Текті тұлға, құрметті қайраткер, сарабдал саясаткер
Бүгін – «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» және бірнеше медальдардың иегері, Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының Құрметті депутаты, Қызылорда облысының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың туған күні. Республикада аудан басқарған әйел әкімдердің ең алғашқысы – Алмагүл Божанова екенін жұртшылық жақсы біледі. Жастайынан мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинап, ауданның ғана емес, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері қиын кезеңде Сырдария ауданын басқарып, ел тұрмысының түзелуіне айрықша үлес қосты. Сондықтан да ауданның соңғы жарты ғасырда жеткен жетістіктерінде еңбегі ерен қайраткердің айқын да дара қолтаңбасы бар.
Былтыр аудандық газетте қайраткер-тұлғаның «Ұлтқы қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген тақырыпта көлемді сұхбаты жарияланған болатын. Аталған сұхбаттың кіріспесінде қоғам қайраткері отбасы, өскен ортасы мен алғашқы еңбек жолы туралы сыр шертеді.
«Алдымен дүниеге көзімізді ашқаннан кейінгі тәрбиеміз отбасынан, ата-анамыздан, бауырларымыздан басталды. Менің отбасым, ата-анам еңбекті пір тұтатын, ақпейіл, адал жандар еді. Балаларын адал еңбек етуге, кісінің ала жібін аттамауға, бардың қадірін білуге, үлкенді сыйлауға, қарапайым болуға тәрбиеледі. Осы қағидаларды біз бүгінгі уақытқа дейін берік ұстап келеміз. Әкем Божан Күшенбаев пен анам Кенже Есенқараева – ұжымдық шаруашылық кезеңінде егін шаруашылығында еңбек еткен жандар. Бірге туған бауырларым – механик болып жұмыс істеген, бесаспап, қолынан бәрі келетін, адам баласына тек қана жақсылық жасап жүретін аққөңіл үлкен аға Әбдіхалық, 40 жыл ұстаздық еткен апам Базаркүл, майталман еңбек адамы, механизатор-күрішші, өндіріс бригадирі, кіші аға Әбсадық бұл дүниеден өтті. «Бірге тумақ бар да, бірге жүрмек жоқ» деген осы шығар. Өзім бұрынғы Тереңөзек ауданы, Қызыл-өзек елді мекеніндегі №132 орталау мектебінде білім алдым. Отбасынан кейінгі тәрбиені сол білім ошағындағы ұстаздар берді. Мектеп директоры Түймебай Айтбаев, оқу ісінің меңгерушісі Алмат Наурызбаев, тәрбие жөніндегі ұйымдастырушы Төлепберген Ахметов, Тортай, Күлжаһан, Торғынай апайлар керемет ұстаздар еді. Уақытын да, білімін де, адамгершілік қасиеттерін де бізге білім мен тәрбие беруге арнады. Ол кездерде мектепте қазіргідей жаңа технология, техникалық, лабораториялық құралдар болған жоқ, қарапайым әдіспен сабақ беріледі. Сол мектептен, сол ұстаздардан алған біліміміз бен тәрбиенің санамызға сіңгені сонша, сол азықпен әлі өмір сүріп келеміз» дейді Алмагүл Божанова.
Көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенді бекер айтпаса керек. «Тәрбиесіз білім де тұл» деп айтады ғой. Әрине, ел басқару үшін білім де, мінез де, тәрбие де керек. Үштаған бірін-бірі толықтырып жатса, оған не жетсін?! Кейде керемет білімді адамның ұйымдастыру қабілеті кемшін түсіп жатады. Сондықтан бәрі де мінезден деуі содан шығар. Бұл ретте қайраткер-тұлғаның Тереңөзек ауданында дүниеге келіп, осында мектеп бітіріп, училище, институт тәмамдаған соң жас маман ретінде қызметтің түрлі сатысынан абыроймен өткенін атап өтуіміз қажет.
