Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адыраспан жайлы не білеміз?

Адыраспан жайлы не білеміз?

Ауылымыз шөлейтті жерде орналасқасын ба, біздің жақта адыраспан көп өсетін. Баламыз ғой, түйнегін жіпке тізіп, моншақ жасайтынбыз. Бұл қылығымызды үлкендер көрсе ұрсатын. «Адыраспанды бейберекет жұлуға болмайды» деп тыйым салатын. Жұлғызбағаны былай тұрсын, өсіп тұрған адыраспанның үстінен бастырмайтын.

Бала кезде шыбын-шіркейден қорғану үшін де бықсытып адыраспаннан түтіндік салатынбыз. Ондай кезде әжем үнемі адыраспанды маған жұлдыратын. Оның себебін адыраспанды бойы таза, ер адам жұлуы керек деп түсіндіретін. Оны жұлар алдында жақсылап дәрет алып, сосын «Ассалаумағалейкүм, адыраспан, Бізді сізге жіберді Омар, Оспан» деп келетін тіркесті айтқызатын. Мұның сырын сұрағанда үлкендер адыраспанға Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар дем салған, Хазіреті Оспанды бір апаттан сақтаған деп түсіндіретін. Қандай, қалай? Ол жағын ашып айтқан емес.

Адыраспан – улы өсімдік

Біздің қазақ адыраспанды «киелі өсімдік» деп біледі. Адыраспанның киесі, қасиеті – шипалығында. Адыраспан – улы өсімдік. Адыраспанның сабағы, жапырағы, тіпті оның түтінінде де шипа да бар. Этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай: «Өсімдіктер көне заманнан бері адам баласына қызмет етіп келеді. Оны әртүрлі мақсатта, ең алдымен бояу жасауға, тері илеуге, сабын қайнатуға және емдеуге пайдаланады. Мәселен, адыраспанның өзіндік иісі бар және мал жеуге жарай бермегенімен кәсіптік маңызы бар. Адыраспаннан көптеген жұқпалы аурулардың кейбіріне қарсы препараттар алынса, ревматизм, тері және қышыма ауруларын емдеуге халық ертеден пайдаланып келеді» деп жазған болатын.

Адыраспанды қайнатып, сол сумен аяқ-қолы сырқыраған адамдар денесін буласа, сап тыйылады екен. Бұрындары суық тигенде, денеге бөрткен шыққанда, ұмытшақтық меңдегенде, тіс қақсағанда осы адыраспанның суымен, буымен емдеген. Қазіргі уақытта да адыраспаннан жасалған дәрілерді фармакологияда қолданып жүр. Мұндай дәрілер қабынуды жазу, зәр айдауды жақсарту, ішек құрттарын өлтіру, қызыл иектің қанауын тежеу, іш ауруын жазуға көмектеседі. Адам ғана емес, адыраспан жан-жануарларға да ем екен. Малдың қотырын бұрын адыраспан қайнатпасымен жуып, жазатын. Дала жануарлары да дерт меңдегенде адыраспанға аунап жазылатынын үлкендер айтып отыратын.

Шариғат не дейді?

Адыраспанды көпшілік аластау мақсатында қолданады. Бұрынғылар сәбидің бесігін, сырқат адамды, тіл-көз тигендерді, жаңа немесе ескі үйді адыраспанмен аластайтын. Адыраспанмен аластау қайдан шықты? Бұл рәсімді көптеген ғалымдар Исламға дейінгі дәстүрлермен түсіндіреді. Әсіресе көне түркі халықтары аластау арқылы тазалауға мән берген.

Бұл жайлы Гази Университетінің профессоры (Түркия) Ибрахим Дилек: «Көне түрік тайпалары мен Сібір халықтары және барлық түрік тектес халықтар оттың тазалаушылық және аластаушылық қасиетіне сенеді. Тазалануы қажет заттың, малдың, тіпті адамның жағылған екі оттың арасынан өткізілгендігі және аластау арқылы тазаланғаны белгілі. Бұл рәсімдер көне түрік халықтарының сенімімен байланысты болса да, Ислам дінін және оның әртүрлі мәзхабтарын қабылдаған түрік халықтарында әлі күнге дейін жалғасуда» деп түсіндіреді.

Рас, адыраспанмен аластау ел арасында әлі күнге дейін жалғасып келеді. Адыраспанның түтіні – улы. Сондықтан оны микробтар мен вирустарға қарсы дизенфекция ретінде қолданады. Адыраспанмен аластауға қатысты шариғат не дейді? ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл адыраспанды дизенфекция ретінде қолдану шариғатымызға еш қайшы келмейді дейді.

«Асыл дініміз адам баласына пайдалы келтіретін нәрселерге жүгінуге рұқсат етеді әрі қолдайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Алла Тағала бірде-бір ауруды шипасыз бермеген, өлімнен басқасының емін тек зерттеуші біледі, оны надан адам білмейді» дейді (Ибн Мәжа). Осы хадистегі «емін тек зерттеуші біледі» дегендердің қатарына, аталған шөпті тәжірибеден өткізіп, көнеден бері қолданып келген ата-бабаларымыз да кіретіні сөзсіз. Алайда адыраспанды ерекше бір тылсым күшке ие екеніне сенуге қатаң түрде тыйым салынады. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұған қатысты: «Алла Тағала бірде-бір ауруды шипасыз бермейді», «Әр сырқаттың емі бар және де егер дәрі сырқаттың шипасын берсе, ол Алланың қалауымен болғаны» (Муслим) деген хадистері бар. Сондықтан да, өзін мұсылман санайтын кісі, шипа тек бір Алладан келетінін естен шығармауы тиіс» дейді Хасан Аманқұл.

Не үшін киелі?

Адыраспанды біздің қазақ «киелі өсімдік» деп түсінетінін жоғарыда атап өттік. Ол не үшін киелі? Жалпы қазақ дүниетанымындағы «кие» ұғымы нені білдіреді? Бұған жауапты Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы шығарған (А.Әбдірәсілқызы, М.Исахан, М.Муслимов т.б авторлар құрастырған) «Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша 20 сұрақ-жауап» кітабынан табуға болады.

«Қазақ халқы кейбір өсімдіктерді де киелі деп біледі. Соның бірі – адыраспан. Халық оның емдік қасиетімен қоса киелілігін мойындап, түтінімен аластап, үйге іліп қояды. Адыраспанды киелі деп санағандықтан, жинайтын кісі дәретпен, таза күйде құдайға құлшылық жасап, «Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим! Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан, Атыңды қойған екен Омар, Оспан. Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!» деп айтып барып, адыраспанның сабағына қол тигізген» деп жазады. Осы тақырыптың соңына қарай кітап авторлары «Қазақ халқы өз тарихында қаншама қиын тағдырды бастан кешкеніне қарамастан «кие» туралы түсінікті ұрпақтан-ұрпаққа жоғалтпастан жеткізіп келеді. Бұл – қазақ дүниетанымын ерекшелейтін ұғым. Халық «кие» ұғымы арқылы болашақ ұрпаққа қасиетті жерлерді, тіршілік иелерін құрметтеуді үйретеді. Сол арқылы киелі заттарды қорлауды тыйып отырады. Сондықтан бүгінгі буынның міндеті осындай түсініктерді келер ұрпаққа өзгеріссіз жеткізу болмақ» деген түйін жасаған.

Рас, кие деген – ең алдымен құрмет. Бабаларымыз «киелі» деп атау беру арқылы жан-жануарларды, өсімдік әлемін сақтауды бізге аманаттап кеткен болатын.

30 наурыз 2020 ж. 734 0