды бол­маған басқару институты болды. Ал­ғашқы кезде оның ережесі де, ақылдасатын, кеңесетін органы да бол­ған жоқ. Сондықтан әкім болып тағайын­далғаннан кейін ауданда үлкен актив өт­кізіп, «әрі қарай қалай тірлік жасаймыз, қалай дамимыз, қалай өмір сүреміз» дегенді талқылап, әр сала бойынша схема сыз­ғандай нақты жоспар құрдық. Соның ішінде кадр­лар жауапкершілігі ба­са айтылды. Олардың жеке басының жағ­дайына, өздерін ел алдында қалай ұстауына дейін барлығын айттық. Ауданның қандай жағдай болса да ілгері дамуы, тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақ­са­руын ең басты назарда ұстадық.

Ауданды басқарған жылдары көптеген жиналыс өткіздік. Шаруашылықтарды дамыту бо­йынша актив жиындары өтіп, сондағы келісілген пәтуа бізге 7 жылға жетті. Сол 7 жыл ішінде тағдырымыз шешілген талай мәселелер болды. Оның бәрін айту бір сұхбатпен қамтылмас. Тек бір-екеуіне ғана тоқталайын. Ауданға әкім болып тағайындалғанда өтпелі кезеңнің өте қиын шағы болатын. Тұрғындар жалақысын ала алмады, жәрдемақы, зейнетақы тоқтады, дүкендер бос қалды. Мұндай кезеңде ең бас­ты жұмысымыз аудан халқын жоқшылыққа ұрындырмай, ынтымақта, бірлікте болуына, өз-өздері асырау үшін қолдағы барды үлгіртіп, шағын кәсіпкерлікке баулу арқылы аман алып шығу болды.

Ал одан кейінгі тағдырлы шешім ауданды сақтап қалуға қатысты еді. 1997 жылы Президенттің Жарлығымен республикада тер­риториялық өзгеріс болып, облыс облысқа, аудан ауданға қосылып жатты. Біздің облыста бір аудан қысқаратын болып, «шағын, халқы аз» деп таңдау біздің ауданға түсті. Міне, осы кезде менің жаным қатты қиналды. Бірнеше ай ұйқы көрмей, 32 адамнан тұратын комиссия алдында ауданды қорғадым. Ауданның шағын емес, жері жөнінен облыстағы алғашқы орындарда, кейінгі уақытта халықтың өсімі бар екенін, ең бастысы өндірілген өнімді жан басына шаққанда облыста бірінші орын алатынын, 1997 жылдың аяғында 1 млд. теңгеге өнім өндіретінімізді (қазір бұл ақша түк емес, ол кезде бұл қол жетпейтін көрсеткіш еді) дәлелдедім. Ең соңғы сөзім: «Сіздер комиссия мүшелері, егер Тереңөзек ауданын қысқартып, басқа ауданға қосатын болсаңыздар, тарих алдында жауап бересіз­дер. Келешегі бар, халқы еңбеккеш ауданды қысқартуға болмайды» – дедім. Осы кезеңдегі басымнан кешкенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Менің ойымда, санамда «Аудан халқы тағдырын бірінші рет қазақ қызының қолына тапсырып еді, ал ол болса ауданды тарқатып жіберді, сөйтіп «атың шықпаса жер өрте» дегендей, тарихта ауданды тарқатқан қыз болып қалатын болды» деген дауыс жаңғырды да тұрды. Ауданды сақтап қалғаннан кейін енді оның «Тереңөзек ауданы» деген атын қалдырғым келіп күрестім. Мұны да орындайтын едім, көп адам «Тереңөзек кенті сақталсын, Сырдария деген атаудан қашпа, біздің облысты асырап отырған жалғыз өзен ғой, бір аудан осылай аталғаны дұрыс» деп соңыма түсті, оның ішінде өз ауданымыздың да адамдары бар. «Көп көндіреді, су батырады» демекші, ақыры көндірді, алайда өз басым әлі де ойланамын.

Келесі бір тағдырлы шешім инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы күріш егісін бөл­шектемей сақтап қалу еді. Жоғарыдан «Бәрін жеке меншікке таратыңдар» деген тапсырма келді. Бірақ ауданның әрбір диқаны егісті ауыстырып, ғылыми-агротехникалық талапты орындау керек екенін біледі. Оны бөлшектеген соң күріш егісінің өнімділігі аз болады. Осыны ескеріп, күріш егетін шаруашылықтарды сақтап қалып, ауыспалы егіс танабынан тыс жерлерден шаруа қожалықтарын жасақтап, құс, төрт-түлік мал өсіретін жаңа құрылымдар ұйымдастырдық. Дәл бүгінгі күндері аудан шаруашылықтарынан жер дауы көтеріліп жататынын байқап жүрмін. Бүгінгінің талабы егінмен айналысатын шаруашылықтарды ірі­лендіріп, барлық мүмкіндікті қолдану қажет. Осындай жағдайда жерді бөлшектеу кімге керек деп ойлаймын.