«Тереңөзек ауданының Шаған ауылында балалар бақшасының меңгерушісі ретінде осы елдің үлкен-кішісімен араласып, шаруашылықтың барлық қоғамдық өміріне, өсуіне үлес қостық. Н.Ілиясов ауылындағы өзім оқыған мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқара жүріп, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде озық әдістер пайдалану, ата-аналармен байланыс, түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыруға ұйытқы болдық. Одан кейінгі уақыттарда Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектептің директоры, Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы, Тереңөзек аудандық Кеңесі атқару комитетінің орынбасары және төрағасы, Тереңөзек ауданының әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы қызметтерінде жүріп, елмен біте қайнаса еңбек еттік. Алғашқы еңбек жолымнан бастап әрі қарайғы мемлекеттік қызметтерді атқарғанда көп қиындықтар көргенім жоқ. Өйткені, ауданның барлық кадрларын, тұрғындарын білемін, жерін, суын, егінін, малын көріп өстім. Бізді мектепте оқып жүргеннен бастап шаруашылық жұмыстарына араластырды, күріш отадық, малға шөп ордық. Ең бастысы, «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деп жатады. Менің қызметтегі ұстазым білікті басшы, көрнекті қоғам қайраткері, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Төрешұлы Қазантаев болды. Ол кісінің мектебінен өту – үлкен қалалардағы университетті бітірумен бірдей. Шаруашылықтың қыр-сырын әбден үйретіп, содан кейін барып жұмсайтын. Темірдей тәртіптің адамы берген тапсырмасын үнемі бақылап отыратын. Сол кісімен бірге қызмет атқаратын аудан басшылары Қожахмет Бекқожаев, Елеу Көшербаев, Көбейсін Исаев, Нәлхожа Ергешбаев, Мақсұт Әбдіразақов сынды тұлғалардың да үлкен ықпалы болды. Дәл сол кезде біздің ауданды осындай бір шоғыр бекзат азаматтар басқарды. Саясат сахнасында шыңдалуыма сол кісілердің үлкен көмегі тиді. Сонымен қатар өзім қызмет атқарған аппаратта, жалпы айналамда қабілетті жас кадрлар көп болды. Сондықтан да түсіністікпен, сыйластықпен, сенімді түрде жұмыс атқардық. Осы жерде бір айтайын дегенім, өз туған жеріңде жұмыс істеу оңай емес. Жоғарыда мен ауданды жақсы білемін дедім ғой, өз кезегінде аудан да мені жақсы біледі, көз алдарында өстім. Сондықтан жұмыс істеу әдісіңді, стиліңді де өзгертіп, көп ізденуге тура келді, мінезді де көрсетіп алатын кездер болды» дейді Алмагүл апайдың өзі.
Тәуелсіздікке қол жеткізген тұс еліміз үшін де, аймағымыз үшін де ең ауыр кезең болды. Осынау күрделі де сындарлы кезеңде, жалпы Сырдария ауданының тарихында ауданды басқарған әкімдердің 8-і ер-азамат болса, біреуі ғана әйел адам. Сондай құбылмалы шақта ауданды басқарып, өркендеуіне елеулі еңбек ету оңай емес. Біз бұл туралы да Алмагүл Божановадан сыр тарттық.
