Ебін тапсаң, табиғат – тәуіп
Көктем шыға еккен бақша дақылдары тұз бен сордың ықпалы күшті болып шықпай қалса да, жыл сайын бойы аласа болса да, қоңыраушалы гүлі бар өсімдік өздігінен шүпірлеп шығатын. Анам оны жыл сайын жинап, кептіріп алатынымен қоса аулада ойнап жүрген бізге «адыраспанды басып кетпеңдер» деп ескертіп отыратын.
Кішкентай кезімізден «адыраспанды басуға болмайды», «адыраспан – емдік шөп» дегенді естіп өскен біздің санамызда арнайы екпесең де өсетін бұл шөптің ерекше қасиеті туралы ақпарат қалыптасқан. Қыс кезінде тұмауратып аура қалсақ, анам адыраспанның бір бумасын жанып жатқан пеш үстіне тастай салатын. Ғылымда түрлі вирустрады өлтіруге қауқарлы екендігі дәлелденген емдік шөптің иісі ерекше жағымды. Қыс түсе мал-жан аура қалса ем үшін туған-туыстың бәрі анамнан кептірілген адыраспан бумасын сұрап алатын. Бір қызығы, біздің кішкентай кезімізде жиі орын алатын бұл құбылыс бертін келе де қайталанып тұрады.
Адыраспан – ақтікендер тұқымдасына жататын терең тамырлы өсімдік. Жазық далада, тау беткейінде өсе береді. Тіпті жер мен күй таңдап жатпайды. Биылғы жинау барысында адыраспан гүлі абайсызда жерге түссе, келесі жылы сол жерден де көктеп өсе береді. Ыстыққа шыдамды, жазда, күзде жеміс береді. Өзіне тән өткір иісі бар шөпті мал азық ретіне жемейді. Себебі сабағы мен гүлі ерекше ащы болып келеді.
Халық емшілері адыраспанды жүйке ауруларын емдеуде кеңінен қолданады. Тек бізде ғана емес, өзге Еуропа мен Африка елдерінде де кеңінен қолданысқа ие шөптің мал ауруларына да шипасы көп. Одан бөлек аласа бойлы бұл шөпті жүн мен жіптерді бояу үшін де қолданады екен. Себебі адыраспанды қайнатқан кезде қызыл күрең түс бөледі. Түтіні түрлі вирусты жояды деген ғылыми дәлелденген ақпаратқа сүйеніп, халық коронавируспен күрес кезінде адыраспанды жиі тұтынғаны да есімізде. Сондай-ақ ғалымдар кесіртке сияқты жәндіктер жараланса, адыраспанға аунап, құлан-таза айығатынын байқаған. Бұл да табиғаттың үйлесімі мен жаратылыстың құдыреті екендігіне күмән жоқ.
Бұл адыраспанның емдік қасиеті болса, қазақ даласында сонау замандардан бері өсетін бұл шөптің мифологиялық жағынан да түсінігі кең. Қайбір үйге бара қалсаңыз, есік жақтауына ілінген кепкен адыраспанды көрген боларсыз?! Бұндай көрініс кей үйлерде әлі күнге дейін кездеседі. Бұл адыраспанның қасиетті шөп екендігінен туындаған наным-сенім. Яғни босағада адыраспан ілініп тұрса, ол үйге түрлі бәле-жәле мен ауру таратқыш вирустар кіре алмайды деген түсініктен қалыптасқан. Жаңа үйге кірерде босағаға жын-шайтан жоламасын деп адыраспан іліп немесе адыраспанды түтетіп, аластап жіберетін болған. Ол ол ма, бұрындары ауыл әйелдері текемет басқанда киіздің қасына адыраспан қойған екен. Оның мәні – текеметке көз тисе, салынған өрнек қисық не қиғаш түсіп, өңі бұзылады дегенге саяды.
Қанша жерден пайдалы әрі емдік шөп десек те, адыраспан улы өсімдіктер қатарына жатады. Оны тек кептіріп, қайнатып қолданбаса, өсіп тұрған адыраспанды жеген мал-жануар тынысы тарылып, уланып қалатын көрінеді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