Бұдан да басқа тағдырлы шешімдер көп болды. Кейбір жылдары Сырдарияның суы сең жүрген кезде қатты тасып, ауданды су алып кету қаупі төнді. Сондай бір арпалыста сеңді аудан шекарасынан өткізіп тұрған сәтте күтпеген жерден Тереңөзек кентіне қарай су кетіп қалды. Түн ортасында қолдағы бар техникамен, жиналған адамдармен суды бөгеп, таңғы 5-ке дейін аудан орталығын аман алып қалдық. Оны тұрғындар білген де жоқ. Міне, ауданды басқарған шақта осындай жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болдым.

– Ел басқарудағы басты ұстанымыңыз қан­­дай болды? Қызмет бабында «әт­теген-ай» деген тұстарыңыз болды ма?

– Ел басқарудағы басты ұстанымым – тәртіп, ынтымақ пен бірлік, экономикалық өсу, әлеуметтік қорғалу, жастарды патриот­тық рухта тәрбиелеу, кадр резервін жасау. Осындай ұстанымның нәтижесінде ау­дан­дағы идеологиялық жұмыстың жаңа бағыт алуына, әлеуметтік салалардың тиімді жұмыс атқаруына, саламатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың озық үлгілерін тұрмысқа ендіруге күш жұмсадым. Сол ұстаныммен халық қалаулысы ретінде де еңбек етіп, тұр­ғындар мәселесін шешуге бақылау жасау­да, облыс­ты дамытудағы басты бағдар­лама­лардың қабылданып, орындалуына ат­қарушы органдармен бірлесе отырып жұмыс жүргіздік. Менің өмірлік ұстанымым бүгінгі күні де өзгер­ген емес.

Әрине, халықпен етене жұмыс жасағанда «Әттеген-ай» деген тұстар болды. «Жо­март­тың қолын жоқшылық байлайды» демек­ші, ойлаған ойымыз, жоспарланған жұмысымыз толығымен орындалмай қалған кездер орын алды. Оның басты себебі – қаржының же­тіспеуі. «Әттеген-ай»-дың ең өкініштісі, бүкіл әлемде жерінен мұнай шығып жатқан елдер бай болса, ал біздің Тереңөзек ауданының (жалға алған болса да) жерінен мұнай өндірілсе де біз оның игілігін толық көрген жоқпыз. Осы жөнінде республикалық, об­лыстық жиындарда талай рет айттым. Алайда ешкім елемеді. Біздің Тереңөзектің жалға алған емес, өз жерінде де мұнай өндіріледі. Өз кезімде «Тұрғындардың тұрмыстық жағдайын, әсіре­се әйелдердің отбасына байланысты жұ­мыстарын жеңілдете алмадым-ау» деген ойлар қатты мазалады.

– Басшылық қызметте дала еңбек­керлерімен бірге жүріп еңбек еттіңіз. Ол кезеңдерде қазіргідей самсап жатқан техникалар жоқтың қасы. Еңбек адамдары барлығын қолмен атқарды. Бүгінгі жастарға өнеге болсын, сол кезеңнің егінжай ерлерін айтып өтсеңіз. Кешегі еңбек майталмандары мен бүгінгі ең­беккерлердің арасында алшақтық бар ма?

– Біз еңбек адамдарымен тығыз байла­ныста жұмыс атқардық. Ол кездердегі жұ­мыстың қиындығы сол, барлық тіршілік қолмен атқарылады. Техникалар бірең-сараң ғана. Бірақ сол кездерде еңбеккерлер күн шықпай тұрып, кетпенін асынып егінжай ба­сында жүретін. Күннің аптап ыстығына қа­рамай, бел жазбастан жұмыс істейтін. Небір қиындықтарды бастан өткеріп, бейнеткеш ең­бек­керлердің арқасында аудан өркендеді.

Бүгінгі жастарға үлгі болатын керемет еңбек майталмандары ел үшін еңбек ет­кенін атап өту керек. Солардың ішінде Со­циалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстапаева, Орынкүл Сүлейменова, Бексұлу Синаева, Рыс­ты Өкшебаева, Сәуле Өмірзақова, Абат Сүлейменов, айта берсе олардың аты-жөндері, еңбектегі ерліктері том-том кітап болып жазылады. Бұл ретте, нағыз еңбектің үлгісін көрсеткен Балдырған Мұстапаева жөнінде «Ердің бағын жандырған Ер Балдырған» атты кітап та жаздым. Ал қазіргі уақытта бұрынғыға қарағанда қол еңбегі жеңілдеді. Барлық жұ­мысқа арналған техникалар бар. Егінмен айналысатын шаруашылықтар шетелдік жаңа техникаларды алып, жұмыс өнімділігін үдет­кен. Соның нәтижесінде диқандардың, еңбек­керлердің жұмысы әлдеқайда жеңілдеп отыр. Бұл да бір бүгінгі заманның жетістігі ғой.