«Әкімдік жүйе» деген бұрын-соңды болмаған басқару институты болды. Алғашқы кезде оның ережесі де, ақылдасатын, кеңесетін органы да болған жоқ. Сондықтан әкім болып тағайындалғаннан кейін ауданда үлкен актив өткізіп, «әрі қарай қалай тірлік жасаймыз, қалай дамимыз, қалай өмір сүреміз» дегенді талқылап, әр сала бойынша схема сызғандай нақты жоспар құрдық. Соның ішінде кадрлар жауапкершілігі баса айтылды. Олардың жеке басының жағдайына, өздерін ел алдында қалай ұстауына дейін барлығын айттық. Ауданның қандай жағдай болса да ілгері дамуы, тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақсаруын ең басты назарда ұстадық. Ауданды басқарған жылдары көптеген жиналыс өткіздік. Шаруашылықтарды дамыту бойынша актив жиындары өтіп, сондағы келісілген пәтуа бізге 7 жылға жетті. Сол 7 жыл ішінде тағдырымыз шешілген талай мәселелер болды. Оның бәрін айту бір сұхбатпен қамтылмас. Тек бір-екеуіне ғана тоқталайын. Ауданға әкім болып тағайындалғанда өтпелі кезеңнің өте қиын шағы болатын. Тұрғындар жалақысын ала алмады, жәрдемақы, зейнетақы тоқтады, дүкендер бос қалды. Мұндай кезеңде ең басты жұмысымыз аудан халқын жоқшылыққа ұрындырмай, ынтымақта, бірлікте болуына, өз-өздері асырау үшін қолдағы барды үлгіртіп, шағын кәсіпкерлікке баулу арқылы аман алып шығу болды. Ал одан кейінгі тағдырлы шешім ауданды сақтап қалуға қатысты еді. 1997 жылы Президенттің Жарлығымен республикада территориялық өзгеріс болып, облыс облысқа, аудан ауданға қосылып жатты. Біздің облыста бір аудан қысқаратын болып, «шағын, халқы аз» деп таңдау біздің ауданға түсті. Міне, осы кезде менің жаным қатты қиналды. Бірнеше ай ұйқы көрмей, 32 адамнан тұратын комиссия алдында ауданды қорғадым. Ауданның шағын емес, жері жөнінен облыстағы алғашқы орындарда, кейінгі уақытта халықтың өсімі бар екенін, ең бастысы өндірілген өнімді жан басына шаққанда облыста бірінші орын алатынын, 1997 жылдың аяғында 1 млд. теңгеге өнім өндіретінімізді (қазір бұл ақша түк емес, ол кезде бұл қол жетпейтін көрсеткіш еді) дәлелдедім. Ең соңғы сөзім: «Сіздер комиссия мүшелері, егер Тереңөзек ауданын қысқартып, басқа ауданға қосатын болсаңыздар, тарих алдында жауап бересіздер. Келешегі бар, халқы еңбеккеш ауданды қысқартуға болмайды» – дедім. Осы кезеңдегі басымнан кешкенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Менің ойымда, санамда «Аудан халқы тағдырын бірінші рет қазақ қызының қолына тапсырып еді, ал ол болса ауданды тарқатып жіберді, сөйтіп «атың шықпаса жер өрте» дегендей, тарихта ауданды тарқатқан қыз болып қалатын болды» деген дауыс жаңғырды да тұрды. Ауданды сақтап қалғаннан кейін енді оның «Тереңөзек ауданы» деген атын қалдырғым келіп күрестім. Мұны да орындайтын едім, көп адам «Тереңөзек кенті сақталсын, Сырдария деген атаудан қашпа, біздің облысты асырап отырған жалғыз өзен ғой, бір аудан осылай аталғаны дұрыс» деп соңыма түсті, оның ішінде өз ауданымыздың да адамдары бар. «Көп көндіреді, су батырады» демекші, ақыры көндірді, алайда өз басым әлі де ойланамын» дейді өткен күндерді ой елегінен өткізген тұлға.
