Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек еткеннің еңсесі биік

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Егіні бітік шығып, қырманына қыдыр қонған Ақжарма ауылында ала жаздай дала еңбеккерінің шаруасы қауырт болғаны белгілі. Аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі – «Ақжарма-2» ШҚ диқандары ерте көктемнен Сыр саласының бабын табуға кіріскен болатын. Қай кезде де егіннің жай-күйіне қаныққан әрбір сала маманы ысырапсыз мол өнім жинауды көздейді. Бұл ретте, біз асқан жауапкершілік жүгін арқалай білген өз ісінің шебері Ерлан Күшікбаев жайында кеңінен қалам тербемекпіз.

«Ақжарма-2» шаруа қожалығының үздік комбайншысы Ерлан Күшікбаев көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Осыдан 31 жыл бұрын Ақжарма ауылында дүниеге келген оның бала күнінен техникаға қызығушылығы басым еді. Ауылдағы №130 Абай атындағы орта мектептен білім ал­ған Ерекеңнің әкесі Өмірбек ауылда 40 жыл механизатор болып жұмыс істеген. Шаруаға мығым, техникаға ебі бар мақтаулы маман әкесінен комбайн жүргізудің қыр-сырына қаныққан. Әуелден «Әкеге қарап ұл туатыны» жасырын емес. Ауыр тех­никаны игеруде жас комбайншы үшін әкесінен алған тәлімі барынша бағыт-бағдар болды.

– Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ете біл­ген адам қашан да абырой биігінде болады. Отбасында 5 ағайындымыз. Әкемнің жолымен жүріп, орасан жетістікке қол жеткізіп келеміз. Талай мәр­те әкеммен бірге комбайнды жөндеп, егін мау­­­сы­мына дайындайтын едік. Егін егуде өз алдына бірнеше ауыртпалық кездеседі. Шақырайған күнге қақталған диқанның бар ойы егілген өнімнің бітік шығуына барлық жағдай жасау екені мәлім. Ал біз сол бітік шыққан өнімді төкпей-шашпай, ысырапсыз қамбаға құюымыз керек. Әрбіріміз еңбек маусымында аянбай тер төгіп, мол өнім алуға міндеттіміз. Қамбаға астықты толтырып, жоғары нәтижеге қол жеткізбейінше тыным таппаймыз. Комбайн жүргізудің өзіндік қиындығы мен машақаты жеткілікті. Сондықтан оның қосалқы бөлшегін жөндеу, іркіліссіз жүруге дайындау өзі­міз­дің құзыретімізде. Сол арқылы еңбегіміз еленіп келеді, – дейді кәсіби комбайншы.

Осыдан 10 жыл бұрын «Ақжарма-2» шаруа қожалығына қызметке келген Ерлан Күшік­баев жаңа жеңіл автокөлік тізгіндеп жүр. Ірге­лі ұжымның үздік маманына 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша «Lada granta» автокөлігі табыс етілген. Орасан жетістікке жету жолында білікті маман аянып қалған емес. Мәселен, кәнігі маман биылғы еңбек маусымында 4062,4 тонна Сыр салысын бастырған. Диқандар арасынан дараланған ақжармалық Ерлан Өмірбекұлын 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Озат комбайншы» номинациясымен ма­ра­паттаған болатын.

Аудан бойынша бірнеше рет чемпион атанған Ерекең асқарлық Назира Медетбайқызымен 2013 жылы отау құрған. Бүгінде елді мекендегі жас ерлі-зайыпты берекелі отбасында 4 перзентті тәрбиелеп отыр.

– Тіректі елді мекендегі «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов ұжым қызметкерлеріне әркез қолдау көрсетіп отырады. Сондықтан айтар алғысым шексіз. Әрине, ауыл өмірімен біте қайнасқан біз үшін туған жердің атын жақсы жағынан шығару – зор қуаныш. Анам Алуаш ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Әкем техника тізгіндеді. Сондықтан ауыл шаруа­шылығы мамандығы бізге таңсық емес. Сыр салысын өсіруде алдыңғы қа­тарға шығуға барымызды саламыз. «Еңбек ет­кен­нің еңсесі биік» деген нақылды жадымыздан шы­ғар­ған емеспін, – деді «Озат комбайншы» Е.Күшікбаев.

Өз кезегінде жыл үздігінің қатарынан көрінген білікті маманның жұмысына табыс тілейміз, марапатымен құттықтаймыз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 қазан 2022 ж. 260 0