– Сіз үшін бұрынғы Тереңөзек, қа­зіргі Сырдария ауданы несімен қым­бат?

– Мен үшін Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданы өте қымбат. Өйткені, біріншіден, қасиетті мекен – менің туып-өскен киелі өлкем. Екін­шіден, бұл ауданның халқының ынтымағы, бірлігі берік. Қай істе де әркез сабырлық танытып, барлығын ымырамен шешеді. Сондай-ақ сырдариялықтар еңбеккеш, ұлттық құнды­лықтарды, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтай алады. Үшін­шіден, аудан қарқынды дамып келеді. Аудан орталығы кеңейді, ауыл орта­лықтары абаттандырылып, келбеті жаңара түскен. Келешегі бар, елін, жерін, тілін, ділін, дінін сүйетін жастар өсіп келеді. Олардың арасынан ғалымдар, жазушылар, қайраткерлер өсіп шығатынына сенімдімін.

– Сіз бір сөзіңізде «Тамырын тереңнен тартқан тамаша тарихы бар, жасампаз да іргелі елдің өткені мен бүгінін келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру – азаматтық парызымыз бен қарызымыз» дегенсіз. Осы мүдде жолында бірнеше кітап жаз­ғаныңыз мәлім. Онда кешегі тарих, қайраткерлік парасат пайымыңыз, өмірден көрген-түйгендеріңіз жазылған. Сұрағым кел­гені, өткен күннің өнегесі сол кітап­тарда қамтылды ма, әлде алда тағы жалғасы бар ма? Жалпы, өзіңіз кітапты көп оқисыз ба?

– Жасымнан кітапты көп оқыдым, әлі де тұ­рақты түрде оқимын. Кітаптың адам­ға берері көп. Егер бойымызда рухани дүниемізде тәуір қасиеттер болса, ол тек кітап оқығаннан деп білемін. Елге қызмет жасағалы бері рес­пуб­ликалық, облыстық, аудандық газет-жур­налдарға мақалаларым жарияланып тұрды. Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі ретінде бүгінгі таңда да материалдарым бас­па бетінде жарық көруде. Өзім ұзақ жылғы еңбек жолымда бірге қызмет атқарған замандастар, Сыр елінің белгілі тұлғалары, қо­ғамдық-саяси ахуал, жалпы өмір туралы толғаныстардан тұратын, көргендерім мен көңіліме түйгендерімді қағаз бетіне түсіріп, 9 кітап жаздым. Жоғарыда айтқан «Ердің бағын жандырған Ер Балдырған», сондай-ақ «Сыр елім - Жерұйығым», «Сенім жүгі», «Аңыз, абыз адам», «Құдірет пен қасиет», «Көпір», «Сырым мен шыным», «Ғасыр үні», «Ел ардақтылары» атты кітаптарым жарық көрді. Онда жазылған дүниелердің барлығы осы елмен тікелей байланысты, өткен күндердің өнегесі осы кітаптарда қамтылды. Мұндағы менің басты мақсатым – жас ұрпаққа отбасы құндылықтары, тұлға­лардың өнегесі, қоғамдық-саяси оқи­ғалар арқылы қазақстандық патриотизм рухында тәрбие беру, ұлтжанды, біздің ұлттық құн­дылықтарымызды, тәуелсіз­дігімізді баға­лай білетін ұрпақтың өсіп, жетілуіне ықпал ету еді. Осы бағытта тағы бір жинақ дайындап жатырмын, амандық болса, жарыққа шығып қалар.

– Сұхбатымыздың басында айт­қан­дай, Сіз қоғамнан алыс кетпей, етене араласып келесіз. Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Мен ешуақытта қоғамнан алыс кете ал­маймын. Қуат-күшіміз, біліміміз жеткен­ше қоғамдық жұмыс атқара береміз. Қазіргі уақытта Қызылорда облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жүр­гізіп келемін. Облыстың барлық аудандарында филиалымыз бар. Ай­мақта тағылымды, тәрбиелі іс-шара­ларды ұйымдастырып, сол арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрміз. Қоғамдық ұйымның ауқымы кең. Сон­дықтан өңір жұртшылығымен етене араласып, қоғам­дық жұмыстарды жүзеге асыра бере­міз.

– Аудандық газетте ашылған «Құр­метті азамат» айдарына пікіріңіз бен сырдариялықтарға деген тілегіңіз­ді біл­дірсеңіз?

– Аудандық газетте ашылған «Құрметті азамат» айдарын құптаймын. Бүкіл аудан жұрт­шылығы осы атақты алған азаматтар жөнінде білгені дұрыс. Себебі, бұл атақ ауданның дамуына үлкен үлес қосқан тұлғаларға бекерге берілмейді.

Ал Сырдария ауданы бүгінгі заман талабына сай экономикалық-әлеуметтік жағынан дамып келе жатқаны айқын. Алдағы уақытта да өсіп-өркендесін, елдің тұрмыс жағдайы жақ­сарып, табысты болсын.


– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
24 қараша 2022 ж. 229 0