А.Божанованың бастамасымен қолға алынған тағы бір тағдыршешті мәселеге тоқталып өтуді жөн көрді. Ол инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы күріш егісін бөл¬шектемей сақтап қалу еді. Жоғарыдан «Бәрін жеке меншікке таратыңдар» деген тапсырма келеді. Бірақ ауданның әрбір диқаны егісті ауыстырып, ғылыми-агротехникалық талапты орындау керек екенін біледі. Оны бөлшектеген соң күріш егісінің өнімділігі аз болатыны да анық. Сондықтан ауданда аудан әкімі бастамашы болып күріш егетін шаруашылықтарды сақтап қалып, ауыспалы егіс танабынан тыс жерлерден шаруа қожалықтарын жасақтап, құс, төрт-түлік мал өсіретін жаңа құрылымдар ұйымдастырылады. Тереңіне үңілсек, бұл жоба шаруашылықтардың дамуына үлкен серпіліс сыйлайтынын аңғару қиын емес. Мұны қазіргі кезеңдегі ауылшаруашылық құрылымдары бастан өткеріп жатқан ірілі-ұсақты мәселелердің себеп-салдарынан-ақ түсінуге, түйсінуге болады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауданда бұдан да басқа тағдырлы шешімдер көп қабылданды. Кейбір жылдары Сырдарияның суы сең жүрген кезде қатты тасып, ауданды су алып кету қаупі төнді. Сондай бір арпалыста сеңді аудан шекарасынан өткізіп тұрған сәтте күтпеген жерден Тереңөзек кентіне қарай су кетіп қалғаны да бүгінде біреу білетін, біреу білмейтін тарих. А.Божанованың айтуынша, түн ортасында қолдағы бар техникамен, жиналған адамдармен суды бөгеліп, таңғы 5-ке дейін аудан орталығы су басу қаупінен аман қалған. Оны тұрғындар білмепті де. Міне, бізгі өмір жолын өнеге ететін ғибратты ғұмыр иесі ауданды басқарған шақта осындай жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болған.
Бәрі ойдағыдай болуы мүмкін емес. Өмір болған соң бәрі де кездеседі. Осы ретте кейіпкеріміздің де еңбек жолында «әттеген-ай» деген сәттер аз болмаған. Ол туралы А.Божанованың сөзін дәлме-дәл ұсынайық.
«Ел басқарудағы басты ұстанымым – тәртіп, ынтымақ пен бірлік, экономикалық өсу, әлеуметтік қорғалу, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, кадр резервін жасау. Осындай ұстанымның нәтижесінде аудандағы идеологиялық жұмыстың жаңа бағыт алуына, әлеуметтік салалардың тиімді жұмыс атқаруына, саламатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың озық үлгілерін тұрмысқа ендіруге күш жұмсадым. Сол ұстаныммен халық қалаулысы ретінде де еңбек етіп, тұрғындар мәселесін шешуге бақылау жасауда, облысты дамытудағы басты бағдарламалардың қабылданып, орындалуына атқарушы органдармен бірлесе отырып жұмыс жүргіздік. Менің өмірлік ұстанымым бүгінгі күні де өзгерген емес. Әрине, халықпен етене жұмыс жасағанда «Әттеген-ай» деген тұстар болды. «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды» демекші, ойлаған ойымыз, жоспарланған жұмысымыз толығымен орындалмай қалған кездер орын алды. Оның басты себебі – қаржының жетіспеуі. «Әттеген-ай»-дың ең өкініштісі, бүкіл әлемде жерінен мұнай шығып жатқан елдер бай болса, ал біздің Тереңөзек ауданының (жалға алған болса да) жерінен мұнай өндірілсе де біз оның игілігін толық көрген жоқпыз. Осы жөнінде республикалық, облыстық жиындарда талай рет айттым. Алайда ешкім елемеді. Біздің Тереңөзектің жалға алған емес, өз жерінде де мұнай өндіріледі. Өз кезімде «Тұрғындардың тұрмыстық жағдайын, әсіресе әйелдердің отбасына байланысты жұмыстарын жеңілдете алмадым-ау» деген ойлар қатты мазалады» дейді ардақты тұлға.
Д.Қонаев атамыз «Мен қанша биікке көтерілсем де халықтан аласа екенімді ұмытқан жоқпын» дейді. Сол секілді, А.Божанова да басшылық қызметте дала еңбек¬керлерімен бірге жүріп еңбек етті. Ол кезеңдерде қазіргідей самсап жатқан техникалар жоқтың қасы. Еңбек адамдары барлығын қолмен атқарды. Бірақ сол кездерде еңбеккерлер күн шықпай тұрып, кетпенін асынып егінжай басында жүретін. Күннің аптап ыстығына қарамай, бел жазбастан жұмыс істейтін. Небір қиындықтарды бастан өткеріп, бейнеткеш еңбеккерлердің арқасында аудан өркендеді.
Бүгінгі жастарға үлгі болатын керемет еңбек майталмандары ел үшін еңбек еткенін атап өту керек. Солардың ішінде Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстапаева, Орынкүл Сүлейменова, Бексұлу Синаева, Рысты Өкшебаева, Сәуле Өмірзақова, Абат Сүлейменов, айта берсе олардың аты-жөндері, еңбектегі ерліктері том-том кітап болып жазылады. Бұл ретте, нағыз еңбектің үлгісін көрсеткен Балдырған Мұстапаева жөнінде «Ердің бағын жандырған Ер Балдырған» атты кітап жазылды. Кітапта еңбек адамының ел дамуына қосқан үлесі мен аудан тарихы туралы көп мағлұмат бар.
«Қазіргі уақытта бұрынғыға қарағанда қол еңбегі жеңілдеді. Барлық жұмысқа арналған техникалар бар. Егінмен айналысатын шаруашылықтар шетелдік жаңа техникаларды алып, жұмыс өнімділігін үдеткен. Соның нәтижесінде диқандардың, еңбеккерлердің жұмысы әлдеқайда жеңілдеп отыр. Бұл да бір бүгінгі заманның жетістігі ғой. Мен үшін Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданы өте қымбат. Өйткені, біріншіден, қасиетті мекен – менің туып-өскен киелі өлкем. Екін¬шіден, бұл ауданның халқының ынтымағы, бірлігі берік. Қай істе де әркез сабырлық танытып, барлығын ымырамен шешеді. Сондай-ақ сырдариялықтар еңбеккеш, ұлттық құндылықтарды, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтай алады. Үшіншіден, аудан қарқынды дамып келеді. Аудан орталығы кеңейді, ауыл орта¬лықтары абаттандырылып, келбеті жаңара түскен. Келешегі бар, елін, жерін, тілін, ділін, дінін сүйетін жастар өсіп келеді. Олардың арасынан ғалымдар, жазушылар, қайраткерлер өсіп шығатынына сенімдімін» дейді А.Божанова.
Кітаптың адамға берері көп. Егер бойымызда рухани дүниемізде тәуір қасиеттер болса, ол тек кітап оқығаннан. Осы ретте парасатты жанның бір ерекшелігі, кітапты көп оқиды. Елге қызмет жасағалы бері республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарға мақалалары жарияланып келеді. Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі ретінде бүгінгі таңда да материалдары мерзімді басылымдарда жарық көруде. «Ердің бағын жандырған Ер Балдырған», сондай-ақ «Сыр елім - Жерұйығым», «Сенім жүгі», «Аңыз, абыз адам», «Құдірет пен қасиет», «Көпір», «Сырым мен шыным», «Ғасыр үні», «Ел ардақтылары» атты кітаптары жарық көрді. Онда жазылған дүниелердің барлығы осы елмен тікелей байланысты, өткен күндердің өнегесі осы кітаптарда қамтылған. Қазіргі уақытта Қызылорда облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жүргізіп келеді. Облыстың барлық аудандарында филиалы бар. Аймақта тағылымды, тәрбиелі іс-шараларды ұйымдастырып, сол арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше еңбек сіңіруде. Қоғамдық ұйымның ауқымы кең екенін де атап өтуіміз қажет.
А.Божанова апай біздің аудандық газеттің де тұрақты оқырманы. Қайраткер тұлға аудандық газетте ашылған «Құрметті азамат» айдарын құптаушылардың бірі. Ақылшы апамызға, қолдаушы панамызға, жанашыр данамызға айналған ардақты тұлғаны бүгінгі мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Жетпіс бестің желкенін керіп, сексеннің сеңгіріне бағыт алған сапарыңыз тоқсанның төріне һәм ғасыр-ғұмырға ұлассын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